Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов білім беру қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты жиында сөз сөйлеп, өңір педагогтарының білім беруді дамытуға қосқан елеулі үлесін атап өтті, ұстаздар қауымына зор құрмет көрсетті.
Бүгінде Ақмола облысының білім беру жүйесінде мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беретін 22,5 мыңнан астам педагог жұмыс істейді.
– Мұғалімнің, тәлімгердің қоғам өміріндегі рөлі ерекше. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында жас ұрпақ сапалы білім, саналы тәрбие алып, нағыз патриоттар болып өсуде. Біз балаларымыздың жетістіктерін мақтан тұтамыз. Олардың жеңістері сіздердің кәсіби шеберліктеріңіздің және оқу-тәрбие процесіне қосқан үлестеріңіздің дәлелі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткеніндей, біздің қоғамда еңбекқорлық құндылықтары әрқашан бірінші орында тұруы керек. Өздеріңіздей нағыз мамандардың арқасында ұлтымыздың жаңа сапасы қалыптасуда. Педагог, жоғары кәсібилікке ие өз ісінің шебері білікті кадрларды даярлауда шешуші рөл атқарады, – деп атап өтті М.Ахметжанов.
Педагогикалық мамандықтың үздік өкілдері ҚР Білім Министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі, «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ы.Алтынсарин» төсбелгілері, облыс әкімінің Алғыс хаты сынды марапаттарға ие болды.
Айта кетейік, 2020 жылдан бастап Ақмола облысы әкімдігінің қаулысымен адал еңбек етіп, кәсіби міндеттерін үлгілі орындаған ұстаздарға «Педагогтың кәсіпқой рөлі үшін» құрметті атағы және ақшалай сертификаттар, «Педагогтың адал еңбегі үшін» жергілікті ерекшелік белгісі беріліп келеді. Марапаттау соңы мерекелік концертке ұласты.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.