Жуырда Ақмола облыстық қан орталығы «Мен донормын» қайырымдылық акциясын өткізді. Оның өткізілуіне Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасы және облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастамашы болды.
Алдыңғы басқарма жастар ресурстық орталығы арқылы осы қайырымдылық шарасына жастарды тартты. Донорлар 450 миллилитр көлемінде қан тапсырады, дені сау адам үшін осынша қан тапсыру физиологиялық қауіп төндірмейді. Оның есесіне ауруханаларда жедел қан құю қажет болған қаншама адамға көмегіміз тиіп жатады. Бұл жолы осы бір аса қажет қайырымдылық акцияға мемлекеттік қызметшілер. волонтерлер және барлық ниет білдірушілер үн қосты.
– Бүгінгі күні қан тапсыру акциясы ойдағыдай өтіп жатыр. Осы іс-шараға қатысу үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасы барлық мемлекеттік органдарға арнайы хат жолдаған болатын. Тиісті орындардың ат салысуымен осы шара өз нәтижесін беріп, қан орталығына донорлыққа ните білдірген біраз адамдар келуде. Оның дені осы бір ізгі ниетке өз жан-жүректерімен ат салысқан біздің белсенді жастарымыз. Оларға осы түсініктері үшін мың да бір алғыс, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Динара Баймағанбетова.
Біз де өз кезегімізде акцияға қатысушылардың бір-екеуін сөзге тарттық.
–Орталыққа қан тапсыруға осымен екінші рет келіп тұрмын. Ауырып-сырқау немесе кездейсоқ бір жағдайға душар болу бәріміздің де басымыздан өтетін жағдай. Сондықтан, «қан керек» деп жатқан соң өз еркіммен қан тапсыруды жөн көрдім. Дәрігерлердің тексерісінен өтіп, осы мақсат биігінен көрінгеніме қуаныштымын, – дейді Арман Бекәлі.
Жалпы, акцияға жүзден аса адам қатысуға ниет білдірсе, шара барысында сол еріктілерден тек төрттен бірі қан тапсырып, донор бола алды. Бұл қан тапсырмас бұрын дәрігерлік тексерістің мұқияттылығынан. Өйткені, ұйымдастырушылар акцияны өткізу кезінде донор боламын деп келгендердің денсаулығына да жауапкершілікпен қарайды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.