«Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 1 қыркүйек – Білім күні Талапкер ауылында мектеп-гимназиясы мен IT-лицейі оқушылар мен ұстаздарға есіктерін айқара ашты.
Жаңа оқу жылында 100-ден астам педагог 1800-ге жуық оқушыға сапалы білім беретін білім ошақтары 3 қабатты. Кабинеттердің барлығы заманауи жабдықтармен жабдықталған. Мұнда оқушылардың сапалы білім, саналы тәрбие алуларына барлық жағдай жасалған.
Интерактивті тақталары бар пәндік кабинеттерден бөлек, шеберханалар мен зертханалар да бар. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау камералары мен дабыл түймелері орнатылған.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов мектеп-гимназиясының оқушыларын Білім күнімен құттықтады.
– Елордаға іргелес жатқан Целиноград ауданында халықтың көші-қонына және демографиялық өсуге байланысты ұзақ уақыт бойы оқушы орындарының тапшылығы байқалды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен өмірге келген «Жайлы мектеп» жобасы мектептердегі орын тапшылығы мәселесін шешеді, оқушылар мен педагогтар үшін қолайлы жағдай жасайды және қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасындағы алшақтықты азайтады. Өскелең ұрпақтың үйлесімді және бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз. Сіздерге білім жолында сәттілік пен жарқын жеңістер тілеймін! – деді облыс әкімі.
Мектептердің салтанатты ашылу шарасына Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен Парламент Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов те қатысып, жиналған жұртшылықты мерекесімен құттықтады.
– Қазір білім беру саласына ерекше көңіл бөлінуде. Біздің ауылда жаңа мектептер салынып жатқанына қуаныштымыз. Оқу бір ауысымда болады, ал, түскі астан кейін балалар үйірмелер мен спорт секцияларына қатыса алады. Бұл өте жақсы, – деді мектеп-гимназиясы ата-аналар комитетінің төрағасы Құттыбай Байғабылов өз сөзінде.
Жалпы, Ақмола өңірінде 528 мектеп өз жұмысын бастады. Онда 150 мыңнан астам оқушы білім алады. Оның 13 мыңға жуығы бірінші сынып оқушылары.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Целиноград ауданы.