Баршаңызға белгілі ағымдағы жылдың 6 қазанында республикалық референдум өтеді, онда тек бір ғана «Сіз Қазақстанда АЭС салуға келісесіз бе?» деген сұрақ қойылады. Әлем ұзақ уақыт бойы атом энергиясын адамдардың игілігі үшін белсенді түрде пайдаланып келеді. 31 елде 415 ядролық реактор жұмыс істейді. Бұл елдердің тізімі өте әсерлі, олар барлық дамыған елдерді қамтиды. Оның ішінде АҚШ, Франция, Жапония, Ұлыбритания, Швеция, Оңтүстік Корея, Қытай, Швейцария, Ресей және тағы басқалары бар. Тағы осындай 62 құрылыс салынып жатыр.
Ел тұрғындарына республикада атом электр станциясын салу қажеттігін жақсырақ түсіндіру үшін халықтық штаб құрылды. Оның құрамына сенаторлар, мәжілісмендер, партия өкілдері, ең бастысы мамандар – ядролық физиктер кірді.
Осыған орай 24 қыркүйек күні Ақмола өңірінің аудандарын аралап, Мәжіліс депутаты Айна Мүсірәлімова, сенатор Талғат Жүнісов, «Аманат» партиясы облыстық филиалының жауапты хатшысы Берген Беспалинов және Ядролық физика институты Астана қалалық филиалы директорының орынбасары Дарын Борбеков жұмыс сапарымен келіп, Запорожье мектебінің педагогикалық ұжымымен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кездесуді Берген Беспалинов жүргізіп отырды.
Баяндамашылардың әрқайсысы атом электр станциясы туралы жалпы мағлұмат беріп, оны салудың неліктен қажеттілігі туралы, электр қуатының тапшылығы, елге атом электр станцияларының қажеттілігі, АЭС салудың артықшылықтары, заманауи атом электр станцияларының қауіпсіздігін, олардың жұмыс істеу қағидаттарын және атом электр станцияларының қоршаған орта мен адам денсаулығына әсер ету дәрежесін талқылап, елдің алдағы ұзақ жылдардағы тағдырын асыра айтпастан айқындайтын шешім қабылдауға шақырды.
Сондай-ақ, штаб мүшелері АЭС құрылысын халық мақұлдаса, оны кім салады (бүгінде 4 шетелдік компания өтініш берген), құрылыс құны қанша болатынын, қалдықтар қайда және қалай сақталады, әлемдегі бұл бағыттағы жағдайды түсіндіріп берді.
Бұқараға қоғам дамуындағы прогрестің рөлін ұғындыратын білім саласы болғандықтан мектептің ұстаздар қауымымен болған әңгіменің маңызы зор болды. Өйткені, ұстаздар сол кезде қолжетімді формада жерлестеріне АЭС салу қажеттігінің мәнін айта алады – бұл электр қуаты тапшылығының басты шешімі. Депутаттардың айтуынша, 2030 жылға қарай Қазақстанда электр қуатының тапшылығы сағатына 13 миллиард киловатттан асуы мүмкін.
Жиналғандар осы мәселе бойынша, «Ядролық физика институты» АҚ Астана филиалы директорының орынбасары Дарын Борбековті мұқият тыңдап, осы саланың маманы ретінде жиналғандарды атом электр станциясы құрылысының қажеттілігі туралы толығырақ хабардар етті.
Одан кейін респубикалық штабтың мүшелері екі жыл бұрын күрделі жөндеуден өткен мектепті аралап, оның жайлылығы мен жақсы материалдық-техникалық базасын атап өтті. Одан әрі кездесу Запорожье кентіндегі инвестор «Запорожье-Агро» ЖШС қаржысына салынған фельдшерлік-акушерлік пунктте жалғасты. Серіктестіктің атқарушы директоры Жұмаш Нұрғалиев ФАП ұжымын таныстырып, ғимаратты аралап көрсетті.
Жұмыс сапарының соңында респубикалық штабтың мүшелері емдеу мекемесінің ұжымымен кездесіп, медициналық көмек төңірегінде әңгіме өрбітті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.