«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы Ақмола облысы бойынша филиалының төрайымы, Ақмола облыстық мәслихатының депутаты, референдум жөніндегі халықтық штабтың мүшесі Анар Сайлаубекқызы Аяпбергенова:
«Ауылдың жағдайы биылғы Жолдауда да Президент назарында, АЭС-та қажет деп ойлаймын»
Бүгінгі жаһандану қоғамында табанды күрес жүргізіп, бәсекеге қабілетті ұлт ретінде саяси, экономикалық, әлеуметтік өзгерістерді басынан өткеріп жатқан еліміз әлемдік арена да өзіндік орны бар мемлекетке айналды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әр жыл сайын Қазақстан халқына өз Жолдауын арнап, түрлі даму реформаларын айқындауда. Ағымдағы оқу жылының басы – 2 қыркүйекте де Мемлекет басшысы өз Жолдауын жариялай отырып, елімізде атом электр станциясын салу үшін республикалық референдум өткізілетінін мәлімдеді. Осыған орай, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы Ақмола облысы бойынша филиалының төрайымы, Ақмола облыстық мәслихатының депутаты, референдум жөніндегі халықтық штабтың мүшесі А.С.Аяпбергеновамен сұхбаттасқан едік.
– Анар Сайлаубекқызы, сіз үшін Президентіміздің соңғы Жолдауының басты маңызы қандай неде?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жыл сайын қыркүйектің алғашқы аптасында елімізге дәстүрлі Жолдауын арнайды. Осы жылы ол тоғыз бағыттан тұрады. Жолдауда әлеуметтік, экономикалық, саяси мәселелер қамтылды. Жолдау аясында Президентіміздің 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауы көңілге сенім тудырған жаңалық болды. Бұл – ауылдық жерлер үшінде жақсы болады деп ойлаймын. Себебі, қазіргі кезде ауылдың жағдайы әлі де болса көңілден шыға бермейді. Жалақы да мардымсыз, жұмыс орындары да тапшы. Жолдаудағы мәселелерге көңіл бөлінсе, ауылдықтардың еңбегі де бағаланып, әлеуметтік жағдайлары жақсара түсер мен деген үміт бар.
Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенінде статистикалық сандардың дұрыс берілмей келгендігін айтып өтті. Мысалы, қағаз жүзіндегі сан мен нақты жағдай басқаша. Арнайы комиссия 2 миллион ірі қара және 3 миллионнан астам уақ мал санда бар, санатта жоқ екенін анықтаған. Негізгі статистика дұрыс болмаса, қанша қаражат қажеттігін анықтау да қиын. Демек, мұның бәрі ауыл шаруашылығындағы нақты жағдайды анықтауға кедергі келтіреді. Бұл жағдайды болдырмау үшін ауыл шаруашылығы саласында міндетті цифрландыру жұмыстарын жүргізу керек. Жуырда облыстық мәслихаттың кезекті сессиясы болды. Сол жерде декөтерілді бұл мәселе. Енді Жолдауда айтылған ауыл шаруашылығын субсидиялауға тоқталып өтейін. Салаға бөлінетін қаржыны мемлекет береді. Бұл көрсеткіш 70 пайызды құрап отыр. Алдымызда коммерциялық банктердің ауыл шаруашылығына қызығушылығынарттыру, осыны түсіндіру жұмыстары тұр. Осылайша, агроөнеркәсіп кешенін тікелей субсидиялау тәсілінен арзан несие беру тәсіліне көшіре аламыз. Пайыздық өсіммен алса, субсидиядан гөрі жауапкершілік молырақ болады. Жалпы алғанда, Жолдауда сөз болған бағыттар бойынша жаңа мәселе, сұрақтар көтеріледі деп үміттенеміз.
– Енді күн тәртібіндегі АЭС мәселесіне ауысайық. Ақмола халық штабының мүшесі ретінде бұл тұрғыда не айта аласыз? АЭС-тің кадрлық және экологиялық қауіпсіздігі туралы өз ойыңыз қандай?
– Мемлекет басшысының АЭС салуға байланысты «Референдум өткізу туралы» Жарлығына сәйкес көптеген жұмыстар атқарылуда. Оның нақты мақсаты – халықтың өзіне дауыс бергізіп, пікірін білу. Менде халыққа үгіт-настихат жүргізу үшін құрылған республикалық Халықтық штабтың мүшесімін. Алдағы уақытта Балқаш көлінде салынатын АЭС энергия тұтынуда оңтүстік өңірдің негізінен, проблемасын шешуге салынады. Бұл – еліміз бойынша электрмен жабдықтаудың 9 пайызын құрайды. Дамыған елдер өз жерлерінде АЭС салу арқылы көптеген мәселелерін шешіп жатыр. Сол сияқты, бізде АЭС салу барысында 10 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтимыз. Құрылыс аяқталған кейін станция жұмысына 2 мың маман тартылады. Бұлда жұмыссыздық жағдайын азайтуға көмек болады. Бізге жұртшылық өкілдерімен кездесулерде көп қойылатын сұрақ кадр мәселесі. Керекті маман даярлау жұмысы көп жылдан бері пысықталған. 2011 жылдан бері даярланған мамандардың саны 1,5 мыңнан асады. Бүгінгі күні осы бағытта жоғары оқу орындарында 250-ден астам студент оқиды. Еліміздің бес облысындағы жоғары оқу орындары осы салаға қатысты мамандарды даярлайды. Және де кеңес заманында Семей полигонына жұмыс істеп тұрған Курчатов қаласы және Алматы облысындағы Ұлттық ядролық институтының бөлімдері де маман даярлайтын орындар болып табылады. Яғни, кадр мәселесінде қиындық болмайды деп айтуға болады. Ал, халықтың көкейіндегі қорқыныш кезіндегі Чернобыль, Фукусимада болған апаттар. Бірақ, ғалымдардың айтуынша, олардың пайдаланған реакторлары бірінші, екінші нұсқадағы ескі технология болған. Және де адамдардың да қателігі орын алған. Қазіргі реакторлар 3 және 3+ нұсқадағы технологиялар. Сметалық-жобалау құжаттарын дайындау барысында бұл мәселе жан-жақты пысықталып, қауіпсіздік шаралары назардан тыс қалмайды. Негізінде, АЭС жұмысында бәрі автоматтандырылған. Жұмысшылар қолмен көп жұмыс істемейді, бағдарлама компьютер арқылы оқылады. Ал, экология жағынан қарасақ, жылу-электр орталығында (ТЭЦ) түтін шығады, көмірдің күлі жиналады. Ешқайда пайдаланылмайтын шығын көп. АЭС-та керісінше, ауаға, экологияға зиянды қоқыс шықпайды. Оны капсула деп қарауға болады. Барлығы өз ішінде жүргізіледі. Бұл ретте, суды пайдалану тәсілі қолданылмақ. Бұны «Жасыл энергия»деп айта аламыз.Сонымен бірге, АЭС-тің оңтүстікте салынуының да өзіндік себебі бар. Өйткені, ол жақта халық мол шоғырланған. Қала мен ауылдық елді мекендер көп. Энергияның жетіспеушілігі басым. Жетіспеген электр қуатын көршілес Қырғыз, Өзбекстан республикаларынан сатып алып жатады. Ол үшін шетелге қаражат та кетуде. Қарапайым тілмен айтсақ, АЭС салынса, осы қаржыны өзімізде қалдырумен бірге, электр энергиясына тапшылықты жоя аламыз.
– АЭС құрылысы қанша жылда аяқталады деп күтілуде? Халықтық штабтың мүшелерінде жұмсалатын қаржысы туралы мағлұмат бар ма?
– АЭС салу жуық арада аяқталатын жұмыс емес. Тек сметалық-жобалау құжаттарының өзі бес жыл дайындалады. Әрі қарай құрылыс жұмыстары тағы біраз жыл жалғасады. Ғалымдарымыз егер уақытында аяқталса, 2035 жылға іске қосылу мүмкін дейді. Құрылыс жұмыстарына 12 миллиард доллар жұмсалады деп жоспарлануда. Бұл мемлекеттен және шетелдік инвесторлардан құйылады. Бірақ, АЭС іске қосылған сәттен бастап 2-5 жыл аралығында шығынды қайтару мүмкіндігі болады. Анығырақ айтсақ, АЭС-та тек электр энергиясы ғана емес, өзге де технологиялық қажеттіліктер, медициналық, химиялық, биологиялық өнімдер шығарылады.Қай мемлекет салса да, АЭС біздің мемлекеттің құзырында болады. Олар келісім бойынша құрылыс жұмыстарын ғана аяқтап береді. Әрі қарай отандық мамандар жұмыс істейді. Мен штаб немесе «Ауыл» партиясының мүшесі емес, қарапайым Қазақстан азаматы ретінде дамыған мемлекеттер қолданып жатқандықтан, АЭС салуды құп көремін. Сөз соңында, отандастарымыз бен жерлестерімді де Мемлекет басшысының ұсынысын қолдап, 6 қазан өтетін референдумда белсенділік танытуға шақырамын. Жасыл әрі қуатты энергия құру бүгінгі күннен басталуы тиіс.
Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбатты жүргізген Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.