Елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы белсенді түрде жүзеге асырылуда. Осыған орай Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Ақмол ауылында тағы бір білім ордасының ашылу салтанатына қатысты.
Мектеп ауысымына 1200 баланы қабылдай алады. Онда 93 кабинет, оның ішінде 4 информатика кабинеті, 7 мамандандырылған кабинет, 2 спорт залы, асхана, кітапхана, хореография кабинеттері бар.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов мектептің ашылуымен құттықтап, жаңа оқу жылында облыста 5 мектеп ашылғанын, оның төртеуі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша салынғанын атап өтті.
– Бұл жоба арқылы мектептердегі орын тапшылығы өз шешімін тауып, мәселесін шешіп, оқушылар мен мұғалімдерге қолайлы жағдай жасалады. Елорданың іргесінде орналасқан Целиноград ауданында халықтың көп қоныстануынан демографиялық көрсеткіштердің өсуіне байланысты мектептерде оқушы орындарының тапшылығы туындап отыр. Сондықтан, құрылысты жоспарлау кезінде осы жағына көп көңіл бөлінді. Қабылданған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында ата-аналармен бірлесіп тиімді профилактикалық және ақпараттық жұмыстарды жалғастырумен қатар, балаларды оқыту мен тәрбиелеуге қолайлы жағдай жасай түсудің маңызы өте зор, – деп атап өтті М.Ахметжанов.
Оқушылар мен ұстаздар алдында сөз сөйлеген Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының білім сапасын арттыру, қала мен ауыл мектептерінің айырмашылығын теңестірудегі ерекше орнын атап өтті.
– Білім сапасын арттыруда басты рөл педагогикалық ұжымға тиесілі. Былтырдан бері елімізде «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» атты жаңа форматтағы ұстаздарды іріктеу және даярлау бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда 130-дан астам білікті жас жайлы мектептерге директор болып тағайындалды. Тәрбие жұмысы алда да басым бағыт болып қала береді, – деді министр.
Сапар барысында облыс әкімі мен Оқу-ағарту министрі мектеп оқушыларының тамақтандырылуын ұйымдастыру мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тексерді. Сонымен қатар, «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан ата-аналарға педагогикалық қолдау көрсету орталығы, Әкелер кеңесінің клубы және «Даналық мектебі» таныстырылды. Олардың ашылуы, ең алдымен, бала тәрбиесінде мектеп пен отбасының өзара әрекеттесуін нығайтуға, патриотизмді дамытуға бағытталған.
Ауданда Қабанбай батыр ауылында да жайлы мектеп құрылысы аяқталуға жақын. Облыс әкімі Қызылжар селосында да болды. Мұнда «Мелс» ЖШС-інің күшімен фитнес орталық, көп қабатты тұрғын үй салынуда. Өткен жылдан бері «Өнер» білім беру-шығармашылық орталығы жұмыс істейді. Супермаркет, медицина орталығы, тігін цехы және мейрамхана бар. Мұның бәрі жеке қаржыға салынған. «Мелс» ЖШС-інің құрылтайшысы Әлібек Сүлейменов Қызылжар ауылын дамытудың алдағы жоспары туралы баяндады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Целиноград ауданы.