Қазақстанда қазан айында ауа райы құбылып, елдің бірқатар өңірлерінде қыс келіп, өзге өңірлерде қар аралас жаңбыр жауып, күн бұзыла бастайды. Қазгидромет осы айға ауа райы болжамын жария етті.
Қазан айы – күздің ортасы, қыс алдындағы кезеңге өту уақыты.
Метеорологтардың ақпаратына сүйенсек, айдың бірінші онкүндігінде елдің көп бөлігінде атмосфералық фронттар ауысқандықтан жаңбыр жауып, секундына 15-25 метрге дейін жел күшейеді. Солтүстік-шығыста, шығыста, оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында түнгі уақытта қар аралас жаңбыр жауады. Кей күндері антициклонның әсерінен жауын-шашын тоқтауы мүмкін. Бірінші онкүндіктің соңында республика бойынша қайтадан жылы ауа райы орнайды, солтүстік бөлігінде ауа температурасы +10+18°С-қа дейін, ал оңтүстік және батыс бөлігінде +20+28°С-қа дейін жылынады.
Айдың бірінші онкүндігінде республиканың көп бөлігінде атмосфералық фронттардың өтуімен жаңбыр, секундына 15-25 метрге дейін желдің күшеюі болжануда. Еліміздің солтүстік жартысында, шығыста, оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында түнгі уақытта жаңбыр қар аралас жаңбырға ауысуы мүмкін. Кей күндері антициклонның әсерімен жауын-шашынның тоқтауы болжанады.
Бірінші онкүндіктің басында ауа температурасының төмендеуі күтілуде. Республиканың батысында түнде +3+12°С-тан -3+5°С-қа дейін, күндіз +18+27°С-тан +13+22°С-қа дейін; солтүстікте, солтүстік-батыста, орталықта, шығыста түнде 0,+8°С-тан -1-6°С-қа дейін, күндіз +17+25°С-тан +5+13°С-қа дейін.
Елдің қалған аумағында ауа температурасының ауытқуы болжануда: оңтүстік-батыста, оңтүстікте түнде +10+18°С-тан +7+15°С-қа дейін, күндіз +23+28°С-тан +20+25°С-қа дейін; оңтүстік-шығыста түнде +5+13°С-тан +10+15°С-қа дейін, күндіз +20+25°С-тан +15+20°С-қа дейін.
Айдың екінші және үшінші онкүндіктерінде елдің солтүстік жартысында барикалық құрылымдардың жиі алмасуымен ауа райы тұрақсыз болады деп болжануда – жаңбыр, қар аралас жаңбыр, екпінді жел, көктайғақ және тұман күтіледі. Республиканың оңтүстік жартысында ауа райы негізінен жауын-шашынсыз болады, дегенмен фронттардың күшеюіне байланысты кей күндері жауын-шашын көбінесе жаңбыр түрінде күтіледі.
Дайындаған Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.