500-ден астам студент егін жинау науқанына қатысуда

Қазір облысымызда егін жинау науқаны қарқынды жүргізіліп жатыр. Ауа райының соңғы күндерде ашық болуы егінді төкпей-шашпай жинап алуға мүмкіндік беруде.

4 жарым мың гектарға жуық алқапты алып жатқан дәнді дақылдарды жинап алуға диқандармен бірге он бір колледждің студенттері де ат салысуда. «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандығы бойынша білім алып жүрген олар жыл сайын тәжірибе жинақтау мақсатында дәстүрлі түрде егін жинау науқанына қатысып, кәсіби дағдыларды игереді.

–Біз бір жарым мың гектарға жуық алқапта жұмыс істейміз, оның 900 гектары егістік алқап. Соның ішінде 520 гектарға дәнді дақылдардан бидай мен арпа егілген. Осы күзде өндірістік тәжірибе аясында Астрахан ауданының ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында 66 студентіміз тәжірибеден өтуде,–дейді Астраханка агробизнес және сервис колледжінің директоры Валентина Путинцева. – Болашақ механизаторлар біздің және көршілес облыстардың шаруашылықтарында алдын ала жасалған келісім-шарттар негізінде жұмыс істейді және оларға тиісті ақы төленеді.

–Біз биылғы егін жинау науқанына үлкен ынта-ықыласпен қатысып жатырмыз. Оқу процесінде алып жатқан осындай кәсіби дағдылар бізге колледжді бітіргеннен кейін жұмысқа орналасуға үлкен мүмкіндік береді деп ойлаймыз және осы үшін өзімізге білім беріп жатқан ұстаздарымыз бен өндірістік шеберлерге алғысымызды білдіреміз, – дейді аталмыш колледждің 2 курс студенттері Илья Бахарев пен Жеңіс Дастанов.

–Өндірістік практика кезінде мен ауыл шаруашылығы техникаларының түр-түрін игеруге талпынып жатырмын. Әрі оларға техникалық қызмет көрсетіп, жөндеу жүргізуге қатысамын. Сөйтіп, алған білімімді ауыл шаруашылығы жұмыстарының тиімділігін арттыру үшін тәжірибеде қолданамын, – дейді тағы бір Каменка агротехникалық колледжінің екінші курс студенті Иван Цимбальский.

Сонымен, Ақмола облысы бойынша осы күндері 500-ден астам студент егін алқабында жұмыс істеп жүр. Облыстық білім басқармасы қызметкерлерінің айтуынша, бұл – ауыл шаруашылығы саласы мамандығына оқып жүрген студенттер үшін өте маңызды әрі жауапты кезең. Өйткені, олар колледж қабырғасында алған білімдерін нақты істе қолданып, техникамен тиімді жұмыс істеуді, ондағы ақауларды тез жоюды, сондай-ақ, дақылдарды өсіру технологияларының қыр-сырын үйренетін көрінеді.

Ы.ШАМШИЕВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар