Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Паралимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы Давид Дегтяревті құттықтады
«Давид Дегтяревті Паралимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы атануымен шын жүректен құттықтаймын! Ол ерекше ерік-жігер танытып, жеңіс тұғырынан көрінді», – деп жазды Мемлекет басшысы өзінің Х әлеуметтік желідегі парақшасында.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Давид Дегтяревті алтын медалімен құттықтады.
«Сізді жазғы XVII Паралимпиада ойындарында табысты өнер көрсетуіңізбен құттықтаймыз! Сіз парапауэрлифтингтегі ең мықты спортшы екеніңізді тағы бір мәрте растадыңыз. Сіздің арқаңызда еліміздің көк туы әлемнің басты жарысында екінші рет биіктен көрінді! Біз бәріміз Сізбен мақтанамыз! Ақмола облысы тұрғындарының атынан Сізге зор денсаулық, жаңа спорттық жеңістер тілеймін», – деді Марат Ахметжанов.
Қазақстандық пауэрлифтингші Давид Дегтярев Франциядағы Паралимпиада ойындарының алтын медалін жеңіп алды.
XVII Жазғы Паралимпиада ойындарында Давид Дегтярев 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде пара пауэрлифтингтен алдына жан салмады. Финалда отандасымыз 188 келі салмақты еңсеріп, чемпион атанды.
Күміс медальді 185 келіні көтерген Куба өкілі Рамирез Барриентос Пабло жеңіп алды. Қола медаль Қытайдан Ян Джинлонгтың еншісінде. Ол 179 келіні еңсерді.
Давид Дегтярев спорт жолында екінші рет Паралимпиада ойындарында жеңіске жетті. Алғашында ол Токио ойындарының чемпионы болған. Жерлесіміз Паралимпиадада ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп, екі рет топ жарған алғашқы қазақстандық атанып отыр.
Қазақстан құрамасының активінде қазір үш медаль бар. Алғашқы күміс жүлдені 10 метр қашықтыққа пневматикалық мылтықтан оқ ату бойынша ақмолалық Еркін Ғаббасов жеңіп алды. Ал, Давид Дегтяревтің ізін ала, ядро лақтырудан Дастан Мұқашбеков қола жүлдегер атанды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.