Ерекше дарын иесі Балуан Шолақ Баймырзаұлының туғанына 160 жыл толуына орай, әйгілі баба атын иеленген білім ошағында шығармашылық кеш өтті. Жиынға аудан әкімі Ардақ Смайылов, Балуан Шолақтың немересі Шайдолла Құдайбергенұлы Шолақов арнайы қатысып, халқымыздың біртуар перзенті хақында өз ойларын ортаға салды, осындай тартымды кеш үшін ризашылықтарын білдірді.
Ал, мектеп оқушылары даңқты жерлестеріне арнаған өлеңдерін оқып, ең үздіктері «Amanat» партиясы Ақмола облыстық филиалының арнайы дипломдарымен және облыстық мәслихаттың депутаты, «Amanat» фракциясының мүшесі Клара Меңдібаева ұсынған бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Шығармашылық кешке қатысқан партияның облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ақманат Әлімбетова өз сөзінде «жігітке жеті өнерде аз» демекші, бір бойына бірнеше өнерді үйлестірген балуан бабамыздың есімі мәңгі ел жадында екендігіне тоқталды. Тұтастай бір ұлттың мақтанышы Балуан Шолақтың туғанына биыл 160 жыл толуына орай, жер-жерлерде осындай игі шаралар өтіп жатыр. Өзге өңірде туса да, Көкше жерінде ер жетіп, аты шыққан Балуан Шолақтың даңқы осы өңірден асып, күллі қазақ өлкесіне тарады. Көзі тірісінде аты аңызға айналған дала серісінің дүниеге келгеніне 160 жыл толуына орай, ер бабамыздың аңыз болып кеткен өнегелі өмір жолын бұландылық жерлестері тағы бір жаңғыртып, рухына тағзым етіп, бас мұрасын насихаттап жүргеніне партия атынанерекше ризашылық мол болды бұл кеште.
Жиналған қауым халқымыздың мақтанышына айналған Балуан Шолақтың әншілік және ақындық мұрасын насихаттау, оның қаһармандық бейнесіне мұқият назар аудару баршамыздың парызымызекендігіне тағы бір көз жеткізіп, үлкен-кішіге ой саларлық салиқалы кештен ерекше толғаныспен тарқасты.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Бұланды ауданы.