Көкшетауда тұрғын үй мәселелерін шешуге көмек көрсету бойынша жұмыстар жалғасын табуда. 2024 жылы азаматтарды қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 59 отбасы тұрғын үй сертификаттарын алды.
1 миллион теңге болатын тұрғын үй сертификаты ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабады. Алушылар санаттарының тізбесіне сәйкес өтеусіз сертификат халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған. Оны алу үшін конкурсқа қатысушы Отбасы банкінде конкурстық іріктеуден өтуі тиіс.
Кандидатура бекітілгеннен кейін өтініш беруші тұрғын үй сертификатын беру туралы келісім жасасады. Бұдан әрі қаражат өтініш берушінің шотына аударылады және банкпен ипотекалық шарт жасалады.
– Мен көп балалы анамын, 4 бала тәрбиелеп отырмын. Тұрғын үй сертификаты берілетінін естігеннен кейін қажетті құжаттарды тез жинап, тапсырдым. Тамыз айында мақұлдау алдым. Сөйтіп, 1 миллион теңге Отбасы банкіндегі есепшотыма аударылды, – дейді Әнуарбек Гүлдәурен.
2024 жылы да тұрғын үй сертификаттарын беру одан әрі жоспарлануда, бұл мұқтаж азаматтардың тұрғын үй проблемаларын шешуіне қосымша қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.