Кез-келген халықтың ұлттық ерекшелігін танытып, ғасырлар тереңіне бойлауына мүмкіндік беретін қасиетті құралы – тіл. Тілдер күні – Қазақстан халқының жалпыға ортақ мерекесі.
Атаулы дата «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» екендігін айтып, соңында ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тілі мен болашағы үшін күрескен көрнекті қоғам қайраткері, Алаш арысы, ағартушы, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ақын, публицист, педагог, аудармашы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен байланысты 5 қыркүйекте аталып өтіп жүр. Бұл – ұлт ұстазына деген құрметтің белгісі.
Мереке қарсаңында республика бойынша мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге және оның қоғамдағы рөлін арттыруға бағытталған көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды. Барлық өңірлердегі мұндай шаралар Тілдер апталығы аясында жалпыұлттық бірлікті нығайтуға, тілімізді дамытуға және мемлекеттік тіл саясатын іске асыруға бағытталды.
Біздің Көкшетау қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінде де осы бағытта көптеген шаралар жоспарланып, жүзеге асырылуда. Соның бірі – Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай, жас ұрпақ санасына туған тіліне деген құрмет, сүйіспеншілік сезімдерін ұялату, шешендік шеберлікке, сыни ойлауға баулу және көшбасшылық қасиетті дамыту мақсатында «Салтанат» сарайы жанындағы қалалық үлгілі кітапханасында өткізілген «Тіл – татулық тірегі» тақырыбындағы пікірсайыс турнирі.
Турнирге Көкшетау қаласының №9, №16 жалпы орта білім беретін мектептері және №21 мектеп-лицейінің, облыс орталығының іргесіндегі Краснояр ауылының №3 көпсалалы мектеп-гимназиясының оқушылары қатысып, берілген тақырыптар бойынша өз тұжырымдарын қорғауға барынша ат салысты. Солардың ішінен өздерінің ой-пікірлерін дәлелдеп,ерекше көзге түскен Әкім Ақтұйғын, Қалбаева Жансая, Қайыр Дильназ, Жақсыбаева Айкүміс, Мырзаханова Толғанай, Мүбәрәк Мәдина есімді оқушыларана тілінің маңыздылығын, туған тіліне деген ерекше құрметтерін таныта білді.
Тартымды өткен пікірсайыс барысында бірінші орын Краснояр ауылының №3 көпсалалы мектеп-гимназиясының оқушыларына, екінші орын Көкшетау қаласының №9 жалпы орта білім беретін мектебі және үшінші орын №21 мектеп-лицейінің оқушыларына берілді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер, сондай-ақ, белсенді дебатшылар Алғыс хаттармен, естелік сыйлықтармен атап өтілді.
Орынды жерде өз ойын дөп басып айта алатын адам қай заманда болсын өз ортасының айнасы іспетті. Бүгінгі күннің пікірсайысы – кешегі халық даналығының, асыл қасиеттерінің қазіргі заманға сай жаңаланған бейнесі. Осы ретте, сөзді «қиыннан қиыстыратын» тіл жүйріктерінің сайысы, ұтымды ой, бейнелі теңеуді арқау еткен дарындылар ойыны сәтті өтті деген ойдамыз.
Бүгінгі ұрпаққа ата-бабаларымыздың бізге қалдырған ең ұлы аманатының бірі – ана тілімізді терең меңгертіп, білім саласында аянбай еңбек етіп жүрген ұстаздар Серік Қаратаевқа, Есболат Айткенге және Алма Нұрмұхановаға алғысымызды білдіреміз.
Бақытжан АЙДОСОВА,
«Салтанат» сарайы жанындағы Көкшетау қалалық үлгілі
кітапханасының меңгерушісі.