Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көңбай атаның өмірлік ұстанымы немесе ұрпақ мұраты - АРҚА АЖАРЫ

Көңбай атаның өмірлік ұстанымы немесе ұрпақ мұраты

Ұлт болашағының ең басты бір іргетасы – отбасы. Ол – кез-келген мемлекеттің, халықтың бүгіні мен келешегінің бүтіндігінің кепілі. Сондықтан да болар, атам қазақ ежелден отбасы құндылықтарына, бала тәрбиесіне айрықша ден қойған. «Отан – отбасынан басталады» деп, ұрпағының құлағына сіңірген. Әркімнің отбасының, туған үйінің жылуы көкірегінде көп жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде жүретіні де содан.    

Отбасында мейірім мен махаббатқа, сүйіспеншілік пен сыйластыққа, білім мен ұлттық тәрбиеге қанып өскен ұрпақтың жүзі жылы, көзі нұрлы болып келеді. Мұндай жандар әркімге жанашыр, ісі берекелі, қарапайым. Біз білетін Көңбай ақсақалдың ұрпақтары да сондай тектілікті бойларына сіңіргенін бір көрген адам бірден байқайды.

Әулеттің мәуелі бәйтерегі – Көңбай Қыдыржанұлы 1930 жылы Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында дүниеге келіпті. Өзі де бір әулеттің тұңғышы. Артынан ерген алты қарындасы мен үш бауырының қамқоршысы бола білген. Жастайынан оқуға зерек болып, аңшылыққа шығып, саят құрып, сал-серілік өмірді басынан өткерген жанекен. 1952 жылы Кәмен Тәтейқызына үйленіп, мәнді де сәнді, сыйластықта ғұмыр кешіп, 10 баланы дүниеге әкеліп, оларды өсіріп-өндіріп, ұлдарын ұяға қондырып, қыздарын қияға ұшырып, тағы да он әулетпен туыстықтарын, құдандалы-жекжаттығын нығайтқан.Балаларының барлығына дерлік жоғары білім алуларына жағдай жасаған. Ерлі-зайыпты екеуі 60 жылдан астам уақыт бірге отасып, Гауһар тойларын да дүркіретіп атап өткен.

Жан-жаққа тарыдай шашылған қандастарымыздың елге оралып жатқан уақытында бұл кісілер де ұрпағымен бірге Қазақстанға ат басын бұрып, ата мекенімен сағына қауышып, Өзен деген ауылға тұрақтаған. Бүгінде ұрпақтары еліміздің дамуы мен өркендеуі жолында еселі еңбек етіп, ел игілігіне лайықты үлестерін қосуда.

– Әкем дүниенің тар кезінде қолөнермен айналысып, қазіргідей түйме, инежоқ кезде, соларды өз қолымен жасады. Бауырлары мен балаларына киімнің түр-түрін тігетін. Ең қызығы – ол тіккен аяқ киімді, яғни,етіктерді маңайдағы адамдар, көршілер, ауылдастар таласып жүріп, алып кететін, – дей келе, қызы Айнагүл әкесінің басты ерекшелігі – киіз үй жасаудың шебері болғандығын да мақтанышпен баяндады. Айнагүлдің өзінің өсіп-өнген отбасы туралы айтып жатқандағы түр-тұрпатынан, дауыс ырғағынан оның ата-анасына деген ыстық ықыласы мен сыйластығы, жақындарына деген сүйіспеншілігі, бауырларына деген жанашырлығы ерекше сезіліп тұрды. Бұл сыйластық, бауырға деген махаббат бүгінгі қоғамда кім-кімге болса да үлгі-өнеге.

Әулеттің панасы да, данасы да бір өзі болып отырған Көңбай ақсақал киіз үй жасаудың шебері екен. Бұл жөнінде үлкен баласы Тасатхан:

–Үйдің ағашын дайындау процесі өте ерекше болатын. Күз мезгілінде орманға барып, айлап жатып, киіз үйдің ағаштарын дайындайтынбыз. Сөйтіп жүріп, әкемөз бауырларына, қарындастарына, балаларына тегіс бір-бір киіз үйден жасап берді. Киіз үйдің ағаштарын бояу үшін табиғи жосаны пайдаланатын. Ол бояуды таудан әкеліп, арнайы жасайтын. Ал, әкемнің аңшылығы мен саятшылығы туралы ұзақ айтуға болады. Өз заманының атақты мергені еді. Одан аңшылықтың қыр-сырын үйрену үшін ел жастары арнайы келетін, – деп айтып берді. Киіз үй жасауды ақсақал өмірдің қажеттілігінен үйренген екен. Ол кезеңнің ең негізгі табыс көзі осы киіз үй жасап, сату болыпты.

