Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Ахмет жыры – жадымда» - АРҚА АЖАРЫ

«Ахмет жыры – жадымда»

Көкшетау қалалық ақпараттық кітапханалар жүйесінің электрондық кітапханасында Қазақстан халқы тілдері онкүндігі аясында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының жырларын мәнерлеп, жатқа оқуға арналған «Ахмет жыры – жадымда» атты байқау ұйымдастырылды.

–Аталған байқаудың мақсаты – қазақ әліпбиінің негізін қалаушы, әдебиет зерттеуші ғалым, публицист, педагог, аудармашы Ахмет Байтұрсынұлының мұраларын жастарға насихат етіп, оларды автор шығармаларының айтар ойы мен мазмұнына бойлату, Алаш ардақтысының өлеңдерін, мәнерлеп, көркемдеп жатқа оқитын азаматтарды анықтау, – дейді байқауды ұйымдастырушылар.

16 және 25 жас аралығындағы ұл-қыздар қатысқан байқауға жастар тарапынан біраз өтінім келіп түскен, алайда, көбі жүрексінді ме екен,бой көрсетпеді. Шараны облыстық, республикалық көркем оқу байқауларының жүлдегері Нұрлан Қыстаубай жүргізіп, белгілі тіл жанашыры Қаратай Төлекеев бастаған қазылар алқасы қатысушылардың өнерін бағалады.

Байқау қорытындысы бойынша Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің бір топ студенттері үздіктер қатарынан көрінді. Атап айтқанда, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығына оқып жүрген 2 курс студенті Диас Төлегенов бірінші орынды жеңіп алса, жүлделі екінші орынға бастауыш сыныптарда оқыту педагогикасы мен әдістемесі мамандығының 3 курс студенті Сымбат Жұмадина лайықты деп танылды, ал үшінші орынқазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығының 3 курс студенті Бұлбұл Төлеуханқызына берілді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлері ұйымдастырушылар алқасының бағалы сыйлықтармен және Алғыс хаттармен марапатталды.

–Бүгінгі байқауға қатысушылар барынша дайындалып келгені көрініп тұр. Бірақ, Алаш ардақтысының шығармашылығына бойлап, оның басынан өткерген қиындығына терең үңіліп, туындыларының мән-маңызын саралаған болсаңыздар, көркем оқу барысында мүдірмес едіңіздер. Бір өзі бір тіл білімі институтының жұмысын атқарып кеткен Ахаңдай аяулы азаматтарымыздың ғұмырнамасын, шығармашылық жолын оқып, саналарыңызға түйіп жүрсеңіздер, ел мүддесі мен мұраты үшін көрген азабын жоғары бағалайсыздар деп ойлаймын. Ақынның туындыларын жүрек түкпірінен өткізіп, оқу қажет, – деп бар саналы ғұмырын қазақ тілін дамытуға арнаған Қаратай Бәйкенұлы көркем оқу байқауына қатысқан жастарға өзінің ағалық ақылын айтып, жылы лебізін білдірді.

Кеш соңында қалалық ақпараттық кітапханалар жүйесінің директоры, ақын-жазушы Серік Жетпісқалиев сөз сөйлеп, барша қатысушыларға алғысын жеткізді.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар