Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жалпыға бірдей декларацияны тапсыруға асығыңыздар - АРҚА АЖАРЫ

Жалпыға бірдей декларацияны тапсыруға асығыңыздар

Қазақстанда кезең-кезеңмен жалпыға бірдей декларация 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген болатын. Декларацияның негізгі мақсаты – әділ салық салуды қамтамасыз ету және әлеуметтік саясатты жетілдіру, сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономика деңгейін төмендету.  

Үшінші кезеңде, яғни, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап  декларацияны заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары, жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайлары тапсырады. Облыста мұндай адамдардың саны 91 мыңнан астам болса, 7 қыркүйектегі жағдай бойынша активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны 67мың жеке тұлға тапсырған. Бұл – тапсыратындардың 73 пайызы. Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі кезекті брифинг міне, осы тақырыпқа арналды.

– Қазақстан Республикасының уәкілетті органдарында тіркелген жылжымайтын мүлік және көлік құралдары туралы мәліметтерді декларацияда көрсету қажет емес. Өйткені, бұл ақпарат мемлекеттік кірістер органдарында бар. Сондай-ақ, жеке тұлғаның тәулігіне қолма-қол ақша сомасы 30 миллион теңгеден асса, онда артық сомалар екінші деңгейдегі банктердегі шоттарға орналастырылуы керек. Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияда 10 мың еселенген АЕК-тен аспайтын қолма-қол ақша көрсетілуі тиіс. Осы жерде назарларыңызды салық заңнамасының нормаларына сәйкес дебиторлық және кредиторлық берешекке қатысты мәліметтер өзгертуге немесе толықтыруға жатпайтынына аударғым келеді. Тиісінше, нотариалды куәландыру 2023 жылдың 31 желтоқсанында және декларация тапсырылған күннен кешіктірілмей жүргізіледі, – деді бұл ретте, брифинг өткізген  Ақмола облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы Назгүл Аюпова.

Декларация тұрғылықты жері бойынша және 2024 жылғы 15 қыркүйектен кешіктірілмей ұсынылады. Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны электронды түрде салық төлеушінің шоты (cabinet.salyk.kz), Электрондық үкімет порталы (egov.kz), сондай-ақ, eSalyk мобильді және eGov мобильді қосымшалары арқылы беруге болады. Сонымен қатар, бірқатар екінші деңгейлі банктер банктік өтінімдерде бұл декларацияны ұсыну мүмкіндігін енгізді.Бірінші және екінші кезеңде жалпы декларацияға енгізілген тұлғаларға 2023 жылға арналған табыстары мен мүлкі туралы декларацияны (270 нысан) ұсыну қажеттілігі ескертіледі.

– Қыркүйектің 15-і жақындап қалды, сондықтан, тиісті тұлғаларды декларация тапсыру процесін тездетуге және әкімшілік жауапкершілікке тартылмауға шақырамыз. Маманның түсіндірмесін қажет ететін салық төлеушінің мемлекеттік кірістер органына тікелей хабарласу мүмкіндігі бар. Оған қоса, бірыңғай республикалық №1414 платформасында жалпы декларацияны түсіндіру үшін Байланыс орталығы және Telegram-да Чатбот іске қосылды. Толық ақпарат Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайтындағы «Жалпы декларация» бөлімінде жарияланған. Zoom платформасында да конференциялар апта сайын сәрсенбі және бейсенбі күндері сұрақ-жауап форматында өткізіледі, –деп түйіндеді брифингте өз сөзін  департаменттің бөлім басшысы.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар