Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Бурабай ауданына жұмыс сапары барысында жаңадан салынып жатқан және қайта жаңартылған бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап көріп, әлі де назар аударатын мәселелерді пысықтады.
Бурабай ауылында заманауи 35/10 кВ ашық аспан астындағы трансформаторлық қосалқы станса қайта жаңартылып, жақында инфрақұрылым нысанының техникалық іске қосылуы өтті. Қосалқы станса үш елді мекенді – Бурабай ауылын, Оқжетпес және Молбаза ауылдарын электр қуатымен қамтамасыз етеді. Бұл аймақта электр қуатын басқа да қосымша тұтынушыларға қосуға болады.
– Қуаттылығы 6,3 МВА болатын 1967 жылы салынған ескі қосалқы стансада жазда электр энергиясы тапшы болды. Ал, жаңасы қуаттылығын 30 пайызға арттырады. Сондықтан, біз 5 жыл бойы электр қуатын беріп, болашақ тұтынушылар үшін резервтік норматив жасаймыз, –деп түсіндірді бұл жаңашылдықты «Көкшетау-Энерго» ЖШС бас директоры Досымхан Аралбаев.
Одан әрі аудан орталығыЩучинск қаласы мен Қатаркөл, Жүкей, Сарыбұлақ ауылдарының энергетика саласының дамуы туралы да баяндалды.
– Осындай инфрақұрылымды енгізу арқылы елді мекендердің өсіп-өркендеуіне мүмкіндік туады. Үздіксіз және сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету халықтың тұрмыс жағдайына да оң әсер ететіні сөзсіз, – деді бұл ретте, аймақ басшысы.
Сондай-ақ, кәсіпорын қызметкерлеріне өңіріміздегі оқу орындарына жұмысқа орналасу мүмкіндігі бар жұмысшы мамандықтарын игеруге гранттар берілетіні айтылды.
Бурабай ауылында 52 пәтерлік «Табиғат» тұрғын үй кешені салынуда. Жобаның құны 800 миллион теңге. Қазірдің өзінде бұл пәтерлерге сұраныс жоғары.
Жылу, су және кәріз жүйесі тартылған. Жол жиегін бедертаспен жақсартамыз, – дейді бас мердігер, – «TASU COMPANY» ЖШС директоры Хасан Мұсахаджиев.
– Біз қаладағыдай барлығын асфальтқа айналдырғанды қаламаймыз. Тұрғындар үшін табиғи ландшафтты сақтаймыз. Орман жотасы, екі альпі сырғанағы бар, біз соны да жақсартқымыз келеді. Адамдар курортты аймақтың артықшылығын сезінулері керек, – деп бұған өз пікірін қосты құрылыс компаниясының бас инженері Наталья Григорович.
– Өте жақсы, ақмолалықтар осындай жайлы жағдайда тұруы керек, – деді бұл орайда, Марат Ахметжанов.
Одан әрі облыс әкімі Оқжетпес ауылындағы«Burabay Grand Village» коттедждік қалашығы құрылысының барысымен танысты.Бұрын бұл аумақта кеңшар тұсында жылыжайлар орналасқан болатын. Екі жылдық заманауи жобаның құны 12 миллиард теңге. 60 гектар жерде 350 жеке тұрғын үй, супермаркет, ашық аквапаркі бар мәдени-ойын-сауық орталығы, спа-орталығы, мейрамхана, дәмхана, серуендеуге арналған төрт саябақ, спорт және балалар ойын алаңдары салынады. Қазірдің өзінде бір орталықтан жылумен, сумен қамтылған 40-қа жуық үй салынды.
Бүгінгі таңда Зеленый Бор ауылындағы облыстық олимпиадалық резервті дайындау орталығының екі қабатты спорт кешенінде де күрделі жөндеу жұмыстары мәреге жеткен.
– Күн сайын 170 жас боксшылар мен балуандар, жүзушілер, футболшылар мен волейболшылар, сондай-ақ, үстел теннисшілері спорт залдары мен жүзу бассейнінде шеберліктерін шыңдайды. Кешкі уақытта спорт залы мен бассейнге ауыл тұрғындары да келеді, – дейді спорт нысанының басшысы Наталья Грачева.
– Еліміздің негізгі Заңы – Қазақстан Республикасының Конституциясында сіздердің жақсы білім алуға және спортпен шұғылдануға деген құқықтарыңыз жан-жақты, кеңінен көрініс тапқан. Мемлекет басшысы жастардың рухани жағынан бай, шымыр болып өсулеріне баса назар аударып келеді. Сіздер еліміздің болашағы және басты байлығысыздар. Сондықтан, әрдайым дендеріңіз сау болып, үлкен биіктерден көрінулеріңізге тілектеспін, – деді аймақ басшысы балалармен кездесуі барысында.
Облыс әкімі олимпиадалық резервке үміткерлерге 500 мың теңгенің сертификатын табыс етті. Осы сәтте спортшылар да ризашылықпен қол соқты.
Зеленый Бор кентінің мәдениет ошағы 54 жылдан бері күрделі жөндеуді күтті. Бір жарым мың шаршы метр алаңды құрайтын 320 орындық ғимарат бұл күндері шығармашылық ұжымдарға есігін айқара ашуда. 150 ауыл жастары би, хореография, музыка, вокал, театр, әдебиет және өнер үйірмелеріне барады.
– Біз балалардың дамуы үшін тамаша жағдай жасай алғанымызға қуаныштымыз. Бар күш-қуатын, жігерін, сүйіспеншілігін жас ұрпаққа арнап келе жатқан қызметкерлерге шығармашылық табыс тілеймін, еңбектеріңіздің шынайы рахатына бөленіңіздер, жерлестеріңіз сіздерді орынды түрде мақтан тұтсын, – дей келе, аймақ басшысы мәдениет үйінің ұжымына да 500 мың теңгенің сертификатын табыс етті.
Вероника БУРДА,
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.
Бурабай ауданы.