Әулеттің отанасы Кәмен Тәтейқызы да он саусағы майысқан шебер болған көрінеді. Өкінішке орай, ардақты ана 2018 жылы сексеннен асқан шағында келместің кемесіне мініп, мына кең дүниеден бақиға көшкен екен. Бар ғұмырын отбасына арнаған аяулы анабалаларына қажетті киім-кешектенбастап, тіршілікке керекті төсек-орын, тұскиіз, сырмақ, киіз үйдің бар жабдығын өз қолымен жасапты. Ұлттық тағамдарды дайындауда да алдына жан салмайтын, қолынан бал тамған бесаспап кісі болыпты. Қарапайым ғана киініп, сән қумай, алтын әшекейге әуестенбей, үлде мен бүлдеге оранбай-ақ, ғұмырын мәнді ете білген ардақты жанөз өмірінің басты байлығы балалары деп білген екен. Ұлдары үйленіп, алты келін түсіріп, оларға білгенін үйретіп, жол сілтей білген. Осындай өнегелі де өркенді ененің тәрбиесін көрген келіндері осы үрдісті жалғастырып, енді өздері немере келіндеріне үйретуде.

Көңбай ақсақал мен марқұм Кәмен әжей жоғарыда атап өткеніміздей, балаларының барлығына дерлік жоғары білім берген. Тіпті, олардың шетелде білім алуына да жағдай жасап, қолдаған. Сонымен бірге, баланы еңбекке бейімдеу де бұл отбасының басты қағидасы. Содан болар, ұл-қыздарының барлығы бала кезден атқа қонып, жұмысқа икемделіп, аңшылықпен де айналысқан.

–Балаларының мінезді, намысты, жігерлі, қайратты болып өсуін бақылап, мол тәлім мен тәрбие берген атамыз жасы тоқсанға келсе де, ақылшымыз, айбарымыз, данамыз. Барлық жаңа туған немерелері мен шөберелерінің атын әлі күнге дейін өзі қояды. Бұл біздің әулетіміздің бұзылмай келе жатқан берік дәстүрі, – дейді Іңкәр есімді немересі. Осы Іңкәр Төлеубекқызы мәуелі бәйтеректей үлкен әулеттің «Мерейлі отбасы» ұлттық жобасына қатысуына ұйытқы болған нағыз бастамашысы екен. Ол:

– Біз қайда жүрсек те, әулетіміздің атына дақ түсірмей, абыройын төкпей, үлкендеріміздің жүзін төмен қаратпауды ойлап, соған тырысып жүреміз, – дейді ол бізбен әңгімесінде.

– Әкеміз біреуімізге бір қатты ұрысып, не болмаса айқайлап, қолын жұмсап көрген жан емес, үнемі қабағымен тәрбиелейтін. 6-7 жасымнан әкем не істесе, соны қайталап, қасында жүрдім. Әкемізді әлі де тіл-көзден сақтасын, осылай тоқсан беске таяп келе жатқаны үнемі қозғалыста жүруінің, ерінбеген еңбектің арқасы деп білемін. Әрі ол кісінің мына толғауы тоқсан тіршілікте жауапкершілігі де мол болды ғой. Өзінен кейінгі 9 бауыры мен 10 баласын асырап, жеткізу бір өзінің мойнында еді. Осы орайда, «Бар адамға жалтақтап қарайлама, жоқ адамға көмектес» дейтін. Өзі де сондай болды. Үй-күйсіз, қиындыққа тап болған адамдарды көрсе, үйге әкеліп, кір-қоңын жуып, тамақтандырып, жылы орынға жатқызып, таңертең тамағын бірге өңгертіп жіберетін, – дейді тұңғыш ұлы Тасатхан тағы да әке тәрбиесі туралы.

Қарапайым қазақотбасының үлгісін сақтаған әулетте алты ұл мен  төрт қыздан 38 немере 45 шөбере тараған. Ақсақал бүгінде солардың  қызығын көріп отырған бақытты ата. Отбасы құндылықтарын көргісі келген кез келген жан осы отбасынан үлгі, өнеге алуына әбден болады. Бір өкініштісі, ұлдарының біреуі мына өмірден ерте өткен екен.

– Адам баласы өмірде қайырымды, қай ортаға болсын сыйымды, абыройлы болуы керек. Тіршілікте алдымыздан жақсылық та, жамандық та шығады. Оның барлығына төзіммен қарап, дұрыс жол таңдап, тұйықтан да, басқасынан да шыға білген жөн, – дейді көпті көрген ақсақал Көңбай Қыдыржанұлы.

