Еліміздегі энергия тапшылығын жоюға мүмкіндік береді

Қазақстан Республисы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Айна Мысырәлімова, Юлия Кучинская және Наталья Дементьева көкшетаулық спортшылармен, ұстаздар қауымымен және халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлерімен кездесіп, 6 қазанда атом электр станциясын салу бойынша өтетін референдумға қатысып, ел тағдырын айқындайтын маңызды шешімді бірігіп қабылдаудан тыс қалмауға шақырды.  

«Аманат» партиясының Ақмола облыстық филиалында өткен алғашқы кездесуде халық қалаулылары жекпе-жек өнері қауымдастығының спортшыларына АЭС салудың мән-маңызын түсіндірді. «АЭС салудағы ең басты қажеттілік – электр энергиясы тапшылығын шешу» деген пікірлерін білдірді. Себебі, 2030 жылға қарай Қазақстанда қуат жетіспеушілігі сағатына 13 миллиард киловаттан асуы мүмкін. Бұл түйткілдің түйінін тарқату үшін ғалымдар атом электр станциясын салуды ұсынып отырғанына дәлелдер келтірді. Халық қалаулылары атом электр станциясын салу арқылы экология мәселесі де тиімді шешілетінен сендірді.

Көкшетаулық ұстаздар қауымына Қазақстан Республикасының  Парламенті Мәжілісінің депутаты Айна Мысырәлімова электр энергиясы тапшылығын жоюдың бірден-бір тиімді көзі атом электр станциясын салу дей келе, халық тарапынан жиі қойылатын бірқатар сауалдар мен пікірлерге қатысты өзінің ойын айтып, Фукусима мен Чернобыль АЭС апаттарының неден орын алғандығын, ондай қайғылы жағдайлар қайталанбас үшін бүгінде ғалымдар барлық қауіпсіздік жағдайларын жан-жақты қарастырғанын ортаға салды.

Сонымен бірге, еліміз үшін атом электр станцияларының қажеттілігі, АЭС салудың артықшылықтары, заманауи атом электр станцияларының қауіпсіздігі, олардың  жұмыс істеу принциптері және атом электр станцияларының қоршаған ортаға және адам денсаулығына әсер ету деңгейі туралы ақпаратпен Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева да бөлісті.

Ал, халыққа қызмет көрсету орталығының еңбек ұжымымен жүздесуде Мәжіліс депутаттары атом электр станцияларының елге берер пайдасы, оның қазіргі уақыттағы қажеттілігі мен энергетика саласындағы кадрларды дайындау мәселесіне тоқталды.

–Бүгінгі таңда Қазақстанның атом өнеркәсібінде 20 мыңнан астам адам жұмыс істейді, оның ішінде 15 мыңы негізгі өндірістік персонал, – деп атап өтті Юлия Кучинская.

Халық қалаулылары әр кездесуде АЭС салу мәселесінің маңыздылығын өздері ғана айтып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп қана қоймай, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің оқытушы-ғалымы, тау-кен инженері Марат Болатовтың да ғылыми тұрғыдағы пікірлерін тыңдады, жиналған қауым жан-жақты ақпаратпен қамтылып, атом электр стансасының қажеттілігін ұққандай болды.

Жалпы, мәжіліс депутаттары он күндік жұмыс сапары аясында Ақмола облысының тұрғындарымен кездесіп, маңызды референдумнан қалыс қалмауға, әркім өз таңдауын дұрыс жасауға шақыруда.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар