Өзінің бар саналы өмірін заңдылық пен құқықтық тәртіпті қорғауға арнаған азамат, азаматшаларымыздың кәсіби мерекесі де жақындап қалды. Олардың ұзақ жылдық еңбегі бүкіл әділет жүйесі жетістігінің кепілі. Бұл жандарды өз ісіне берілген қызметкерлер десек болады. Солардың бірі – өзінің кәсібилігі және жауапкершілігімен әріптестері арасында құрметке ие болған Самал Әбілдина.
Самал Әменқызы 1964 жылы 4 сәуірде Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданы Ұялы ауылында дүниеге келген. «Құқықтану» мамандығы бойынша жоғары білімді маман еңбек жолын 1981 жылы Көкшетау облысы КПСС 22 съезі атындағы совхоздың тәрбиешісі болып бастаған. Кейін ішкі істер органдарында көші-қон полициясы бөлімінде қызметін жалғастырды.
2005 жылдан бастап әділет органдарында жұмыс істеп келе жатқан Самал Әменқызы өзінің мансабын Көкшетау қаласындағы әділет басқармасының бас маманы қызметімен ұштастырды. Осы жылдар ішінде ол бас маманнан бастап басқарушы лауазымдарға, соның ішінде бөлім мен әділет басқармасының басшысына дейін көтерілді.
Бүгінде Самал Әменқызы ең күрделі және жауапты бөлімдердің бірі – сот орындаушыларының қызметін реттеу және бақылау бөлімін басқарады. Бұл бөлім атқарушылық құжаттарды орындау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудың аса маңызды міндеттерін орындайды. Бөлімнің қызметі жоғары деңгейдегі кәсібилік пен жауапкершілікті талап етеді және Самал Әбілдинаның басшылығымен сот шешімдерін орындаудың тиімділігін арттыруға бағытталған жұмыстар жүзеге асырылуда.
Самал Әменқызы – тәжірибелі маман ғана емес, сонымен қатар, жас қызметкерлер үшін тағылымды тәлімгер. Әріптестері оны ашықтығы және білімімен және тәжірибесімен бөлісуге дайын екендігі үшін жоғары бағалайды. Ол әрдайым жас мамандарға қолдау танытып, олардың дамуына және кәсіби өсуіне көмектеседі.
Кәсіби жетістіктерінен басқа, Самал Әменқызы қамқор әже. Оның үш немересі бар, олардың тәрбиесіне көп уақыт бөліп, ең жақсы қасиеттер мен өмірлік тәжірибелерді сіңіруге тырысады.
Жуырда зейнетке шыққалы отырған Самал Әменқызының әділет органдарының дамуына қосқан үлесі айтарлықтай. Оның өзі айтқанындай, жұмыстағы басты нәрсе – бұл өз ісіне деген шынайы сүйіспеншілік. Оны көптеген адамдар үшін үлгілі еткен де осы қасиеті.
Осынау кәсіби мереке қарсаңында әділет органдарының барлық қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, еліміздің игілігі үшін атқарылып жатқан істеріне сәттілік және денсаулық пен жаңа жетістіктер тілеймін. Ал, зейнеткерлікке абыроймен аяқ басқан Самал Әменқызына өзінен кейінгі жас буынға үлгі болар кәсіби жетістіктері үшін ұжым болып, ризашылығымызды білдіреміз. Еңбекпен көркейген әріптесіміз өз ісінің нағыз маманы екені даусыз.
Гүлдарай РАХМАТУЛЛИНА,
Ақмола облыстық әділет департаментінің әкімшілік бөлімінің бас маманы.