Бүгінде қара шаңырақта кенже ұлы Аманбек пен Лена келіні отыр. Аманбек үйінде кәсіп ашып, соны дөңгелетуде. Ал, келіні ақсақалдың жағдайын жасап, ас-суын, тамағын әзірлеп, уақытылы беріп отыру үшін жұмыстан шығып, үй шаруасымен айналысуда. Үлкен кісіге дұрыс күтім жасап, батасын алуды бәрінен де маңызды деп біледі.

– Ата-енені бағу – баланың тікелей міндеті. Қазақ қауымында ол әсіресе, кенже балаға жүктеледі. Енем өте мейірімді жан болды. Көзі тірісінде әрқашан отбасының татулығын бірінші орынға қоятын. Отбасының, әулеттің жарастығы мен сыйластығы әйел адамның қолында деп жиі айтып отыратын бізге, – дейді кенже келін Лена. «Тату үйдің тамағы тәтті» демей ме, олай болса, отбасының ынтымағын жарастыру абысындарға да байланысты. Қарап отырсақ, бұл шаңырақтың абысын-ажындары да бір-бірімен апа-сіңілілердей араласып, қауымдасып, сыйластықтары менжанашырлықтары жараса түскен.

Жалпы, өнегелі әулетке айналу ұрпақтың санына емес, сол азды-көпті баланы қоғамға, елге пайдалы етіп тәрбиелеуге байланысты. Бұл отбасынан да әр саланың мықты мамандары шыққан. Олардың арасында ғалым да, дәрігер де, мәдениет саласының үздіктері де, мемлекеттік қызметші де, кәсіпкер де, инженер де, қорғаныс саласының мамандары да бар.

–  Әулетіміздің өмірлік ұстанымы – ешкімнің ала жібін аттамау. Әрі ата-анамыз бала кезден біздің санамызға «ұят болады», «обал болады», «жаман болады» деген ұғымдарды ғана сіңіріп өсірді, солай тәрбиеледі. Осы сөздер бізді шалыс басудан, біреуді алалаудан сақтап, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге жетеледі, уәдеге берік, намысты, жігерлі, қайратты болуымызға септігін тигізді. Біз отбасына тән бақытты сезініп өстік. Сол отбасында алған тәлім-тәрбиеміз қазіргі біздің өзіміздің отбасымызды бақытты болуынасептігін тигізіп жатыр деп ойлаймын, –дейді бүгінде Қосшы қаласының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы қызметін атқарып жүрген Айнагүл Көңбайқызы.

Біз бұл әулетті Төлеубек Көңбай есімді дарынды актер баласынан білеміз. Ол Көкшетау қаласындағы Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының негізін қалаушылардың бірі, осы қара шаңырақтың басты бір өнер иесі. Отыз жылға жуық аралықта талай кейіпкерлердің рөлінде ойнап, мәдениет саласына тиесілі бірқатар марапаттар мен атақтардың иегері атанды, кинода да халқымыздың біртуар перзенті Жұмабек Тәшеновтің көркем образын ел көңілінен шығарлықтай етіп сомдай білді.

– Егерде менің әкем туралы біреу пьеса жазса, міндетті түрде сол бейнесін өзім жеткізуге тырысар едім, – дейді өзі.

Тамыры кеңге жайылған әулеттің ақсақалы адам баласы шындықпен жүру керектігін, егер ісіңе бір кішігірім қулық араласса, ол өзіне тарта беретінін әлі күнге жас ұрпағына жырдай етіп айтып, жөн сілтеп отырады. Ұрпағының жастайынан сөзіне берік, тұрақты, адал, әділ болып өсуін қадағалап, көңіліне түйіп жүреді.

«Сіз бен біз» деген жылы сөзден ешкім кішірейіп қалмайды. Ынтымақтың түп-тамыры – текте. Текті әулетте туып, текті ұрпақ қалдыру – басқа қонған бақ десек, сол бақты ұшырып алмай, ұстап қалу бұл күнде Көңбай ата, Кәмен апа әулетінің күнделікті басты бір өмір қағидасы. Мақаламыздыәр қазақтың шаңырағы осы бір абыз ақсақалдай өнегелі ұрпақ өсірсін деген тілекпен аяқтағым келіп отыр. Елімізде мерейі тасыған отбасылар саны көбейіп, әрбір шаңырақ осындай жандардың жан жылуымен биіктей берсін!

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар