Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жатаған укекіре – аса қауіпті карантинді арамшөп - АРҚА АЖАРЫ

Жатаған укекіре – аса қауіпті карантинді арамшөп

2010 жылдан бастап карантинді арамшөп – жатаған укекіремен (Acroptilon repens (L) DC) ластанған егіс алқаптары көлемінің  артуынан республиканың ұлттық және азық-түліктік қауіпсіздігіне елеулі түрде әсер ететін үлкен тәуекелдер туындауда.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекциясы комитетінің деректері бойынша соңғы онжылдықта қызғылт укекіренің таралуы 2 миллион гектардан астам аумақты құрайды. Ол республиканың барлық облыстарында, оның ішінде 140 аудан, 20-дан астам қала және 4 мыңнан астам ауыл шаруашылығы құрылымдарында кездеседі. Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының пікірінше, егер қызғылт укекіре осындай қарқынмен әрі қарай таралса, 2030 жылға қарай республиканың ауыл шаруашылығы дақылдарының негізгі алқаптары осы карантиндік арамшөптермен ластанады.

Жатаған укекіре немесе қызғылт укекіре – күрделі гүлділер (Compositae) тұқымдасына жататын атпатамырлы көпжылдық арамшөп. Шығу тегі Орталық Азия болып саналады, сондықтан, ол бүкіл әлемде кең таралған. Оның таралу аймағы Солтүстік және Оңтүстік Американың, Шығыс және Батыс Европаның, Австралияның, Азияның, Таяу Шығыстың көптеген елдерін қамтиды. Көптеген елдерде қызғылт укекіре – карантинді арамшөп болып саналады. Біздің елімізде ауыл шаруашылығы жерлерінде кең таралуы және көпжылдық ошақтардың пайда болуы 1990 жылдардан басталады. Бұған ауыл шаруашылығы ұйымдарының, кәсіпорындардың экономикалық жағдайының нашарлауы, егіс алқаптарының күрт қысқаруы, өңделмеген алқаптардың ұлғаюы, ауыспалы егістіктің сақталмауы, пестицидтердің жетіспеушілігі ықпал етті.

Укекірені ауыл шаруашылығы дақылдарының егістіктерінен ығыстыру немесе толығымен жоюдың қиындығы арамшөптің биологиялық ерекшелігімен сипатталады. Оның 12 метрге дейін тереңдікке еніп, одан көлденең тамырларға қарай созылатын негізгі тік тамырдан тұратын қуатты тамыр жүйесі бар. Тамыр жүйесінде қоректік зат – инулиннің көп мөлшері жинақталады, соның салдарынан арамшөптерді кескеннен кейін де топырақ бетіне жаңа өскіндер пайда болады. Бір өсімдік 700-ден 2300-ге дейін тұқым қалыптастырады, сонымен қатар, вегетативті жолмен қарқынды көбейеді, сондықтан, ол ең қиын жойылатын түрлердің бірі болып саналады. Оның ащы дәмі бар, соған орай, дәнге, жасыл массаға, пішенге және сабанға араласуы өнімнің сапасын айтарлықтай төмендетеді. Тұқымның аз мөлшері астық партиясына енген кезде ұн ащы дәмге ие болады және әрі қарай қолдануға жарамсыз болып табылады.

Жатаған укекіремен агротехникалық күресу әдісінің негізгі міндеті – тамыр жүйелерін жүйелі түрде кесу және өсімдіктердің жер асты мүшелерінде қоректік заттардың жиналуына және қайта өсуіне жол бермеу, яғни, фотосинтез процесін болдырмай әлсірету принципіне негіздеп жою. Жатаған укекіремен қатты ластанған жерлерде таза сүрі танабын қолдану және жаппай себілетін дақылдарды себу (қара бидай, сұлы, арпа, жүгері, жоңышқа) тиімді саналады.

Қысқа мерзімде жатаған укекіренің аз шығынмен толық жойылуына агротехникалық шаралар мен заманауи гербицидтерді қолдану арқылы қол жеткізуге болады.

Гербицидтерді cүрі танабында қолдану – ең тиімді кешенді тәсілдердің бірі, ол жатаған укекіремен күресуде шығындардың айтарлықтай төмендеуіне айтарлықтай мүмкіндік береді.

Гербицидтерді қолдану арқылы сүрі танабында топырақты өңдеу санын 8-10-нан 4-5-ке дейін азайтуға болады. Сондай-ақ, жатаған укекіремен ошақты түрде ластанған жағдайда сүрі танабын жаппай өңдемей тек ошақтарды ғана гербицидтермен бүрку арқылы гербицидтердің шығынын едәуір азайтуға болады.

Қазіргі таңда жатаған укекіреге қарсы тиімді, арнайы шығарылған гербицидтер бар, олар – Горгон, в.р. (МЦПА қышқылы, 350 г/л және пиклорам, 150 г/л), Ланс, в.р. (аминопиралид 240 г/л), Горчак (дикамба қышқылы, 88,5 г/л + пиклорам қышқылы, 8,5 г/л + клопиралид қышқылы, 177 г/л).

Қазақстан Республикасының «Өсімдіктер карантині туралы» заңына сәйкес республика аумағында карантиндік арамшөптердің таралуын болдырмау мақсатында  карантиндік арамшөптермен ластанған ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымын себуге, мәдени өсімдіктердің тұқымын алу үшін карантиндік арамшөптермен ластанған жерлерді пайдалануға,  карантиндік арамшөптердің тұқымдарымен ластанған астықты бір қоймада ластанбаған партиялармен сақтауға, уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің рұқсатынсыз карантиндік арамшөптермен ластанған өнімді (пішен, сабан, астық және астық қалдықтары) шаруашылықтан тыс сатуға, мөлшері 1 миллиметрден аспайтын бөлшектерге дейін карантиндік арамшөптердің тұқымдары бар қалдықтарды мал азығына ұсақтаусыз немесе жаныштаусыз пайдалануға, алдын ала мұқият тазаламай қапшықты, көлік құралдарын, инвентарь, ластанған астық қоймаларын, жылыжайларға төсеу үшін карантинге жатқызылған жерлердің топырағын қолдануға, карантиндік арамшөптермен ластанған жемшөп пен төсеніштерді, пайдаланғаннан кейін алынған қоқысты, шірімеген көңді егістікке шашуға тыйым салынады.

Абдумамат КОЧОГОРОВ,
 «А.И.Бараев атындағы ауыл шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» серіктестігі
өсімдік қорғау зертханасының меңгерушісі.

Шортанды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар