Білім күні қарсаңында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев елордалық аймақтың жаңа мектептерінде болды.
Халық саны қарқынды өсіп келе жатқан Қосшы қаласында оқушылар саны 11 мыңнан асты. 2024-2025 жылғы жаңа оқу жылында мұнда 1200 орындық №4 жалпы білім беретін мектеп ашылды.
Үш қабатты заманауи ғимаратта білім алу үшін барлық жағдай жасалған. Қазақ тілінде білім беретін мектепте 48 пәндік кабинет, кітапхана, металл және ағаш өңдеу шеберханалары, тігін шеберханасы, ас үй жабдықталған. Сондай-ақ, екі спорт залы, салтанат залы, кең асхана және медициналық кабинет бар. Жаңа оқу жылында 500-ден астам оқушы осы мектептің табалдырығын аттады, оларды 35 педагог оқытатын болады.
Жоба облыстық бюджет есебінен «ФБК ДЕЛО» ЖШС мердігерлік ұйымымен іске асырылды.
Марат Ахметжанов пен Ғани Бейсембаев мұғалімдер ұжымымен кездесті, жаңа оқу жылымен құттықтап, табыс тіледі.
Сондай-ақ, өңір басшысы мен Оқу-ағарту министрі Целиноград ауданына қарасты Қараөткел ауылындағы мектепке де барды.
Айта кетейік, жаңа оқу жылында өңірде 3 мектеп ашылады, оның 2-еуі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша салынды. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың соңына дейін 11 білім беру мекемесін ашу жоспарлануда, оның 7-еуі «Жайлы мектеп» жобасы бойынша салынуда.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.