Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ескерткіш тақта орнатылды - АРҚА АЖАРЫ

Ескерткіш тақта орнатылды

Кеше Астанада белгілі жазушы-публицист, мәдениет қайраткері, ақпарат саласының үздігі Жылқыбай Жағыпарұлы тұрған үйге орнатылған ескерткіш-тақта ашылды. Қаламгердің туғанына 70 жыл толуына орайластырылған аталмыш шара Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен, қалалық мәдениет басқармасының тарихи ескерткіштер мен мәдениетті қорғау жөніндегі комиссияның шешімімен іске асты.

Жылқыбай Жағыпарұлы жарты ғасырға жуық ғұмырын қазақ баспасөзіне арнады. Еңбек жолын Ақмола облыстық «Коммунизм нұры» (қазіргі «Арқа ажары») газетінен бастап, осы басылымда 30 жылға тарта табан аудармастан жұмыс істеді. Әдеби қызметкерден бас редактордың орынбасарына дейін көтерілді. Одан соң «Егемен Қазақстан» газетінде қызмет істеп, зейнетке шықты. Көркем шығармаларды жазып, жазушы ретінде де танылды. Қазақстан Журналистер және Жазушылар одақтарының мүшесі атанды.

Ескерткіш-тақтаның ашылу салтанатында алғашқы сөзді алған Астана қаласы Алматы ауданы әкімінің орынбасары Нұрмат Абдраимов қаламгердің елорданың өркендеуіне қосқан үлесін, кешегі Ақмола-Целиноград кезіндегі қаланың жалғыз қазақ мектебі – Жамбыл атындағы №4 мектепті сақтаудағы, орыс мектептерінде қазақ сыныптарын ашудағы еңбегін атап өтті.

Ұлттық Ғылым академиясының академигі, профессор, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы Жылқыбай Жағыпарұлының отаншылдық бағытындағы істеріне тоқталды.

– Әр қаланың өзінің отаншыл, патриот адамдары, әр шаһардың өзінің бағына айналған тұлғалары, қаламгерлері болады. Жылқыбай ағамызды сол деңгейден көреміз. Ақмола-Целиноград кезінде өте қиын кезеңдер болды. Ұлт тағдыры қыл үстінде тұрған кезеңде осында санаулы ғана ат төбеліндей азаматтар ұлттық мәселелердің басы-қасында жүрді. Оларды саяси-қоғамдық аренаға шығарған, әрине, біздің тарихымыз, күрделі тағдырымыз, өскен орта. Жылқыбай ағамыз журналист ретінде де, жазушы ретінде де өзін қаламымен, еңбегімен, маңдай терімен қалыптастырды, – деді Дихан Қамзабекұлы.

Академик қаламгердің қазақ жастарын білімге тартудағы ағалық қамқорлығына тоқталып, «Егемен Қазақстан» газеті арқылы елдің де, ердің де, тарихтың да, тағдырдың да түрлі кезеңін сипаттайтын мақалалар жазғанын айтты. Ескерткіш-тақтаны орнатудың мән-маңызын атап өтті.

«Арқа ажары» газетінің ардагері Рахия Әлібекова Жылқыбай Жағыпарұлының адамгершілік, қаламгерлік қасиеттеріне, еңбекқорлығына тоқталды. Белгілі журналист Жанболат Аупбаев осыдан ширек ғасыр бұрын «Егемен Қазақстан» газеті елордаға көшіп келгенде қарсы алған адамдардың қатарында Жылқыбай Жағыпарұлы болғанын айтып, қаламгердің «Егемен Қазақстанда» жұмыс істеген кезеңін, оның елді елең еткізген мақалаларын еске алды.

«Қазір құндылықтар құлдырап, өзін-өзі жарнамалаған жылтырақтар төрге шығып отырған заманда соларға қарсы қойып, үлгі көрсететін тұлға Жылқыбай Жағыпарұлы деп айтар едім. Ол кісі нағыз журналист, нағыз жазушы, нағыз қазақтың азаматы еді. Бұл басы ғана, ертең әртүрлі еске алу шарасы өтіп, кітаптары да шығады деп ойлаймын. Өзіміз қадірін біле бермейді екенбіз, алтынның қолда барда қадірін білгенге не жетсін?!» деген «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы Еркін Қыдыр, жазушы Әділбек Алпысбай Жылқыбай Жағыпарұлының «Қарасарт» кітабына тамаша талдау жасағанын атап өтті.

Қаламгердің көршісі Орынбасар деген азамат Жылқыбай Жағыпарұлының тәуелсіздіктің келуі мен орнығуына қосқан үлесіне, адами болмысына тоқталды. «Зар нала» кітабының оқырмандарға, өзіне әсері туралы әңгімеледі. Жылқыбай Жағыпарұлының 1979 жылы Ақмолада неміс автономиясының құрылуына қарсы еңбегін, сонда Махамбет Өтемісұлының жалынды жырларын таратқанын айтты. Белгілі ақын Тортай Сәдуақас қаламгерге арналған арнауын оқып берді. Жылқыбай Жағыпарұлының жары Қарлығаш ескерткіш-тақтаның ашылуына атсалысқан азаматтарға алғыс айтты.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ. 

Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар