Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Халықты толғандырар мәселелер аз емес - АРҚА АЖАРЫ

Халықты толғандырар мәселелер аз емес

Адамның басты байлығы – денсаулық екені баршамызға аян. Медицина саласы дамып, шетелде жасалатын ауыр оталар өзімізде жасалып жатыр. Десек те, басы ауырып, балтыры сыздаған халықтың айтар шағымы жоқ емес, ел ішінде халықтың жанайқайын тудыратын күрмеуі шиеленіскен түйінді мәселелер бар. Қымбатшылық қос өкпеден қысқан заманда қоғамның наразылығын, наласын тудырған заңға қайшы әрекеттер, шымбайға батқан әділетсіздік, жемқорлық сияқты өткір түйткілді мәселелерден көзі қарақты жұрт жақсы хабардар. Мысалы, жай ғана УЗИ-ге түсу үшін бірнеше апта, тіпті айлап та күтуге тура келеді екен. Себебі, бүкіл емханаға бір-ақ УЗИ істейтін көрінеді. осыншама көптеген халыққа бұл не деген масқара?! Оның есесіне еліміздің барлық қалаларында десем, қателеспейтін шығармын, біздің Көкшетаудың өзінде де осындай ақылы қызмет көрсететін бөлімдер жетіп артылады. Жақында бір танысым ақылы УЗИ-ге түскен анықтамасын дәрігері көріп, тиісті дәрілерін қабылдағаннан кейін екі аптадан соң қайта УЗИ-ге түсу керектігін айтып, кезекке қойғызады екен, бірақ, «содан бері бір айдан асты, әлі кезегімді күтудемін, тағы да ақылыға баратын шығармын» деп налиды. Сонда бұл халықтың қалтасын қағу ма, әлде жасап жатқан жақсылықтары ма? «Медициналық сақтандыру» деген қайда кетті? Дәрілер де дәріханада әртүрлі бағада сатылады, бәрінде де қымбат. Бұларды реттейтін орындар бар ма, талай айтылып та, жазылып та жүр, нәтиже жоқ.

Мен кейде реті келгенде тілшілермен, спорт саласындағы жаттықтырушылармен, тағы басқа лауазым иелерімен кездескенде, «осындай күрделі мәселелер жайлы тиісті орындарға жеткізіп, шара қолдануына ықпал етпейсіздер ме?» деп сұрағанымда, әрқайсысының айтар себеп, уәждері бар. Тілшілер «біздің жазғандарымызды оқымайтын шығар» деп күмілжиді немесе бастарын қатырғылары келмей ме, одан да өздеріңіз сол лауазым иелерінің есіктерін қағып, айтсаңыздар әлдеқайда дұрыс болар деп ойлаймыз» дейді. Оған да келісуге болатындай. Дегенмен де, газеттің беделін, ажарын келтіретін орынды сын мақалалар болса дейміз. Бұрын газет сыны ықпалды еді, одан билік орындары әрбірден соң қорқып, тайсалатын. Талай спорт саласының жаттықтырушыларының айтатындары «күрделі жарыстарда жеңген шәкірттерімізді көрер көзге жеңілді етіп жіберетіндері бар, олардың артында үлкен көкелері тұр, қарсы келе алмаймыз, жұмыссыз қалғымыз келмейді. «Аузы қисық болса да байдың баласы сөйлесін» деген әдеттен қашан арылар екенбіз» дейді.

Мемлекет басшысы ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының жүлдегерлерімен кездесуінде, айтуынша соңғы бес жылда жоғары жетістіктер спортына шығын екі есе өскен, бірақ, соған лайық нәтиже жоқ. Спорт саласында жемқорлық фактілері жиі кездеседі. Бұл тек отандық спорттың дамуына ғана емес, елдің абырой-беделіне нұқсан келтіреді. Ел ішінде түрлі жарыстарда әділдікті қамтамасыз ету, спортшыларды іріктеу жұмыстары барынша ашық жүргізілуі керек екенін атап өтті Мемлекет басшысы. Біздегі спорт әсіресе, бокс нәтижесін Париж Олимпиадасы көрсеткен жоқ па, қасымыздағы өзбек ағайындардан ұялатын халге жеттік.

Айта берсек, түйткілді мәселелер жетерлік. Биыл облыс орталығындағы екінші саяжайдың маңында жаңа мектеп ашылып, жұмыс істеп жатыр. Бұл да бір қуанарлық жай. Дегенмен, сол мектепте оқитын әсіресе, бастауыш сыныптың балаларының ата-аналары балалары үйге келгенінше жандарын шүберекке түйіп отырады. Себебі, жолдың бергі бетіне өту үшін аялдама тұсында «пешеход» деген белгі тұрғанымен, кейбір жүргізушілер қатты жылдамдықпен өтіп кетіп жатады. Жақында «Нулевая» аялдамасында бір оқушы баланы жеңіл машина қағып кеткенін көргендер айтады. Абырой болғанда, бала аман қалған. Егер әр аялдаманың екі жағынан да «төселген полицей» орнатылса, бірсыдырғы мәселе шешілген болар еді. Өйткені, Көкшетау-Краснояр бағытына  жүретін автокөліктер өте көп.

«Бәрін айт та бірін айт» демекші, бұл орайда мемлекет, жергілікті басшы орындар тарапынан қатаң шаралар қолданылмаса, мен айтқан мәселелер шешілмейтін сияқты.

Роман САХИҰЛЫ,
зейнеткер.

 Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар