Раушан Қабдрашидқызы №7 жалпы орта білім беретін мектепте 20 жыл еңбек етеді. Талай рет негізгі жұмысы мен қолының шеберлігі үшін Құрмет грамоталары, Алғыс хаттары, дипломдармен марапатталған.
Қазақ халқының ұлттық мәдениетінің ең байырғы, аса құнды саласының бірі – қолөнер. Қолөнер өресі биік, өрісі кең өнер. Қазақ қолөнері өзінің төл тума бітім-қасиеттерімен, көркемдік мән-мағынасымен ерекшеленетін асыл қазына. Қолөнер – халық қолөнерімен, тұрмысымен бірге жетіліп, біте қайнасып келе жатыр. Қазіргі кезде сол ұлттық қолөнерді жас ұрпақтың бойына дарытатын, үйрететін – технология сабағы мен қолөнерге байланысты үйірмелер. Өйткені, өзім қолөнер үйірмесіне қатысу арқылы көп нәрсеге көзім жетті. Біз сияқты өскелең ұрпақтың ойын тереңдетуде, шығармашылық қабілеттерін дамытуда, еңбекке қызығушылықтарымен ой-өрістерін кеңейтуде, сонымен қатар, эстетикалық талғам деңгейлерін жоғарылатуда қолөнер үйірмелерінің орны ерекше. Бұл үйірмелер сәндік қолданбалы қолөнердің қыр-сырымен сусындап, халық шеберлерінің ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан керемет шығармаларымен танысу шеберлікке, іскерлікке, еңбексүйгіштікке шыңдалуға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта қоғам үнемі даму үстінде. Осы қоғамда өмір сүріп жатқан адамдардың даму деңгейі мен тыныс-тіршілігі әр алуан. Бүгінгі күннің өзекті мәселесі саналы да салауатты ұрпақ тәрбиелеу және балалардың шығармашылық қабілетін дамыту болып табылады. Қазақ халқы ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздікті нығайтудың, өткенімізді ұмытпаудың бір жолы – ұлттық дәстүр, мәдениеті мен тілімізді, сондай-ақ, қолөнерімізді қастер тұту.
Ата-баба мұрасын бала бойына ұлттық өнер үлгілері арқылы сіңіріп, қолмен істеп, көзбен көрсетіпкелеміз. Егеменді ел болғалы мәдениетіміз, салт-дәстүріміз, әдет-ғұрып, тұрмыс-тіршілік, болмысымыз қайта жаңғырып жатыр. Әр ұлттың өзіне тән қолөнері бары анық. Халық қолөнерінің түп-тамыры – халықтың өмір сүру салтымен, шаруашылық дәстүрімен тығыз байланысты. Жалпы, ұлттық қолөнер бабаларымыздан қалған мәдени мұрамыздың ең асыл құнды қазыналарының бірі. Қолөнер – халық өмірінен, тұрмысымен бірге жетіліп, біте қайнасып келе жатқан бай мұрамыз. Әр мемлекет жастарды өз халқының тарихы, дәстүрлерімен тіршілік ету, білім мен еңбек дағдыларын терең меңгеруге үйретуі қажет.
Көкшетау қаласындағы Станционный қалалық үлгілі кітапханасы Еңбек күніне орай, еңбек адамымен «Еленген еңбек» атты кездесу ұйымдастырды. Іс-шара барысында кітапхананың белсенді оқырманы, педагог Раушан Қабдрашидқызы Бабыловаға құрмет көрсетілді. Раушан Қабдрашидқызы №7 жалпы орта білім беретін мектепте 20 жыл еңбек етеді. Талай рет негізгі жұмысы мен қолының шеберлігі үшін Құрмет грамоталары,Алғыс хаттары,дипломдармен марапатталған.
Кешіміздің қонағы отбасында алған тәрбие жас ұрпақ үшін бүкіл өміріне азық екенін, өзінің еңбек жолы осылай өрбіп келе жатқанын оқырмандарға қызықты, әсерлі әңгімелеп жеткізді және көптеген сұрақтарға жауап берді. Жастарға ақыл-кеңесін айтты.
Оқырмандар, соның ішінде алдынан білім алған шәкірттері де өз ұстаздары жайлы жылы лебіздерін білдірді.
–Қолөнер сабақтарында қазақтың ұлттық ою-өрнектерін ою, оларды бастырмалау, тоқыма мен кесте тоқу сияқты бірнеше жұмыстарды атқарамыз. Ұстазымыз әрбір жұмыс барысында біздің бойымыздан шыдамдылық пен ұқыптылықты, саусақтарымыздың икемділігін көргісі келіп, соның бәрін үйретіп, төселдіріп отырады. Сондықтан болар, өз ісімізге деген сүйіспеншілігіміз оянып, әр ойған өрнегімізге мақтанышпен қараймыз. Өз-өзімізге деген сенімділік пайда болады. Осылай қолөнерге деген қызығушылығымызды арттырып, халық өнерін насихаттап, оны түрлі қиялмен жаңартып, қолөнер бұйымдарының көз тоймас сұлу сипатына бойлататын ұстазымызға мың мәрте алғыс айтамыз. Қазақтың қолөнері біздің мәдениетіміздің құрамдас бөлігі. Онымен айналыса отырып, әрбір адам өзінің қабілетін қолөнерге бейімдейді, осы қолөнердің сан алуан тылсым сырынан көкейге көп ой түйеді. Раушан Қабдрашидқызының бұл еңбегі ертең біздің де өз әдет-ғұрпымыз бен салт-дәстүрімізді өміршең етуіміздің алғы бастамасы болатыны анық, – десті бұл ретте сөз алғандар.
Қазақ халқы «Еңбегіне қарай өнбегі», «Еңбек ерлікке жеткізер, ерлік елдікке жеткізер» деген керемет даналық сөзбен еңбек бар жерде бақ пен береке, дәулет пен зейнеттің бар екендігін нақты жеткізген.
Осы асыл мұрат жолында адал еңбек етіп, сол еңбектің нәтижесін көріп келе жатқан, өзі қадір тұтқан ұрпақты қолөнерге баулып, еңбегі мен қабілеті арқылы көзге түскен Раушан Қабдрашидқызына әрқашан жаңа жетістіктер тілейміз.
Райхан ТҰРЛЫБЕКОВА,
Көкшетау қаласындағы Станционный үлгілі
кітапханасының кітапханашысы.