Брайль қарпімен шыққан нұсқа таныстырылды

Қазақстан Республикасы Конституциясы күні қарсаңында Көкшетау қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің ұйымдастыруымен Астана қаласынан ҚР Конституциялық сотының  судьясы Айжан Жатқанбаеваның қатысуымен Брайль қарпімен алғаш рет жарияланған Қазақстан Республикасы Конституциясының қазақ  және орыс тілдеріндегі таныстырылымы және ҚР Конституциясының аудио кітап  нұсқасының тұсаукесері болды.

Шара ең алдымен, Айжан Ержанқызының көкшетаулық оқырмандармен кездесуімен басталды. Іс-шараға мемлекет жәнеқоғам қайраткері, жазушы-драматург Жабал Ерғалиев, Көкшетау қаласының   мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Күнім Оразбаева, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің профессоры Сәбит Жәмбек, «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігі Ақмола облыстық филиалының төрағасы Батырхан Ахметов, Ақмола облыстық билер алқасының төрағасы Дахан Шөкшір, Көкшетау қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің басшысы, ақын-журналист Серік Жетпісқалиев, БАҚ өкілдері, кітапхана қызметкерлері, оқырмандар қатысты.

Астаналық мейманымыздың Ата Заңымыз, оның құндылығы мен құзырлылығы, конституциялық сот жүйесінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы тартымды баяндамасынан кейін оқырмандар тарапынан көптеген сұрақтар қойылып, жан-жақты жауаптар алынды.

Одан кейін зағиптарға арналған қалалық мамандандырылған кітапханаға барған Айжан Ержанқызы кітапхана оқырмандарына Брайль шрифтімен аталмыш кітапты табыс ету көру қабілеті нашар адамдардың құқықтарын қорғауға және олардың маңызды заңдық ақпаратқа тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталғанын айтып, жаңа кітаппен таныстырды. Көкшетау жоғары техникалық колледжінің 3 курс студенті, кітапхана оқырманы Вероника Давыдовааталмыш кітаптан алғашқылардың  бірі болып, Брайль әріпінде көпшілікке үзінді оқып берді.

Шара соңында жазушы-драматург Жабал Ерғалиев,«Қазақ зағиптар қоғамы» ҚБ Ақмола облыстық филиалының төрағасы Батырхан Ахметов көпшілікті Ата Заңымыздың мәртебелі мерекесімен құттықтап, Көкше өңіріне игі мақсатпен арнайы келген Айжан Ержанқызына оқырмандар атынан алғыстарын білдірді.

                               Айнұр ӨТЕБАЕВА,
Көкшетау қалалық ақпараттық кітапхана жүйесі
 әдістемелік-библиографиялық бөлімінің меңгерушісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар