Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы жылы да Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын жариялады.
«Әділетті Қазақстан: заң және тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» деп аталатын бұл Жолдау да еліміз үшін стратегиялық мәселелерді ортаға салып, экономикалық өсу арқылы мемлекетті дамытудың нақты факторларын атады. Жыл сайынғы Жолдауында ауыл шаруашылығы саласына баса назар аударғанындай, биылда Мемлекет басшысы инвестициялар тарту мен субсидиялау және жер қатынастарымен тағы басқа даөзекті бағыттарға жете тоқталып өтті.
«Агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту – өте маңызды міндет. Тасқын судан болған қиыншылықтарға қарамастан, диқандарымыз егін егу жұмысын дер кезінде аяқтады. Оларға зор ризашылығымды білдіремін. Биыл егіс науқанына екі есе көп қаражат бөлінді. Алайда, агроөнеркәсіпке бөлінетін бүкіл ақшаның 70 пайызы – мемлекет қаржысы. Бұл салаға коммерциялық банктердің қаражатын да тарту қажет. Диқандарға өсімі аз несие беру үшін мемлекеттік қаржы институттарын субсидиялау шаралары қолға алынды. Банктерге қатысты осындай тәжірибені қолдану керек. Мұның бәрі шаруаларды айналымға қажетті қаражатпен шұғыл қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлық қатерін азайтуға және несие алуды оңтайландыруға жол ашады» деді Мемлекет басшысы инвестиция тартудың маңыздылығы туралы. Біздің облысымызда да үш жылдық мерзімде ауыл шаруашылығы саласында жалпы сомасы 130 миллиард теңгені құрайтын 79 инвестициялық жобаны жүзеге асыру бойынша Жол картасы бекітілді. Оның ішінде, осы жылы 42,9 миллиард теңгені құрайтын 34, келесі жылы 37,5 миллиард теңгеге 25, ал, 2026 жылы қуаты 49 миллиард теңгелік 20 жобаны іске асыру жоспарлануда.
Сондай-ақ, Президентіміз өз сөзінде агроөнеркәсіп кешенін тікелей субсидиялау тәсілінен арзан несие беру тәсіліне біртіндеп көшудің маңызды екенін атап көрсетті. «Бөлінген қаражаттың бәрі тиімді жұмсалуға тиіс. Алайда шындыққа жанаспайтын ақпарат беру, басқаша айтқанда, мәліметтерді бұрмалау ауыл шаруашылығындағы шынайы ахуалды бағалауға кедергі келтіріп отыр. Арнайы комиссия 2 миллион ірі қара және 3 миллионнан астам уақ мал санда бар, санатта жоқ екенін анықтады. Егін шаруашылығы саласында да осындай жайттар бар екені белгілі болды. Шын мәнінде, мұның бәрі – мемлекеттен субсидия алу үшін жасалған көзбояушылық. Ондай қылмыстық әрекеттерге тосқауыл қою қажет. Ал, мұндай іспен айналысқан адамдарды жауапкершілікке тарту керек» деген ескерту де жасалып отыр осы Жолдауда. Бұл ретте, республикалық ауыл шаруашылығы санағын өткізуге дайындық шаралары аясында облыста жеке немесе қосалқы шаруашылықтардағы мал санағын жаңарту жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде ірі қара мал басы 82,9 мың басқа немесе 25,4 пайызға, ұсақ мал 79 мың басқа немесе 15,4 пайызға қысқарды. Ал, шаруа қожалықтарындағы ауылшаруашылығы жануарларының саны бойынша деректер арасындағы сәйкессіздік субсидияларды төлеудің заңдылығына әсер еткен жоқ. Өйткені, субсидия тек ұйымдасқан шаруа қожалықтарына қатысты.
«Жер – ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тартудың басты кепілі» деген дәйекті сөзімен Қ.Тоқаев жер телімдерін қайтару жөніндегі арнайы комиссия әкімдіктердің ауыл шаруашылығы алқаптарын конкурс өткізбей-ақ беру туралы екі мыңнан астам заңсыз шешім қабылдағанын анықтағанын жеткізді. «Бұл мәселеге қатысты екіұшты ұстаным болмауы қажет. Заңсыз алынып, пайдаланылмай жатқан жер оңтайландырылған рәсім бойынша мемлекетке қайтарылуға тиіс. Ал, жерді пайдаланушы оған инвестиция салып, адал еңбек етіп жатса, жұмысқа бөгет жасамау керек. Сондай-ақ оның ауылды көркейтіп, тұрғындарға тұрақты жұмыс беріп отырғанын да ескерген жөн.Көптеген меншік иесі өздері пайдасын көріп отырған жерден мыңдаған шақырым алыста тұрады, ондағы ауыл тұрғындарына қамқорлық жасау ойына кіріп те шықпайды. Бізге мұндай жер иелерінің қажеті жоқ. Үкімет пен Бас прокуратура оларға қатысты мәселені мықтап қолға алуғатиіс» деді бұл орайда, Мемлекет басшысы.
Бізде басқарма тарапынан өңірде заң талаптарын бұза отырып берілген, пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару жұмыстарын жалғастырып келеміз. Жыл басынан бері мемлекет меншігіне 67,2 мың гектар жер қайтарылды. Олардың 55 мың гектары иелерінің өз еркімен қайтарылса, 8,7 мың гектары жалға беру мерзімінің аяқталуы, 2 мың гектары құқық белгілейтін құжаттардың күшін жоюға байланысты, қалғандары сот шешімі және өзге де жолмен алынды. Айта кетейік, бұл жұмыстың барысында 2022-2023 жылдары да ауыл шаруашылығы мақсатындағы 506,8 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтарған едік.
«Азаматтар, әсіресе, ауыл тұрғындары заңды түрде табысты жұмыс істеп, болашағының қамын өзі ойлауы керек. Оларды осыған ынталандыру – мемлекеттің басты міндетінің бірі. Былтыр «Ауыл аманаты» жобасы басталды. Жалпы нәтижесі жаман емес. Енді осы жоба аясында тағы бір жаңа тәсілді, яғни «тауар несиесін» беру мәселесін қарастыру қажет. Ауыл тұрғындарына өз өнімдерін өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құру өте маңызды.Әр ауданда азаматтарға түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруді үйрететін орталық ашу қажет» деп Президент Жолдауында тиісті орындарға нақты тапсырма берді. Белгілі болғанындай, бұл жоба «Amanat» партиясының бастамасымен Жамбыл облысы Меркі ауданында жүзеге асырылған. Жолдауда бұл тәжірибені Үкімет пен әкімдер басқа да аймақтарға таратуы керектігі айтылды. «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру аясындағы жұмыстарға тоқтала кетсек, өткен жылы ауылдық елді мекендерде жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды ашуға және кеңейтуге 1,2 миллиард теңгеге 198 шағын несие беріліп, бұл қаржы жүз пайыз игерілді. Осы ретте, қосымша 262 жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл бұл мақсаттарға 390-нан астам жұмыс орнын ашу арқылы 188 жаңа бизнес-жобаны жүзеге асыру үшін 1,5 миллиард теңге қарастырылған.
Міне, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында алға қойылған міндеттерді орындау мақсатында біздің тарапымыздан қолға алынып жатқан жұмыстардың бір парасы осындай. Жолдау бұдан да зор нақты нәтижелерге қол создыруы керек екендігін түсінеміз. Алдағы іс-шаралар да нақ осы мүддені көздей, атқарылатыны сөзсіз.
Кенеш ӘЛІМЖАНОВ,
Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы және
жер қатынастары басқармасының басшысы.