Ақмола облыстық әкімдігінің қолдауымен облыстық мәдениет басқармасының халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы «Жігіт сұлтаны» аймақтық байқауын өткізді.
Байқау Ақмола облысының 85 жылдығына және Біржан салдың 190 жылдығы мен Балуан Шолақтың 160 жылдығына, сондай-ақ, Рақымжан Қошқарбаев пен Көкен Шәкеевтің 100 жылдығына арналды. Дәстүрлі байқау ұлттық тәрбие құндылықтарын насихаттау, өскелең ұрпақтың ұлтжандылық сезімін ұштау, ұлттық рухты сіңіру мақсатында жыл сайын өткізіліп келеді. Биыл, аймақтық байқауға Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарынан және Көкшетау, Қосшы қалаларынан 20-30 жас аралығындағы 13 жігіт қатысты. Сондай-ақ, қатысушылардың өнерін және шеберліктерін анықтау үшін мәдениет және спорт саласы, зиялы қауым өкілдері арасынан қазылар алқасы құрылып, бағалап отырды.
Екі кезеңнен тұратын «Жігіт сұлтаны» аймақтық байқауына қатысушылар Ұлы дала серілерінің бойындағы қасиеттерін паш етті десек өтірік болмас. Өңшең жауырынды, сөзі мен ісі сай ұлтымыздың апталдай азаматтары өз өнерлеріне қайран алдырмай тұрмады. Байқау шарты бойынша, бірінші кезеңде жігіттер өздерін таныстырып, өнерлерін ортаға салды. Дала дарабоздары Біржан сал, Балуан Шолақтың әндерін және өзге қазақтың әуезді әндерін орындады. Ал, екінші кезеңде жамбы ату, аударыспақ, кір көтеру, армрестлинг және қазақ күресі сияқты спорттық сайыстарда ептіліктері мен шеберліктерін көрсетіп, күш сынасты. Тартысты, әрі қызықты бәсекелер көрермендердің делебесін қоздырған ду қошеметтерінен байқалып жатты.
Сонымен байқау қорытындысы бойынша «Жігіт сұлтаны» байқауының бас жүлдесін астаналық Әли Ризабек жеңіп алып, 500 мың теңге ақшалай сертификатқа ие болды. Оған қоса, зеренділік Хамза Айдын «Өнерлі жігіт» номинациясын иеленсе, Егіндікөл ауданының намысын қорғаған Тәттімбек Айбек «Білекті жігіт», Санах Еркебұлан «Қайсар жігіт» аталымдарын жеңіп алды. Және де байқауға Көкшетау қаласының құрамына кіретін Краснояр селосынан қатысқан Ысқақ Айбек «Жігерлі жігіт» атанып, жүлдегер болды. Бұл жеңімпаздарға 300 мың теңгелік сертификат пен дипломдар берілсе, қалған сайысқа қатысушылар ұйымдастыру комитетінің дипломдарымен және 100 теңгелік ақшалай сертификаттармен марапатталды.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.