Құрылысы көп. Одан мерзімі мен сапасына нұқсан келмеуі керек

Өткен бейсенбіде облыс әкімі Марат Ахметжанов Көкшетау қаласындағы әлеуметтік маңызы бар бірқатар құрылыс нысандарын аралап, ондағы жұмыстың барысымен танысты және әр жобаның белгіленген уақытта пайдалануға берілуін қадағалауды жауапты басқармалар мен тапсырыс берушілерге тапсырды.

 Облыс әкімі Көкшетау қаласындағы жұмыс сапарын Вернадский және Б.Әшімов көшелерінің қиылысында құрылысы қызу жүріп жатқан 4 көпқабатты  үйлердің жұмыс аумағын барып қараудан бастады. «Integra Construction KZ» компаниясы мердігерлік ететін құрылыс алаңындағы жұмыс ағымдағы жылдың мамыр айында басталған. Қазіргі уақытта онда алғашқы бесқабатты 15 пәтерлі үйдің қабырғалары мен төбесі жабылған, алдағы аптада терезелері салынып, ішкі жұмыстары басталмақшы. Ал, екінші 30 пәтерлі бесқабатты үйдің қазіргі уақытта төртінші қабаты көтеріліп үлгерген. Мердігер компания бұл 45 пәтерді Көкшетау қаласы әкімдігінің балансына бизнестің әлеуемттік жауапкершілігі шеңберінде сыйға тартпақшы. Сондықтан, қала әкімінің міндетін атқарушы Гүлмира Шукатова бұл үйлердің барлық коммуникациялық желілері жоба бойынша толық аяқталып, дайын күйінде тапсырылуы қажеттігін тиянақтап, құрылыс алаңында бірден келісіп алды.

–Бұл салынып жатқан көппәтерлі үйлер көпбалалы, аз қамтылған отбасылар мен кезек күткен мемлекеттік, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне тапсырылады. Ішкі, сыртқы және аулаларын көркейту жұмыстары сапалы, әрі дер уақытында аяқталсын, –деді облыс әкімі. Мердігер компанияның бас директорының стратегиялық жобалар жөніндегі орынбасары Әлібек Қайролланың айтуынша, компания өз қаражаты есебінен 700 миллион теңгеге жалпы саны 45 пәтерді құрайтын екі көппәтерлі үйді салып, қала әкімдігіне тапсырады. Құрылысы енді басталып жатқан 90 пәтерді құрайтын екі бесқабатты үйлер мемлекет қаржысы есебінен жүзеге асырылады. Жалпы, бұл аумақта салынып жатқан алғашқы екі көпқабатты бұл үйлер ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс. Оған мердігер компанияда келісім беріп отыр.

Бұдан әрі аймақ басшысы биылғы көктемгі су тасқыны кезінде су шайған Б.Әшімов көшесінің бойындағы №12 мектептің жанындағы көпір жолының қазіргі күйі мен Қылшақты өзенінде жүргізліп жатқан тазарту жұмыстарын тексерді.Өзенді тазартуды қолға алған мердігер қажетті техникалардың жеткілікті екендігін, осы күнге дейін 3 шақырымға жуық аумақты 2 метрге дейін тереңдетіп, кеңейткенін алға тартты. Қазіргі уақытта бұл жұмысқа 4 адам жұмылдырылып, таң атқаннан күн батқанша жұмыс істеп жатқан көрінеді. Сонымен бірге, бұған дейін де жазғанымыздай, көпір күзде бұзылып, қыста онда құрылысқа қажетті дайындықтар жүргізіліп, көктемде құрылыстың басты жұмыстары қолға алынады. Сондай-ақ, облыс әкімі қала басшысының міндетін атқарушы мен жауапты басқармаларға бұл көпірдің астымен өтетін Қылшақты өзені жаз бойы суға толып тұратындай жағдай жасауды қарастыруды, маңайына көпжылдық шөптер егуді тапсырды.

Облыс орталығында кәсіптік білім беретін бірнешеколледждің бар екені белгілі. Оқуға келетін білім алушылардың басым бөлігі ауыл балалары болатындықтан, олардың көбіне жатар орнын тауып беру – жатақханаларында орын жетпейтін білім ордаларына ауыртпалық туғызатыны сөзсіз. Сондықтан, азаматтық қорғаныс жоғары көпсалалы колледжі былтырдан бері өздерінің студенттеріне жайлы жағдай жасау мақсатында жатақхана салуды бастаған еді. 450 орынды қамтитын ғимарат жыл соңына дейін аяқталып, студенттер игілігіне беріледі деп күтілуде. Оқу орнының құрылтайшысы Шоқан Қасымның айтуынша, жалпы білім ордасында әртүрлі мамандық бойынша 2400 студент білім алуда. Студенттердің 60 пайыздан астамы ауыл балалары. Кәсіптік білімді игеріп шыққан түлектердің 78 пайызы жұмыспен қамтылады екен. Жаңадан салынып жатқан жатақханада спорт залы, асхана, кітапхана секілді студенттердің бос уақытын өткізуге арналған түрлі секциялар болады деп күтілуде. Қазіргі уақытта құрылыс нысанында 110 адам жұмыспен қамтылған.

Бұдан әрі аймақ басшысы Сарыарқа шағын ауданында салынып жатқан екі жайлы мектептің құрылысын көруге барды. Жоспар бойынша білім ошақтары ағымдағы жылдың соңына дейін тапсырылып, үшінші тоқсанда балаларды оқыта бастауы қажет. «УК Строй» серіктестігі мердігер болып табылатын 1500 орындық мектеп жобасының құны 7,8 миллиард теңгені құрайды. Жоба жетекшісі Ермек Қарағаевтың айтуынша, қазіргі уақытта мектепке барлық коммунакациялық желілер кіргізілген, ішкі жұмыстары жүргізілуде. Жиһаздары мен қажетті құрал-жабдықтарына тапсырыс та беріліп қойылған. Жыл соңына дейін мектеп тапсырылады. Аймақ басшысы мердігер компанияның өкіліне құрылыс алаңындағы жұмыс қарқынын үдетіп, белгіленген кестеден қалмай, тиісті мерзімде тапсыруына тапсырма берді. Сонымен бірге, аумағын көркейту бойынша маңайына төселетін асфальт, басқа да жабындыларды күннің ашық кезінде төсеп, дайындап қоюларын ескертті. Мектепке келетін жолға қазіргі уақытта асфальт төселіп, аяқталуға шақ қалған.

Сарыарқада салынып жатқан мектептің енді бірін «Integra Construction KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алған. «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында салынып жатқан бұл жобаның құны да 7,8 миллиард теңгені құрайды. Құрылыс алаңында 160  адам  жұмыс істеуде. Жоба жетекшісінің айтуынша, оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес білім ұясына кіретін есіктер де үш жақтан қарастырылған. Жыл соңына дейін мектеп пайдалануға беріледі деп сендірді мердігер компанияның бас директорының стратегиялық жобалар жөніндегі орынбасары Әлібек Қайролла. Аймақ басшысы, екі мектептің де мердігерлеріне жұмыс қарқынын күшейтудің маңыздылығын ескертті. Байқағанымыздай, екі мектепте де қалған құрылысқа қажетті  материалдар толық жеткізілген. Кірпіштері жергілікті «Енки» серіктестігінің өнімдері.

Облыс орталығындағы жұмыс сапарын қорытындылаған аймақ басшысы салынып жатқан әрбір әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысын қадағалап, жұмыстың сапалы, әрі кестеге сай атқарылуын қадағалауды тиісті басқармалар мен мердігер компаниялардың басшыларына тапсырды.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар