Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен еліміздің экологиялық мәдениетін арттыру мақсатында жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы облысымызда одан әрі жалғасын табуда.
Мәселен, жуырда облыс орталығында жалпы республикалық жобаны қолдау мақсатында тағы бір экологиялық акция өтті. Іс-шараға Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Даниярбек Нұрсейітов, Көкшетау қалалық мәслихатының төрағасы Дастан Әкімов, Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сабырхан Кенжебаев, «Республика» партиясының өңірлік филиалының төрағасы Алмат Нұрмағанбетов және жастар ұйымдарының басшылары, азаматтық сектор өкілдері, Көкшетау қалалық мәслихатының депутаттары, белсенді жастар, еріктілер және «Жасыл Ел» жауынгерлерінен тұратын барлығы 500-ге жуық адам қатысты. Сондай-ақ, жиынның алғы сөзін алған Даниярбек Нұрсейітов акцияға қатысушыларға алғысын білдіріп, шараның маңыздылығын атап өтті.
– Біздің Президентіміз Қазақстан халқына арнаған өзінің бұған дейінгі Жолдауларында «Таза Қазақстан» бағдарламасын қалыптастырған еді. Міне, соған біз де ат салысып, экологиялық шараларға тиісті үлес қосып жатырмыз, – деді ол.
Әрі қарай өз кезегінде Дастан Әкімов те:
– Бұл республикалық акция еліміздің барлық аймағында жалғасын тауып, жалпы халықтық экочелленджге айналды. Басты мақсаты халық арасында экологиялық мәдениетті арттыру, қоғамдық орындарда азаматтарды мүлікке ұқыпты қарауға шақыру болып табылады. Еліміздің Президенті «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тұжырымдамасында негізгі идеологиялар мен базалық бағдарламаларды белгілеп берген болатын. Тәуелсіздік пен патриотизм, бірлік пен ынтымақтастық, әділдік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіпкерлік, жасампаздық пен жаңашылдық, осының бәрі азаматтық жауапкершілікті нығайту және қоғамды дамытуға бағытталған ұлттық сипаттағы құндылықтар, – деп атап көрсетті.
Сонымен бірге, Бұқпа тауындағы акцияға қатысушылар қаланың шолу алаңын тазартып, Ту Тұғырды абаттандырып, тау бөктерін қоқыстан тазартты.
Жалпы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталған сәттен бастап, Ақмола облысы бойынша осы игі іспен 550-ден астам елді мекен қамтылып, 80 мың тонна қоқыс шығарылды. Тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыру бойынша жұмыстар жүргізіліп, 200-ге жуық көшет отырғызылып, ағаш түптерін әктеу, су айдындарын, өзендер мен көлдердің айналасын қоқыстан тазарту жұмыстары жүргізілді. 400-дей балалар алаңы абаттандырылып, тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттардың қасбеттері жөнделді. Бұл ретте, аймағымызда барлығы 500 мыңға жуық адамның қатысуымен 3500-ге жуық бір реттік экологиялық іс-шаралар өткізілгенін айта кеткен абзал.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.