Жүсібалина Орынтай Мұсалімқызы биыл 72 жасқа толды. Өзінің құрметті жасына қарамастан, ол кісі мәдени және қоғамдық жұмыстармен белсенді айналысады. Мәдениет ардагері өз уақытын тек үйде өткізбей, қаламыздың мәдениет мекемелері ұйымдастыратын іс-шаралардың жиі, құрметті қонағы. Ол жастармен мәдени-ағартушылық жұмыс бағыты бойынша сұхбат беріп, өлеңдерін оқып, әндерін айтып, мол тәжірибесімен бөліседі.
–Мәдениет пен тәрбие бір-бірімен тығыз байланысты және жастардың бойына мәдени құндылықтарды сіңірмей, рухани-адамгершілік тәрбие беру мүмкін емес, – дейді Орынтай апай.
Көкшетау мәдениет колледжін аяқтағаннан кейін, мәдениет саласында отыз жылдан астам жұмыс істеп, оның ішінде 17 жыл Краснояр ауылындағы «Көкше» мәдениет үйінің директоры болып қызмет атқарды. Көптеген дарынды өнер иелерін тәрбиелеп, олардың өмірлеріне жолдама берді деуге де әбден болады.
Өнерге, әдебиетке деген сүйіспеншілік оған танымал ақын-жазушылармен, ақындармен, әртістермен тығыз қарым-қатынас арқылы келді, олар оның әнге, музыкаға, шығармашылыққа деген қызығушылығын оятты. Олардың арасында жерлесі, Қазақстанның халық ақыны Көкен Шәкеев те бар. Орынтай апай домбырада ән салып қана қоймай, туған Көкшетауына, табиғатқа, отбасына арналған өз әндерін шығарып, орындайды. 2022 жылы оның «Үкілім Көкшем» атты кітабы жарық көрсе, биыл Көкшетау қаласына 200 жыл толуына орай «Көгілдір Көкше» әнін шығарды. «Әжелер» фольклорлық тобының құрамында ауыл тұрғындары алдында концерттермен жиі өнер көрсетті.
Белгілі журналист, ақын Қорғанбек Аманжолов өзінің «Біржан бұрмалары» кітабында осы ғажайып, шығармашыл адам туралы да жазған еді. Шығармашылық жастармен кездесулерде Орынтай апай өз кеңестерімен және тәжірибесімен бөлісіп:
–Мәдениет қызметкерлері бүгінде шығармашылықпен өмір сүріп, тыныс алуы, ең жарқын да жақсы оқиғалардың ортасында болуы, басқаларды өзінің жағымды қасиеттерімен баурап алуы, қазақ халқының мәдени мұрасын дамыту мен насихаттауды ұмытпай, уақытпен қатар жүруі тиіс, – дейді. Расында, тауып айтылған сөз-ау.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.