Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
ШӘКӘРІМ  ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ ДІНИ ҚҰНДЫЛЫҚ - АРҚА АЖАРЫ

ШӘКӘРІМ  ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ ДІНИ ҚҰНДЫЛЫҚ

Бүгінгі күннің өзекті мәселесі – дін тақырыбы. Шәкәрім атамыз дін мәселесіне де асқан білімділігімен қарап, талдап, түйінін айта білген. «Шəкəрім дүниетанымында «дін» жəне «діншілер» деген қос ұғым қатар қолданылады. Дін мен діншілерді бір деп қарау Шəкəрім дүниетанымын түсінбестік болар еді. Діншілер – бұл, Шəкəрім дүниетанымында, шығармашылығында ерекше сынға ұшырайтын ұғымдардың бірі. Ал дінді ойшылдың «діншіл» ұғымынан бөлек түсінгені аңғарылады» деп жазылған зерттеулерде[1]. Расында, дін жайлы сол кездің өзінде өзіне тән шындығы болғанға ұқсайды және ол бүгінгі дін тақырыбының түйінін тарқатқандай-ақ екен:

Бұл кездегі діндердің бәрі нашар,
Ешбірі түзу емес көңіл ашар,
Өңкей алдау, жалғанды дінім дейді,
Тексерсең, ойың түгіл жаның сасар.
Дін адамды бір бауыр қылмақ еді,
Оны бөліп, дұспандық қару жасар,

–дей келіп, дін атын жамылып, теріс бағытқа бұратындар көбейді дегені қаншама уақыт өтсе де, бүгінгі дамыған қоғамның мәселесімен өзектес болып отыр. «Тура жолда қайғы тұрмас» атты жыр жолдарында

Мен мешітке келмеді-ау деп,
Сөкпе, сопы молдалар.
Еркін аяқ кетті билеп,
Шын хақиқат жолды ұнап,

–деп Шәкәрім атамыз молдалардан дін туралы сұрасаң, жауап бере алмай, сандырақтайды, себебі жеткілікті деңгейде білімдері жоқ деп шырылдайды. Нәпсіге ерік берген жерде таза дінді ұстанушылық жоқ, тіпті сол таза дінді түсінбейді де, оның шын негізін ұстанған бір пенде жоқ, дін тазасын айналып келіп сол діннен ізде, өзіңнен ізде, анық айна өзіңде, ал таза ақылмен табылмаған дін, шын дін емес деп түйін түйген философ атамыз таза нәрсе ол қашанда жарқырап тұрады, жарыққа шығады деген ой тастайды.

Иә, бүгінде дін атын жамылып, арам пиғылдарын іске асырып, адамды тура жолдан тайдырып жатқан әрекеттердің өршіп тұрғанын амалсыз мойындайсың. Алайда соны көреген атамыз өз заманында да шырылдап мәселе етіп көтерген. Діннің нашары жоқ, тек оны дұрыс тани алмайтындар, білімі жетпейтіндер көп. Міне, солар дінді өздері білмеген соң дұрысы осы екен деп өз арам пиғылдарына, немесе өз пайдасына жаратуда дейді ақын. Шəкəрімнің  ой-толғамдарына  назар  аударсақ, ол дінмен қатар жүретін  иман сөзіне де терең тоқталып, өз оқырманына түсіндіреді:«Мұсылмандық шарты» деп аталатын еңбегінде: «Иман деген Алла тағаланың барлығына, бірлігіне, басқа Алла жоқтығына, Құран сөзінің бəрі шындығына анық ақылмен нанбақ», – дейді. Иманның адамдағы шынайы көрінісін Шəкəрім қиянатсыздық арқылы өлшейді. Оның ойынша, қиянатты болу имансыздықты білдіреді.  «Қиянатың бар болса, иманың жоқ. Маған десе, мың жылдай қыл ғибадат», – дейді. Бұл айтқан сөзі де, яғни, адамның имансыздығы қазіргі қоғамның қайғысы мен қасіретіне, кеселіне айналып отырған жоқ па? Осы имансыздық, дінді дұрыс білмеу – адамзат басындағы үлкен қайғы. Ақынның өлеңдерінде нәпсі деген сөз де жиі кездеседі. Адамдар дін мен иман тұрмақ, өз бойындағы нәпсісін тыюды білмеген қоғамға тап болдық деп қынжылады.

Ғасырға жуық уақыт зырғыса да сол нәпсі, имансыздық, дінсіздік, діншілдік, зорлықшылдық – адам баласының айықпас дертіне айналып отыр. Дініміздің   негізгі мақсаты – осы қиянатсыз болуға, нәпсіні жеңуге шақыру. Бұл қандай дін болмасын негізгі шарт болып саналмақ. Қоғам дамып кетсе де адами қасиеттер қала береді.

Ақын өлеңдерінің өзегі, түп темірқазығы тек шындық, ар мен ақиқат, адамдық қасиеттер, адамгершілік, т.б. Расында, Шәкәрім жүрген жолмен, оның өлеңдерінен сусындаған, оның өлеңдеріндегі асыл мұраттарды ұғына білген  ұрпақ пен келешек ешқашан адаспас еді. Төрткүл дүние құбылған шақта тар заманымыз кең заманға айналып, Шәкәрімнің үш анығын бойына түйсе, жинаса, қазақ халқының болашағы жарқын болмақ! 

 ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

  1. Мырзалы С. Философия. Алматы, 2014 жыл.[1,12б.].
  2. Абдина А.К. Ғылым тарихы және философиясы. Астана, 2012 жыл.
  3. Бақытжан Ұ.Б. «Құндылық» және «құндылық бағдар» ұғымдарына психологиялық талдау/Жас ғалым.кз порталы. 2019 жыл.]
  4. Шәкәрім шығармашылығының дәстүрлік және көркемдік негіздері. – Алматы, 2000 жыл.
  5. Шәкәрім. Қазақ айнасы. Өлеңдер мен поэмалар. Алматы, 2003 жыл.

Зарина ЗАРЛЫХАН,
№ 1 мектеп-гимназиясының 8«Ә» сынып оқушысы.  

  Көкшетау қ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар