Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жадыма түйген жарқын ой - АРҚА АЖАРЫ

Жадыма түйген жарқын ой

Қазақстан Жазушылар одағы мен Мәдениет және ақпарат министрлігі арасында стратегиялық әріптестік негізінде үш ірі жоба қолға алынған болатын. Атап айтатын болсақ: «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі», «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» және «ТМД елдері архивтеріндегі қазақстандық жазушылардың зерттеу жұмыстары» атты жобалар.

Үш жобаның да ақын-жазушыларға берері мол екені рас. Өз басым «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі» атты жобаға қатыстым. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген мен қатарлас сайыпқаран жас ақындардың жалыны өте ерекше. Тұманбай Молдағалиев айтқандай «Құс келді Алматыма, көктемді қондырып қанатына» керісінше айтсақ «Ақын келді Алматыға, жыр байлап қанатына» – десек әбестік болмас. 20 жалындаған жас перінің ортасына мен де ендей бойлап, дүркіреп Арқаның ақ сәлемін жолдап, өлең болып шашылдым. Әу бастағы да мақсатым осы еді. 19-29 тамыз аралығында өткен шеберлік сабағы жоғары деңгейде өтті.

Қарсы алдыңда қазақтың қарымды қаламгерлері Дулат Исабеков, Бексұлтан Нұржекеев, Иран-Ғайып қызыл тілден ат тағалап, күміс күптеп тұрса қалай таңданбайсың, қалай тамсанбайсың. Алатаудай ақбасты алыптар шығармашылық жолын, өмір жолдарын кемеріне жеткізе жырлады. Шөлге біткен шөңгедей суырыла тыңдадық. Сусап қалған екенбіз мейір қанды.

Ілкімді ойды әрі қарай жетелесем. Дәріс оқыған ғалымдардың кейбіріне тоқталған жөн шығар. Мысалы Қырғызстаннан арнайы келген Қырғыз ұлттық академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор – Абдылдажан Ақматалиев дәріс оқыды. Дәріс оқудағы басты мақсаты: «Шыңғыс Айтматовтың шығармашылық лабораториясы». Ертеректе атақты жазушымен қоян-қолтық бірге жүрген екен. Содан бері бір елі қасынан қалмай аға тұтқан, алтын тонды жаға тұтқан. Айтматовтың шығармасы қай мезгіл ауанында жазылғанын баян етті. Бәрін көгендегі қозыдай жамыратып айтып отыр. Мәселен, «Шыңғыс ханның ақ бұлты» шығармасындағы абсудтық дүниелерін талдап, шығарманың мән-маңызын, психологиялық көзқарасына талдау жасады. Содан кейін «Қызыл алма» жазылу тарихы… Ақматалиевтің айтқан дүниесінің тек көбе бұзар мезетін ғана айтып отырмын. «Ырлай берсең Манасшы боларсың» дегендей ұшан-теңіз. Келесі кезекте көрнекті жазушы, «Жансебіл» кітабының авторы, әдеби бағдарламалардың жүргізушісі – Жүсіпбек Қоғасбек. Жүсіпбек аға қазіргі қазақ әдебиетінің тыныс-тіршілгі,қазақ әдебиетің өмірзая сәтін айтты. Онымен тоқтап тұрған Жүсіпбек аға жоқ. Қазіргі таңда жазылып жатқан көркем шығармалардың әдебиеттегі үлесі жайлы сүбелі ой бөлісті. Осы жыл жарық көрген «Абыл мен Қабыл», «Ағраптағы аты жоқ адам», «Мұтылған» сындыүш романды талдап, өз ойын сарабдал санасымен сараптады.

Біз демалыс күні де қарап жатпадық. «Өлі риза болмай, тірі байымас» дегендей әдебиетке, мәдениетке өлшеусіз үлес қосқан ұлы тұлғалардың рухына тағызым қылдық. Сапар тізгінін Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасарлары ақын Бауыржан Жақып пен жазушы Бейбіт Сарыбай бастады. Орталық алаңдағы Абай Құнанбаев ескерткішіне тәу етіп, әрі қарай ұлт қаламгерлерінің мәңгілік мекені – Кеңсай зиратына зиярат етумен жалғастырдық. Зиярат басын ақын Қадыр Мырза Әліге, әдебиетіміздің арда азаматтарының рухына құран бағыштадық. Осы мекеннен соңғы топырақ бұйырған Тұманбай Молдағалиев, Есенғали Раушанов, Бауыржан Момышұлы, Шәмші Қалдыаяқов, Шөмішбай Сариев, Оралхан Бөкей, Заманбек Нұрқаділов, Алтынбек Сәрсенбайұлы, Әзілхан Нұршайықов, Мұқағали Мақатаев, Жұбан Молдағалиев, Сағи Жиенбаев өзге де әдебиет өкілдерінің зиратына арнайы бардық. Бейбіт Сарыбай ағамыз өлеңдерін оқып, өмірдерегі мен шығармаларын еске түсірді. Содан кейін,  Алматының орталығындағы Райымбек даңғылы бойында орналасқан белгілі тұлғалардың зиратына барумен жалғасты. Бұл мекеннен мәңгілік тыныс  тапқан Мұхтар Әуезов, Шәкен Айманов, Қаныш Сәтбаев, Ахмет Жұбанов, Қасым Аманжолов, Мұрат Әуезов, басқа да ұлтымыздың асыл перзенттерінің рухына Бауыржан Жақып ағамыз құран бағыштап, еңбектерін таныстырды.

«Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай жүгірер», – дегендей 20 жас ақынның сарыны, бағыт-бағдары бөлек. Оларды бір жүйеге бағындырып оқыту да оңай шаруа емес. 10 күн бойы 160 сағаттық білім меңгердік. «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебінің» шешуші кезеңіне Басқарма төрағасы арнайы қатысып, «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі» жас қаламгерлер арасында қызығушылық туғызды. Біз мұны жобаға қатысуға ниетті жастардың берген өтініштеріне қарап, бағамдадық. Алғаш рет ашылған әдеби мектептен 20 жас тәлім алды, яғни, бұл жоба елге керек, жастарға қажет жоба екенін және дер кезінде қолға алынған іс-шара екенін айтуымыз керек. Бұл – мемлекеттің жас жазушыларға деген қамқорлығының айқын көрінісі. Біздің алдымызда білімді, талантты жастарды қолдау, олардың әдебиеттегі қадамын нықтап, әлемдік деңгейге көтеру міндеті тұр. Жүзеге асып жатқан жобалар осының айғағы» – деді Мереке Әбдешұлы. Іс-шара соңында 20 ақынға сәт-сапар тілеп, арнайы сертификат табыстады.

Осынау маңызды жобаға сенім білдіріп жіберген Ақмола облысы Жазушылар одағының өкілі Ерболат Баятұлына және облыстағы ақын-жазушылар алғысым шексіз. Алдағы уақытта сенімдеріңізді ақтап, қуатты шығарма жазуға уәде беремін. Қаламнан сия кетпесін!

 Рамазан БАУЫРЖАНҰЛЫ,
ақын.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар