Раджан Батырханов – қазақстандық батыр  шекарашы

Осыдан тура 30 жыл бұрын 19 жасында тәжік-ауған шекарасында әскери борышын атқару кезінде қазақстандық Раджан Батырханов қаза тапты. Сол жауынгерлік іс-қимыл кезінде батырдың өз отандастарын қалай құтқарғанын еске ала отырып, «Көкшетау» шекаралық бақылау бөлімшесіндегі әріптестері тиісті орындардан оған «Халық Қаһарманы» атағын беруді сұрайды.

Раджан Батырханов 1975 жылы 27 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы Катон-Қарағай ауылында дүниеге келген. Күршім взводының құрамында жеке қазақстандық жиынтық батальонының ерікті түрде қызмет атқарған. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 1993 жылғы 15 сәуірдегі «Тәжік-Ауған учаскесінде ТМД-ның сыртқы шекараларын қорғауды күшейту туралы» қаулысы бойынша 500 адамнан тұратын жеке жиынтық атқыштар батальоны құрылады. Сол жылдан 2001 жылға дейін қазақстандық шекарашылар Тәжікстандағы тәжік-ауған шекарасын қорғау бойынша өздерінің интернационалдық борышын орындайды.

Шекарада болған жылдары қазақстандық жауынгерлер көптеген ерлік пен елдік істердің үлгісін көрсеткен. Оның бір жарқын мысалы– қазақстандық шекарашы Раджан Батырханов. 1994 жылы 28 қыркүйекте Хаким бандасының екі жүзден астам қарулы қарақшылары тоғыз автокөлікпен Тәжік Республикасының Хорог қаласының маңындағы мемлекеттік шекарадан өтіп, Ауғанстанға бет алады. Сол күні олардың жолына қазақстандық және ресейлік шекарашылартосқауыл болады. Бірінші болып Раджан Батырханов шайқасқа кірген. Осылайша, ол моджахедтерге артқы жағынан соққы беруге мүмкіндік алады.Сол шайқаста қазақстандық батыр жауынгерлік тапсырманы орындау барысында жараланып, қаза тапты. Кейін қарақшылардың қолында болған кепілге алынған адамдар құтқарылды.

– Раджан Батырханов өз өмірін оққа тосып, бізді қорғады. Ол осы оқиғалардың бел ортасында болды. Біз сәл жоғары, таудағы шайқаста болдық. Раджан егер бірінші болып шайқастарға кірмегенде, мүмкін біз сол кезде әлі жоғары қабаттағы қоршауда болатын едік, – деп еске алады Раджан Батырхановтың әріптестері.

– Шатқалда Раджан Батырханов бізге қарай атылып жатқан оққа қарсы тұрып, қарақшылардың көзін құртты. Отан үшін отқа түскен батырымыз бізге осылай өмір сыйлады. Ол қашанда жоғары марапатқа лайық, – дейді әріптесі Мадияр Жапаров Раджанның ерлігін ризашылықпен атап өтіп.

Шекарашы, кіші сержант Раджан Батырханов «Халық Қаһарманы» атағына бұған дейін де ұсынылған, бірақ, бұл атақ оған берілмеді.

ТМД-ның сыртқы шекараларын қорғау кезінде көрсеткен батылдығы мен ерлігі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен ол қаза тапқаннан кейін ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Бүгінде туған жері Катон-Қарағайдағы көшелердің бірі батыр есімімен аталады. 2000 жылғы 5 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен Күршім шекара жасағының «Чиндағатуй» шекара заставасына Раджан Батырхановтың есімі беріліп, оның құрметіне ескерткіш орнатылды. Ал, біз қазақстандық жауынгер Раджан Батырханов  «Халық Қаһарманы» атағына әбден лайық деп білеміз және тиісті орындардан оған сол атақтың берілуін сұраймыз.

«Көкшетау» шекаралық бақылау бөлімшесінің әскери қызметкерлері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар