Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Көкшетау қаласының Сарыарқа шағын ауданындағы жаңадан салынған «Аяла» арнайы мемлекеттік балабақшасында болып, мекеменің алдағы жұмысымен танысты, сондай-ақ, қайта ашылған «Ертөстік» балабақшасын барып көрді.
Тірек-қимыл аппараты бұзылған және психикалық дамуы тежелген балаларға арналған бірегей балабақша ашылуға дайын. 166 орындық екі қабатты мектепке дейінгі білім беру мекемесінде балалар үш жастан бастап мемлекеттік және орыс тілдерінде тегін білім алып, тәрбиеленетін болады. Сабақтар 10-12 адамнан тұратын 12 топта өткізіледі. Ғимарат бейнекамералармен жабдықталған, ыңғайлы жиһаздар, соның ішінде мүгедектер арбалары, төсек-орын және асхана жабдықтары сатып алынған.
– Мұнда балалардың кешенді емделуіне, өмірге бейімделіп, жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған. Топтық сабақтар өткізіледі. Оқу бағдарламалары балалардың психофизикалық даму ерекшеліктерін ескере отырып жасалған. Балалармен дефектолог, психолог, логопед мамандары жұмыс істейді. Жаттығу терапиясы үшін арнайы кабинеттер ашылады, – деді балабақша директорының міндетін атқарушы Гүлнәр Бекжанова.
Бұл ретте, арбаға таңылған мүмкіндігі шектеулі балалар да балабақшаға бара алады.
–Біз әр бүлдіршінге жан-жақты психологиялық-педагогикалық көмек көрсетуді жоспарлап отырмыз. Ол үшін педагогикалық құрам жасақталды. Балаларды отбасылық тәрбиелеу мәселелері бойынша ата-аналарға кеңес беру және оқытуды жүзеге асыру үшін әлі де болса терапевт пен логопед қажет, – деп толықтырды сөзін Г.Бекжанова. Сондай-ақ, алматылық «Asia Pharm Plus» медициналық компаниясының құрал-жабдықтарды таңдау жөніндегі кеңесшісі Қабілет Жұмағұлов айтқанындай, физиотерапияға көп көңіл бөлінеді.
–Ең бастысы, сертификатталған жабдықты таңдау. Оқытудан өткен соң қызметкерлерге де сертификат береміз, 37 ай бойы балабақшамен бірге боламыз, – деп сендірді маман. Өз кезегінде:
– «Жақсы маман – табыстың тең жартысы», – деді облыс әкімі.–Балабақша мамандандырылған көмекке мұқтаж бүлдіршіндерге тамаша сыйлық деуге болады. Әрбір балаға мүгедектігіне қарамастан, жалпы білім беру ұйымдарында білім алу мүмкіндігі беріледі. Мемлекет инклюзивті білім беруді дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Мұндай деңгейдегі мекемелерге қойылатын басты талаптардың бірі – жоғары технологиялық құрал-жабдықтар халықаралық стандарттарға сай болуы және ғылыми дұрыс көзқарас қалыптасуы қажет. Бүгінгі таңда облыста ресурстық кеңселер желісі кеңейіп жатыр. Біз бұл жұмысты одан әрі де жалғастырамыз.
Сондай-ақ, көктемде облыс орталығындағы «Ертөстік» балабақшасын су тасқыны басқан болатын. Бүгінде мектепке дейінгі мекеме күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңартылған күйінде бүлдіршіндерге есігін айқара ашты. Балабақша жақсы жағына айтарлықтай өзгерген. Бас мердігер «Көкшетау-2015» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі инженерлік коммуникациялар, ішкі әрлеу жұмыстарын жүргізіп, кіреберіс дәліз жөнделген. Балалардың ойын алаңы да абаттандырылды.
БАҚ өкілдеріне сұхбатында облыс әкімі Ақмола облысы республика бойынша су тасқынынан зардап шеккендердің үйлерін жөндеуді және пәтер сатып алуды аяқтаған жалғыз облыс екенін жеткізді. Қазіргі уақытта Атбасар қаласында осы мақсатта 145 пәтер салынуда. Ал, Есіл қаласында 21 пәтер жақын арада пайдалануға беріледі. Оған қоса, Капитоновка ауылында 15, Жарқайың ауданында 30, Журавлевка ауылында 42, Иванковкада 44 үйдің құрылысы жүргізілуде. Қылшақты, Жабай өзендерінің түбі тазартылып, Қоянды, Талапкер ауылдарында айналма каналдар салынуда. Ана бір кездеБұланды ауданының кейбір тұрғындары кірпіш үйлерінтастағысы келмеді. Алайда, қайталап жүргізілген техникалық байқаудан, облыс басшылығымен болған кездесулерден кейін ауыл тұрғындары су басу қаупі жоқжерлерге көшпей болмайтынын түсінді.
–Мердігерлер барлық жұмыстарды тиімді орындайды, ал, тапсырыс берушілер осы істі дұрыс бақылайды деген сенімдемін. Атбасар мен Көкшетауда құрылыс жұмыстарын сапасызжүргізген бірнеше мердігер жауапқа тартылды. Болашақта осы салада жұмыс істеуді жоспарлағандардың барлығына бұл қадамға ізгі ниетпен келуге кеңес беремін. Өз жұмыстарыңызды адал атқарыңыздар, халықтың игілігі үшін жұмыс жасаңыздар. Алда білім беру, денсаулық сақтау салалары, спорт нысандары, бәрі қатаң бақылауда болады, – деп түйіндеді сөзін Марат Ахметжанов.
Вероника Бурда.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ.