Қосшы қалалық соты адам денсаулығына абайсызда ауыр зиян келтіруге әкеліп соққан, немқұрайлылық салдарынан кәсіби міндетін дұрыс орындамаған «103» қызметіндегі шақыруларды қабылдайтын фельдшерге қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 317-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық істі қарады.
Сот үкімі облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы, Ақмола қосалқы станциясы және Қосшы қалалық емханасы қызметкерлерінің қатысуымен жария етілді.
Сот барысында анықталғанындай, «103» қызметінің диспетчері пациент У.-дан шақыруды қабылдап, «артериялық гипертензия диагнозымен есепте тұрған, кеудедегі ауырсыну жеделдіктің 1-санатындағы шақыру» хабарламасымен оны Қосшы қаласына жолдаған. Алайда, Қосшыдағы фельдшер С. шақыруды қабылдай отырып, 1-ші санатты 4-інші санатқа ауыстырып, пациенттің шағымын бұрмалап, «жоғары температура, бір аптадан астам ауырады, қатты жөтел» деп көрсетіп, емханаға жолдаған. Ал, емхананың фельдшері А. пациент У.-ға 4-інші санат бойынша медициналық көмек ретінде тексеріс жүргізіп, инъекция жасап кеткен. Салдарынан У. медициналық көмекке қанағаттанбай Астана қаласының ауруханасына өз бетінше баруға мәжбүр болған. Бұл ретте, ауруханада оған «Жүректің ишемиялық ауруы. Миокард инфарктісі. Стенттеу. Кардиогенді шок. Клиникалық өлімнен кейінгі жағдай» диагнозы қойылды.
Сотта осы істі қарау барысында фельдшер С.-нің кінәсі сараптамалардың қорытындыларымен, жәбірленуші мен куәгерлердің айғақтарымен, фельдшерге шақырудың жеделдігі санатын өзгертуге тыйым салатын нормативтік-құқықтық актілермен және істің басқа да материалдарымен расталды. Сот жаза тағайындауда қателіктің қасақана жасалмағанын, сотталушының жүкті екенін, бұрын сотталмағанын ескерді.
Сөйтіп, сот үкімімен С.-ға медициналық қызмет көрсету құқығынан айыра отырып, пробациялық бақылау белгіленіп, 1 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Оған қоса, сот облыстық денсаулық сақтау басқармасы атына тиісті шаралар қабылдау үшін жеке қаулы шығарды. Сот жеке қаулымен жедел медициналық жәрдем қызметкерлері тарапынан абайсызда пациенттің денсаулығына ауыр зиян келтіретін медицина саласындағы нормативтік-құқықтық актілерді өрескел бұзушылыққа назар аударды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Қосшы қалалық сотының материалы бойынша.