Халықтың таңдауымен шешіледі

Облысымыздың Есіл ауданына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен Сенатының депутаттары, сондай-ақ, ғылыми қоғамдастық өкілдері жұртшылықпен АЭС салу мәселесі жөнінде кездесулер өткізді.

Кездесулерге қатысқан Мәжіліс депутаты Айна Мысырәлімова, Сенат депутаттары Нұрлан Бекенов пен Талғат Жүнісов, «AMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Берген Беспалинов және Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ядролық физика институты Астана филиалы директорының орынбасары Дарын Боргеков электр желісін үйлестіру компаниясы және локомотив депосының еңбек ұжымдары алдында атом электр станциясын салу мәселесі бойынша алдағы 6 қазанға белгіленгенреферендумның маңыздылығын түсіндірді. Бұл ретте, депутаттар Қазақстан үшін АЭС құрылысының неге қажет болып отырғанын егжей-тегжейлі айта келе, атом станциясын салу туралы шешім елдің тұрақты дамуы үшін жаңа энергия көздерін іздеу мақсатынан туындағанын түсіндірді. Бүгінде Қазақстан электр энергиясына деген қажеттіліктің артуына тап болып отыр. Ал, атом энергетикасы дәстүрлі көмірсутек көздеріне экологиялық таза және тұрақты балама бола алады. Алайда, Парламент өкілдері атап өткеніндей, мұндай ауқымды жобаны іске асыру кең түрде қоғамдық келісімді талап етеді.

Сондай-ақ, кездесуге қатысушыларға АЭС салу және пайдалану кезінде қолданылатын ықтимал тәуекелдер мен қауіпсіздік шаралары түсіндірілді. Ядролық физика институты директорының орынбасарыДарын Боргеков қазіргі заманғы ядролық энергетика қауіпсіздік пен сенімділіктің барлық халықаралық стандарттарына сай келетініне сенім білдірді. «Қоршаған ортаны қорғау және халықтың қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше назар аударылады, бұл әсіресе, құрылыс жүргізілетін аймақ үшін маңызды», – деді ол. Өз кезегінде, кездесулерге қатысқан аудан тұрғындары жоба бойынша сұрақтар қойып, пікірлерін айта алды. Депутаттар қорытынды шешім референдум нәтижелеріне байланысты болатынын, бұл халық еркінің тікелей көрінісі екенін атап көрсетті.

Осылайша, билік өкілдері мен сарапшылар қауымдастығының Есіл ауданына жұмыс сапары азаматтарды АЭС туралы жан-жақты хабардар етудегі және оларды ел үшін стратегиялық мәселелер бойынша шешім қабылдау ісіне тартудағы маңызды қадам болды.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар