Бірлескен күш-жігердің жемісі

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының төрағасы Болат Жәмішев Бұланды ауданына жұмыс сапары барысында Капитоновка ауылында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға 15 жаңа тұрғын үйдің кілтін табыс етті.

– Өңірде мұндай жойқын су тасқыны көп жылдар ішінде бірінші рет болып отыр. Төтенше жағдаймен күресуге құтқару және коммуналдық қызметтер, еріктілер мен жергілікті тұрғындар шықты. Қазіргі уақытта су тасқынының салдары белсенді түрде жойылуда. Осылайша, пәтерлер мен үйлер сатып алу арқылы 11 отбасы қауіпсіз жерге қоныстандырылды, 112 отбасына мүлікті жөндеуге көмек көрсетілді, 115-інің материалдық залалы өтелді. Ал, бүгін Капитоновка ауылының 15 отбасы жаңа баспананың кілтіне ие болады, – деді облыс әкімі Марат Ахметжанов.

Нақтырақ айтсақ, типтік жобадағы тұрғын үйлердің құрылысы қоғамдық қор мен облыс әкімдігі арасында меморандумға қол қойылғаннан кейін басталған. Бес ауылдың әрқайсысында құрылыс жүргізу үшін су баспайтын жерлерден жер телімдері бөлініп, қажетті инженерлік инфрақұрылым жүргізілді. Құрылыс жұмыстарының барысы және сапасын бақылау мен қадағалауды облыс әкімдігі жергілікті қоғам белсенділерімен бірлесіп жүзеге асырды. Үйлер газдалған блоктардан тұрғызылған, оқшауланған қабырғалары кірпішпен қапталған, қосалқы құрылыстар үшін 10 сотық жер телімі бар.

Ольга Тыщенко «Журавлевка-1» ЖШС-де есеп менеджері болып жұмыс істейді. Оның үйі су тасқыны кезінде құлап, комиссия шешімімен қалпына келтіру мүмкін емес деп танылды. Бүгін Тыщенколар отбасы жаңа баспананың кілтін алды.

Динара Төлубаева ата-анасын қолдау үшін мерекеге арнайы келген. Олардың үйі де көктемгі су тасқынынан зардап шекті. Қариялар туған ауылын тастап, қаладағы балаларына көшкісі келмеді. Бүгін зейнеткерлер жаңа жайлы да жарық, кең, жылы үйге қоныстанды.

– Ата-анама қиын кезеңнен өтуге көмектескен  барлық азаматтарға ерекше рахмет. Кәсіпкерлер де, еріктілер де азық-түлік пен бірінші ретте қажетті заттармен көмектесті, бүкіл халық жиналып, қиындықтарды бөлісті. Ал, бүгін қуанышымызды бөлісуге бүкіл ауыл жиналды, – деп тебірене ой бөлісті Динара.

Облыстағы су тасқынының зардаптарын жою аясында «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен Жарқайың  ауданының Пригородное, Бұланды ауданының Иванковка, Капитоновка, Журавлевка және Вознесенка ауылдарына жалпы сомасы 3,4 миллиард теңгеге 144 тұрғын үй салынады деп жоспарланып отыр.

Одан әрі жұмыс сапары барысында өңір басшысы Марат Ахметжанов пен Болат Жәмішев құрылыс алаңында болды. Иванковка ауылында екі пәтерлі он тұрғын үйдің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Кейбір ғимараттарда шатыры орнатылып, ішкі әрлеу жұмыстары басталып кеткен. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Марат Әубәкіров жаңа тұрғын үйлердің әзірлік дәрежесін 80 пайыз деп бағалап отыр. Жақын  уақытта үйлерге су тартылады. Журавлевка ауылында 42 тұрғын үй салынып жатыр.

– Жоспарланған жұмыстардың жартысынан астамы орындалды. Жаңа баспаналарын күткен тұрғындар әлі де өз үйлерінде тұрып жатыр. Олар жаңа пәтерлерге көшкен бойда тозығы жеткен үйлерді бұзамыз. Шаруашылық құрылыстары үшін барлық қолайлы құрылыс материалдары пайдаланылады, – деді ауыл әкімі Татьяна Гильгенберг.

Марат Ахметжанов бұл жағдай алдағы уақытта қайталанбауы үшін су басу қаупі бар аймақтағы жерлерге құрылыс салуға толық тыйым салынатынын, ол жерлер облыс қорына берілетінін атап өтті.

Бұланды ауданының әкімі Ардақ Смайылов су тасқынынан зардап шеккендердің арасында зейнеткерлердің де көп екенін атап өтті. Тұрғындар алғашында уәдеге сенбей, көшуден бас тартса, енді қоныс тойын асыға күтуде.

– Меценаттарымыздың көмегі және облыс әкімдігінің, құрылысшылар мен «Қазақстан халқына» қорының бірлескен жұмысының арқасында Жарқайың және Бұланды аудандарында жаңа баспаналар беріледі. «Қазақстан халқына» қорының қатысуымен еліміздің бес облысында су тасқынынан зардап шеккендерге 627 үй салынатынын атап өткім келеді. Бүгінгі таңда 403 отбасы қоныс тойын тойлап үлгерді. Енді, міне Капитоновка ауылының тұрғындары да жаңа қоныстанушылар қатарында. Бұл үйлер барша қазақстандықтарды біріктірген қолдау мен қамқорлықтың жемісі, – деді «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының төрағасы Болат Жәмішев.

Жақын арада Вознесенка, Иванковка және Журавлевка ауылдарында тағы 100 үйдің құрылысы аяқталады, – деп түйіндеді сөзін облыс әкімі Марат Ахметжанов.

Наталья ЯКОВЛЕВА
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Бұланды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар