Ауыл шаруашылығына мемлекет тарапынан қолдау артып келеді

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасарыСерік Жұманғарин егін жинау науқаны қарсаңында Ақмола облысының егіс алқаптарындағы жағдаймен танысты. Ол Целиноград және Шортанды аудандарында болып, егіншілік саласымен қатар, мал және құс шаруашылығындағы істің жайына назар аударды, сондай-ақ, А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталығы ғалымдарының жұмысымен танысты. Вице-премьердің өңірге сапарында облыс әкімінің орынбасары Мұрат Балпан бірге болды.

Ақмола облысы Қазақстанның астық өндіретін ең іріөңірлерінің бірі. Биыл егістік алқабы 4,7 миллион гектарды құрайды. Өсімдік дақылдарына бай аймақ толық циклді құс және мал шаруашылығын белсенді дамытуда.Бұл ішкі нарықты ғана дамытып қоймай, сонымен қатар, шетелге жоғары сапалы өнімдерді экспорттауға мүмкіндік береді.

Вице-премьер барған алғашқы нысандардың бірі Целиноград ауданының Мәншүк ауылындағы «Ер дала» тауарлы-сүт фермасы болды. 1498 басқа арналған ферма биыл маусым айында жеңілдетілген несиелеу түріндегі мемлекеттік қолдаудың арқасында іске қосылды. Шаруашылық жылдық 2,5 пайызбен бөлінген 1,8 миллиард теңгеге асыл тұқымды мал мен жабдық сатып алған. Ферманың қуаты жылына 12 мың тонна сүт өндіруге жетеді.

Сапар барысында Серік Жұманғарин ақмолалық фермерлермен кездесіп, оларға мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтып берді. Атап айтқанда, кептіру агрегаттарын сатып алуға субсидиялар, астық экспорты үшін жаңа бағыттарды әзірлеу, әлеуметтік нан өндірісін арзандату үшін қазақстандық және ресейлік бидай бағасын теңестіру, сондай-ақ, егін жинау науқаны кезеңінде астықтың темір жол жеткізілімдерін реттеу талқыланды.

«Родина» агрофирмасының» басшысы Иван Сауэр атап өткеніндей, «биыл астықтың сапасы жақсы болады деп күтілуде, нанның құны жақсы, енді ауарайының астықты тазалауға қолайлы болуы маңызды».  Күтілетін жоғары өнім аясында фермерлерді форвардтық сатып алу бойынша «Азық-түлік корпорациясы» АҚ-ның астық бағасы қызықтырады. Бұған жауап ретінде Серік Жұманғарин Азық-түлік корпорациясының басшысы Асылхан Джувашевке бұл мәселені жедел шешуді тапсырды.

Фермерлер сонымен қатар, егінді қысқа мерзімде сақтау үшін қажетті астық ангарларын салу және жөндеу үшін несие алу мүмкіндігі туралы сұраққа жүгінді. Несиелеудің мұндай тетіктері бар және қаржы институттары көмек көрсете алады.

Сапар барысында Вице-премьер сондай-ақ, тиімді жолға қойылған суару жүйесінің арқасында 10 жылдан астам картоп, сәбіз және жемшөп дақылдарын өсіріп келе жатқан «Green Star» ЖШС-інің қызметімен танысты. Кәсіпорында 1080 гектар суармалы жер, 15 суару қондырғысы және 5 мың тоннаға арналған көкөніс қоймасы бар.

Серік Жұманғарин Еңбек ауылында органикалық әдіспен өсірілген дақылдарды аралап, еуропалық стандарттар бойынша сертификатталған және ішкі нарыққа жеткізумен қатар, Бельгияға, Данияға және Италияға өнімдер экспорттайтын «Еңбек» ЖШС-інің жаңа тауарлы-сүт фермасының құрылысымен танысты. Органикалық сүт өндіруге бағытталған, 900 сиырға арналған ферма жоғары деңгейлі автоматтандырумен және процестерді роботтандырумен ерекшеленді. Құны 8,3 миллиард теңге болатын жобаның5,2 миллиард теңгесін меншікті қаражатымен шаруашылық өзі қаржыландырды, ал, 3,1 миллиард теңге мемлекеттен жеңілдікті несие түрінде алынды. Ферманы биыл іске қосу жоспарлануда.

Бұдан әрі Серік Жұманғарин  «Курочка ряба» брендімен өнім шығаратын «CAPITAL projects LTD» ЖШС-нің қуаттылығы жылына 20 мың тонна тауық етін өндіре алатын фабрикасы орналасқан Ақмол ауылында болды. Мемлекеттік қолдаудың көмегімен жақын арада мұнда өндіріс қуатын 30 мың тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр.

Кәсіпорын тауық еті мен жұмыртқа өндірісінің толық циклін құрған «Шаңырақ» компаниялар тобына кіреді. Сонымен қатар, жем өндіру және экспорттау үшін ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіреді. Кәсіпорын ең аз қалдықпен жұмыс істейді, тіпті, тауық көңі де дақыл өсіруде пайдалану үшін органикалық тыңайтқыштарға өңделеді.

Қазіргі уақытта майлы дақылдарды қайта өңдеу желісі салынып жатыр, бұл өз жемшөп өндірісін 25 пайызға арзандатуға мүмкіндік береді. Бұл тауық жұмыртқасы мен құс етінің бағасына оң әсер етеді, өйткені, жем осы өнімдердің өзіндік құнының негізгі және ең қымбат құрамдас бөлігі болып саналады.

Кәсіпорын тәулігіне 1 миллион жұмыртқа өндіретін пастерленген сұйық және құрғақ жұмыртқа өнімдерін шығарумен айналысады. Бұл тауық жұмыртқасын терең өңдейтін еліміздегі алғашқы зауыт болмақ. Кәсіпорын қазірдің өзінде технологиясы Қазақстанда белгіленетін, жұмыртқа өнімдерін өндіру бойынша әлемдік көшбасшы Тhornico (Sanovo) компаниясымен эксклюзивті келісімге қол қойды. Бұл жобаны келесі жылы жеңілдетілген несиелеу түрінде мемлекеттің қолдауымен жүзеге асыру жоспарлануда.  Вице-премьер аталған жобаны қолдап, еліміздегі АӨК саласында терең қайта өңдеуді дамыту қажеттігін атап өтті.

Кәсіпорында ылғалды астықты сақтаудың жаңа әрі қолжетімді әдістері қолданылады. Мұнда  8 жылдан бері ылғалдығы 18-20 пайыз болатын астықты сақтауға арналған пластик қапшықтар қолданылады. Бұл пішінде оны алты ай бойы қауіпсіз сақтауға, көктемде ашып, кептіріп, әрі қарай сақтауға болады. Кәсіпорын басшысы Максим Божконың айтуынша, оттегінің болмауына байланысты астық жыл бойына өте жақсы сақталады.

Ақмола облысына жұмыс сапарында Вице-премьер А.И.Бараев атындағы Астық шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталығына да барды.

Климаттың өзгеруі – ғылыми өндірістік орталықтың (ҒӨО) қызметтік бағытын анықтайтын негізгі зерттеу жұмысының бірі. Орталық ғалымдары шығарған «Таймас» жұмсақ жаздық бидайдың жаңа сортының сапасы шетелдік және отандық селлекциялық сорттардан әлдеқайда жақсырақ, шаруалар арасында үлкен сұранысқа ие. Былтыр аталған сорт Қарағанды облысының фермерлеріне бір гектардан 30 центнер өнім алуға мүмкіндік берді.

Орталық қызметкерлерінің жоғары ғылыми мүмкіндіктері мен жетістіктері халықаралық деңгейде танымал. ҒӨО 2027 жылы ауыл шаруашылығы бағыты бойынша табиғатты қорғауда 10-ыншы Дүниежүзілік Конгресін өткізу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, орталық көпжылдық шөптің түрлері мен сорттарының алуан түрлілігі бойынша елімізде көш бастап тұр. Бұршақты шөптердің және бір жылдық жемшөп дақылдарының 10 түрінің 29-дан астам сорты шығарылды. Жиналған тәжірибе мен орталықтың ғылыми базасын ескере отырып, Серік Жұманғарин орталыққа жайылымдардың деградациясын төмендету бойынша ұсыныстар жасауды тапсырды.

– Былтыр жергілікті тұрғындарға қоғамдық жайылымдарға қол жеткізуге мүмкіндік беретін «Жайылым туралы» Заң қабылданды. Бірақ, мәселенің екінші жағы – олардың деградациясы. Алдағы бірнеше жылда біздің алдымызда барлық жайылымдық жерлерді қайта себу міндеті тұр. Мәселені тиімді шешу және қажетті көлемді жемшөп дақылдарының тұқымын өндіруді барлық қажеттіліктермен қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар берулеріңізді сұраймын, –  деді Вице-премьер институт қызметкерлеріне.

Жайылымдық жерлердің деградациясы мәселесін шешу үшін көпжылдық және бұршақ тұқымдас шөптер, сонымен қатар, бір жылдық жемшөп дақылдарының тұқымын арттыру ұсынылды. Сондай-ақ, мал азығы дақылдарының отандық сорттарын көбейтумен айналысатын элиталық тұқым өндірісін және шаруа қожалықтарын кеңейту жоспарланған.

Бұдан бөлек, Серік Жұманғарин орталық базасында көміртекті егіншілікті зерттеуді ұсынды. Ол нарықтағы құны бидайдан әлдеқайда жоғары жемшөптің жоғары экспорттық әлеуетін атап өтті. Вице-премьер Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру саясатын ескере отырып, құрғақшылыққа төзімді, майлы, мал азығы дақылдарын көбейту ауыл шаруашылығы ғылымын дамытудың бағдарына айналуға тиіс екенін айтты.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар