Көрікті Көкшетауға Арқаның дүлдүлі, суырып-салма ақын Біржан сал Қожағұлұлының 190 жылдығына орай Сара Тастанбекқызының өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін «Жетісудің Сарасы – бар қазақтың дарасы» атты жылжымалы көрмесі келіп жетті.
Облыстық тарихи-өлкетану музейінде өтіп жатқан көрменің ашылу салтанатына облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова,мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы-драматург Жабал Ерғалиев және музей саласының майталмандары, Көкшетау қаласындағы жоғары және орта білім беру орындарының студенттері қатысты.
–Екі облыстың арасындағы рухани, мәдени байланысты нығайтып, одан әрі дамыту, сонымен бірге Біржан сал Қожағұлұлының 190 жылдығын атап өту мақсатында Ақмола облысының тарихи-өлкетану музейінің директоры Құдайберлі Мырзабекпен Меморандум жасалып, Сара Тастанбекқызының өмірі мен шығармашылығына арналған көрмені ұйымдастыру бойынша бұрыннан келіскен едік. Олай болса, бүгінгі әкелген жылжымалы көрмеміздің мақсаты – Біржан сал Қожағұлұлының 190 жылдығы аясында ХІХ ғасырда өмір сүрген, көркем сөздің шешені, халық поэзиясының суреткерлік сапасын көтеріп, өмір бойы жыр төккен суырып-салма ақын, қазақ әдебиеті мен мәдениетінде аты қалған Сара Тастанбекқызының өмірі мен шығармашылығын жас ұрпаққа дәріптеу, Көкшенің дүлдүл ақыны Біржан салмен айтысқан айтысын жастарға насихаттау, –деді М.Тынышпаев атындағы Жетісу облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары Күләш Балтабайқызы.
Өзінің құттықтау сөзінде Ақмола облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Баубекқызы Жетісудан жеткен жылжымалы көрмені ұйымдастырушыларға ақ алғысын жеткізіп, сый-сияпат жасады.
– Ежелден бері Жетісу мен Көкшетаудың арасын байланыстырып жатқан не десек, ең бірінші елдің қасиеті мен жердің қасиеті. Қазақ халқы Жетісуді – жер жәннаты десе, Көкшетау – жер шоқтығы. Осы екі жердің арасындағы байланысты ақын Сара мен Біржан сал айтысып, одан әрі жалғай түсті. Соны біз бүгін жас ұрпаққа мәңгілік жыр, мәңгілік мәдени мұра, мәңгілік өнер ретінде насихаттап, үлгі-өнеге етуіміз керек, – дей келе жазушы, журналист Жабал Ерғалиұлы Жетісудан келген көрме ұйымдастырушыларына алғысын жеткізді.
Сонымен бірге,көрменің ашылу салтанатында Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек те сөз сөйлеп, қазақ әдебиетінде алтын әріптермен жазылып қалған Біржан-Сара айтысы туралы айтып, осы екі тұлғаның тарихта қалдырған мол мұралары мен өмірінен сыр шертті, бұған дейін осы екі облыс арасында достық көпірі іспетті болған бірқатар ірі шараларға тоқталды.
Көрменің ашылу салтанатында белгілі әншілер Сәрсенбай Хасенов пен Қазбек Қалиев Біржан салдың шығармашылығынан әндер орындап, жиналған қауымның ыстық ықыласына кенелді.
Сонымен, «Жетісудің Сарасы – бар қазақтың дарасы» атты көрмеге барған адамдар ақын Сара мен Біржан салдың портреттерінен бастап, кішкентай Сара қыздың киген киім-кешектерінің үлгісін, қолына ұстаған домбырасының түпнұсқасын, Біржан салдың жанына серік еткен киелі домбырасының көшірмесін, Сара қыздың шеберлігінің куәсі ретінде қойылған іс тігу машинкасын, ақын қыз қайтыс болғанда, оған Құран бағыштаған молданың қасиетті Құран-Кәрім кітабының түпнұсқасын, атақты композитор Мұқан Төлебаев жазған «Біржан–Сара» операсының түпнұсқа жазбасыменбірінші либреттосын, Жанбота» ариясының жазбасын, Сара ақынның жерленген жеріндегі орнатылған мазардың үлгісін және екі ақынды операда сомдаған әртістердің фотосуреттерін, Сара қыздың шығармалары жинақталған кітаптарды көруге болады.
Жалпы, Сара Тастанбекқызының Біржан салмен айтысы ғасырдан ғасырға үзілмей жалғасып келе жатқан қазақтың айтыс өнерінің шоқтығы биік, көркем үлгісі болып саналады. Көрмені тамашалау барысында оның айтыстан басқа «Жүрек», «Ашындым», «Арсалаң аға алдында», «Жүрек сыры», «Жайлауда», «Әбіштің аруағына», «Хош бол, елім» секілді көптеген өлеңдері мен «Тұзақ» атты дастаны барын да білдік.
Көрме ағымдағы жылдың қыркүйек айының 26-на дейін жалғасады.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Рамиль ДОСУМОВ.