Ауданда агроөнеркәсіп кешеніндегі маңызды жоба – 900 бас асыл тұқымды сауын сиырлар ұсталатын жаңа тауарлы-сүт фермасының құрылысы жүргізілуде.
Жоба құны – 8,3 миллиард теңге. Қазіргі уақытта инженерлік желілерді, электр қуатын тарту жұмыстары аяқталды. Екі өндірістік базаның құрылысы жүріп жатыр.
«Еңбек» ЖШС-нің жеке қаражаты есебінен жалпы сомасы 160 миллион теңгеге биоқалдықтарды өңдеу және кәдеге жарату бойынша биокешен орнатылды.
Осы жылдың маусым айында Даниядан ірі қара малдың бірінші партиясы – 272 бас қара ала голштин тұқымы әкелінді. Екінші партияны 2024 жылдың төртінші тоқсанында жеткізу жоспарлануда. Ферманың тиімді жұмыс істеуі үшін неміс өндірісінің жоғары технологиялық жабдықтары сатып алынды.
Ферма органикалық сүт өндіруге бағытталып, жоғары деңгейлі автоматтандырумен және процестерді роботтандырумен жабдықталатын болады. Жаңа ферманы биыл іске қосу жоспарлануда.
Жобаны қаржыландыру үшін «СПК «Көкше» АҚ 3,1 миллиард теңге сомасында жеңілдетілген несие беріп отыр. «Еңбек» ЖШС-нің осы құрылысқа салып жатқан өз жеке қаражаты 5,2 миллиард теңгені құрайды.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.
Ақкөл ауданы.