Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бір адалдық – бес асыл... - АРҚА АЖАРЫ

Бір адалдық – бес асыл…

Бүгін, 5 қазан күні Алматыда көрнекті журналист, ақын-жазушы, драматург, жерлесіміз Сарбас Ақтаевтың 90 жасқа толуына арналған мерейтойлық іс-шара өтеді. Бұған дейін қаламгердің туған күні – 30 қыркүйекке орайластырылып, «Арқа ажарының» 28 қыркүйек күнгі сенбілік саны Сарбас ағамыздың өмірі мен сан қырлы шығармашылығына арналған еді.

 Одан бері де мерейтой иесінің өмірінде 90 жасымен орайлас тағы бір қуанышты оқиға орын алып, туған жері – Ақмола, Көкше өңірлерінің мәдениеті мен рухани-қоғамдық өміріне қосқан зор үлесі үшін Сарбас ағамыз «Ақмола облысының құрметті азаматы» атағына ие болды. Есімі дүйім елге белгілі абзал да абыз ағаны осы қуанышымен қызу құттықтай отырып, біз бүгін Алматыдағы мерейтойына байланысты қаламгердің алдын, жақсылық-шарапатын көрген бір топ өзінен кейінгі буын өкілдерінің жылы лебіз, ой-пікірлеріне газет бітінен және бір орын беруді жөн көріп отырмыз.

Жанболат АУПБАЕВ,
Қазақстанның Еңбек Сіңірген қайраткері

Сарбас аға туралы менің көзқарасым тұрақты. Ұстанымым берік. Ойым орнықты. Мұның темірқазық тіні ол кісі екеуміздің арамыздағы сыйластықта, құрмет пен ізгіілтипатта. Адамгершіл осы ұғымдар бір күнде немесе бір айда пайда бола қалған жоқ. Баспасөз саласындағы күрмеуі көп күрделі жағдайларға толы 55 жылдық өмір жолымыздағы сын-сынақтарда беркіген тұжырым. «Бұған алғышарт, негіз болған не?» – деген сұрақтың туары анық осы арада. Айтайық.

1969 жылдың шіліңгір шілдесі. Сол кездегі астаналық облыстың Нарынқол ауылындағы орта мектепті бітірген мен Алматыға келдім. Ойым КазГУ-дің журфагына бағымды сынап көру. Құжат қабылдау кезінде аяқ астынан бір қиындық алдымнан шықты. Ол аудандық газет редакторының жас тілші ретінде маған берген мінездемесінің жарамсыз болып қалғандығы еді. Онда мөр басылмай, жай қол қойыла салған екен. Не істеу керек? Комиссия мүшелерінен кері қайтқан құжаттарымды ала салып, университеттен екі көше төмен орналасқан облыстық «Жетісу» газетіне қарай құстай ұштым. Редакцияны тауып, екінші қабаттағы есігі ашық тұрған кабинетке кіргенім есімде. Төрде отырған орта бойлы, ақсары жігіт ағасы жылы шыраймен қарсы алды. Асыға-үсіге баяндаған қиын жағдайымды білген соң қолымдағы аудандық, облыстық басылымдарда жарияланған мақалаларымның қиындысына толы альбомымды ашып көрді. Сөйтті де «Жетісуға» шыққан хабар-ошар, суреттеме секілді дүниелеріме көз жүгіртіп қарады да үн-түнсіз мінездеме жазуға кірісіп кетті. Біраздан соң: «Мә, інішек! Ал! Оқуға түсіп кетуіңе тілектеспін!», – деді алдындағы қағазға сейфтен алған мөрді нығырлай басып жатып. Ісімнің әп-сәтте бітіп, жолымның оңғарылғанына сенер-сенбесімді білмеген мен: «Рахмет, аға! – дедім көзім жаудырай тіл қатып. – Аты-жөніңізді біліп жүрейін. Сіз кім боласыз?». «Сарбас Ақтаев деген ағаңмын. Осы «Жетісу» газеті редакторының орынбасарымын», – деді ол кісі дәлізге дейін шығарып салып тұрып.

Міне, Сәкеңді мен ең алғаш осылай көріп, біліп, танысқан едім. Сол жазда ағамыз берген жоғарыдағы мінездемемен құдай оңдап, оқуға түсіп кеттім. Арада бес жыл өткен. Университетті бітіріп, «Лениншіл жас» газетіне стажер болып орналасқанымда, Сарбас ағаның «Социалистік Қазақстанда» жұмыс істейтінін білдім. Қызметі осы басылым редакторының орынбасары екен. Арнайы түрде барып сәлем бергенімде, бойым өсіп, ойым ержеткен мені көргеніне қуанышты екенін айтты. Содан бастап Максим Горький көшесіндегі «Баспасөз үйі» деп аталатын тоғыз қабатты ғимаратқа таңертең мен кеште бірге кіріп-шығып жүрдік. Сондағы аман-сәлеміміз бізді жақындастыра түскендей еді.

Осылай арада 15 жыл өткен. Бұл уақыт аралығында «Жалын», «Қайнар» және «Қазақстан» баспаларынан төрт кітабым шыққан мен КСРО Жазушылар одағына мүшелікке өтуге дайындала бастадым. Бұл үшін өзімнің айналысып жүрген тақырыбыма байланысты деректі шығармаларымен аттары белгілі үш қаламгерден кепілдеме алуым керек екен. Оның біреуін курстасым, ғалым Тұрсын Жұртбаев жазып берді. Екіншісін деректі туындылардың көрнекті өкілі Бейбіт Қойшыбаевтан алдым. Ал үшіншісіне… Сарбас ағам есіме түсіп, сол кісіге келдім. Меселімді қайтарған жоқ. «Жарайды», – деді. Сөйтті де кепілдемені келесі күні жазып бітіріп, қолыма берді. Мұны қалай ұмытарсың?!

Сәкең туралы әңгіме қозғалғанда ойыма мына бір жәйт, яғни, 1991 жылдың аяқ кезіндегі оқиға оралмай қоймайды. Ол кезде мен «Қазақстан коммунисі» (қазіргі «Ақиқат») журналында жауапты хатшы едім. Бұл КСРО құлап, соған дейін кеңестік жүйеде өмір сүріп келген адамдардың жаңа қоғамды бөтенсіп, оған тосырқай қарап жатқан кезі-тін. Сондай әрі-сәрі жағдай дені қарт адамдар болып табылатын біздің редакцияда да болды. Осының салдарынан бөлмелерде бос сөз көбейіп, жұмыс жүрмеді. Ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуал төмендеп кетті. Бұл сырт жаққа да белгілі болып қалды-ау деймін, бір күні Сарбас аға маған телефон соқты. Ол кезде бұл кісі Парламенттің жаңа басылымы «Халық кеңесінде» бас редактор еді. Аман-саулық сұрасып болған соң: «Ол журналды қайтесің. Сен негізі газеттің адамысың. Сондықтан оны қой да, бізге кел. Мұнда жұмыс қызықты», – деді. Содан аз уақыт өткен соң мен «Халық кеңесіне» келіп, бас редактордың орынбасары болып жұмыс істей бастадым. Екі жылдан соң бірінші орынбасар лауазымына тағайындалдым.

Жоғарыдағы өмірлік мысалдарды еске ала отырып айтпағым, өздеріңіз байқап отырғандай құрметті оқырман, мен Сәкеңнен үш рет қамқорлық көрген жанмын. Біреуге қол ұшын беру, көмектесуден басқа ағамыздың бойындағы еңбекқорлық қасиетін атап айтпай кете алмаймын. Қарап отырсақ, қылқандай жас кезінде Көкшетау облысындағы аудандық, одан облыстық газетте еңбек еткенінен бастап, Алматыдағы «Ара» – «Шмель» сатиралық журналында екі жыл бөлім меңгерушісі, «Жетісу» газетінде үш жыл редактордың орынбасары, аға басылым «Социалистік Қазақстанда» 17 жыл орынбасар, «Халық кеңесінде» төрт жыл бас редактор болу оңай жұмыс емес. Осындай ауыр, қиын қызметтерге қарамастан Сәкең жазу мәселесін ұмытпай, оны қатар алып жүріп, өз шығармашылығын жоғалтпаған адам. Оны кейіпкеріміздің баспалардан әр жылдары жарық көрген «Тұңғыш кітап», «Дала туралы толғау», «Қапшағай хикаясы», «Бұлар бірінші болып еді», «Абылай хан», «Ханзаданың қасіреті», «Қазақ ханымдары» деректі-танымдық кітаптары анық дәлел. Ал ағамыз еңбеқорлығының шырқау шыңы болып табылатын аудармашылық өнері ше? Ғажабы сол, Сәкең тәржімелеген шығармаларға зер салып қарасақ, ол телтумалардың сол төлтумалардан ажырағысыз оқылатындығы. Туындылардағы мәтіндер табиғи. Кітап аттарының аударылуы еркін. Бұған Р.Фраерманның «Дикая собака Динго» атты хикаятын «Түз тағысы Динго», ал В.Обручевтің «Земля Санникова» шығармасын «Жұмбақ жер» деп қазақы ұғымға жақын етіп алғанын айтсақ та жеткілікті. Ал аудармашының төл тілімізде сөйлеткен кітаптарындағы мәтіндер ше? Олар да төрт аяғын тең басқан жорғадай тайпалып тұрғанын байқаймыз. Мысалы, М.Шолоховтың «Дон әңгімелері», Н.Ановтың «Ән қанатында», Д.Мамин-Сибиряктің «Қияндағы қыстау» туындыларының тәржімелерін өз ұлтымыздың қаламгерлері жазғандай қызығып, құнығып оқисың. Кейінгі кезде Сарбас ағаның үлкен бір істі қолға алып, оны абыроймен орындап шыққаны да өте сүйінішті. Ол тілі ауыр, стилі қиын М.Булгаковтың «Ақ гвардия», «Майталман мен Маргарита» романдарын қазақ тілінде сөйлетуі. Жасы ұлғайған шақта мұндай қадамға бару екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа екені анық. Ал Сәкең бұған барды. Және оны шеберлікпен орындап шықты.

Адамгершіл тұрғыдан айтсақ, айналасындағы үлкен-кішіге қамқор, кәсіби мамандыққа байланысты сөз етсек, газет-журнал мен аудармадағы қара жұмыстың қабырғасын сындырған еңбекқор, құдай берген қабілет-қарым әлеуетін байыптап-бағамдасақ, қаламы қуатты шығармашылық иесі, ұлтымыздың моральдық-этикалық ұстанымдарының бірі – ақсақалдық үлгісін еске алсақ, аға ұрпақ арасындағы сөзі түзу қария туралы айтарымыз, міне, жоғарыдағыдай. Даналық мәйегінің қайнар көзі халық ауыз әдебиетінің: «Бір адалдық – бес асыл» атты қанатты сөз тіресі Сарбас аға секілді жандарға қарап айтылса керек. Оған сеніміміз кәміл. Иә, солай!

Астана.

Айтшы, аға…

Қорғанбек АМАНЖОЛ,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері

 Сарбас аға Ақтаевқа

 Аға, айтшы, бардыңыз ба Көкшеге,

Қондыңыз ба Оқжетпестей текшеге.

Туған жердің тарту күші тарқамас,

Қанша жылдар, қанша уақыт өтсе де.

 

Болдыңыз ба, Зерендіде, ауылда,

Менен сәлем айттыңыз ба бауырға.

Ақша бұлттар айтып келді татаусыз,

Ел пейілітөгілгенін тау ұлға.

 

Зерендінің қарағайы зерлі өрнек,

Зерен көлі толқындайды кел, кел деп.

Бір құты су неге ала келмедің,

Сол толқынмен күнде бірге тербел деп.

 

Көкшетаудың көкке өрлеткен шоқтығын,

Әттең, әттең, Еркеш ақын жоқ бүгін.

Ақын жыры аялаған жерлерді,

Айтшы, аға, көктей шолып өтті кім?

 

Болдыңыз ба Жылымдыда?

Жылымды!

Балапандай баулап балаң жырыңды,

Ақын бала атандырып ауылда,

Байтақ елге жайып салған сырыңды.

 

Жылымдыда – ата-баба қонысы,

Жылымдыда – өмірдің кең өрісі.

Құлагерді таппасаң да, жан аға,

Тоқтамапты елдің еңбек торысы.

 

Зиярат қып қасиетті орынға,

Ойға батып көп тұрыпсыз қорымда.

Бабалардың батасы ғой көгерткен,

Толғауы мол тоқсан жылдық жолыңда.

 

Сарбас аға, Сарыарқаға сар бала,

Алатауда ақбас шыңдай арлы аға.

Сен дағы бір Сары өзені Саймақтың,

Сөз дейтұғын асыл кие арнада.

 

Басқаларға жақпаса да, жақса да,

Семсер сөзден сертке маржан тақшы, аға.

Жан сарайың жаһұттайын қазына,

Көкірегің күміс көмбе, тоқ саба.

 

Кеудеңдегі көктемің мен жайқала,

Алашыңды ал құшаққа айқара.

Аласармай асқақ сөйлер хақың бар,

Тоқсаныңда тағы толғап айт, Аға!

***

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА

 Биіктедің…

Көкшетауда бұл жиі күндер бөлек,

Тұрады ақ жауыны күзде еркелеп.

Сұрап ем көшкен бұлттан өзіңізді,

Даусыңыз мұндалады тойға кел деп.

 

Көкшенің дүр келбеті, сырбаз аға,

Тоқсанға сексен тоғыз алмаса ма?!

«Жарайсың!» депжаңғырса Алатауым,

Зеренді тауына әрі жалғаса ма?!

 

Осы бақ тұрғандай бір күтіп Сізді,

Ой-кемең сөз-теңізде біліп жүзді.

Ағажан, биіктедің бабың келіп,

Болған соң өзің де ізгі, жолың да ізгі.

 

Жағалап қара сөздің құдіретін,

Ағалар Алматыма бұрды бетін.

Жаз туса, Сіз едіңіз Жылымдыға,

Жарқырап жыл құсындай бір келетін.

 

Бәлкім, күш алдың ба, Аға, солай,

Бермедің туған жердің бағасын жай.

Жыр жаздың Оқжетпеске елжіреп бір,

Ішінде көп өлеңнің сырбазындай.

 

Алдыңнан күтіп талай тұрды биік,

Жүрегің бар қазақты жүрді сүйіп.

Осылай өрледің де, ерледің де,

Алаштың ұлы болдың бір ақиық.

 

Сөйлесе хан да, би де қаламыңнан,

Қаншама қазына деп қаламын таң.

Енді бір ондық керек Аға, сізге,

Жүз жас та жүз еместей, Сіз алмаған!..

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар