Жаңа спорт нысандары салынуда

Жуырда өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақмола облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Төлендиннің қатысуымен басқарманың өткен сегіз айдағы жұмыс қорытындылары туралы брифинг болып өтті.

Облыста ағымдағы жылы спорт саласына бөлінген бюджет қаржысы 14 миллиард теңгені құрайды. Жылдың екінші жартыжылдығында спорт ұйымдары алдында бірқатар міндеттер тұр. Олардың бірі – дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысатын азаматтарды қамтуды 42 пайызға дейін арттыру. Және де Жақсы,Бурабай аудандарындағы спорт кешендері мен Степногорск қаласында спорт ғимараттарының құрылысын аяқтау, заманауи спорт алаңдары желісін кеңейту, мемлекеттік тапсырысты орналастыру арқылы спорт секцияларында 4 жастан 17 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдердің спортпен шұғылдануын ұлғайту сияқты жұмыстар.

– Бірінші жартыжылдықта Есіл және Қосшы қалаларында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы аяқталды. Қазіргі таңда екі нысан да пайдалануға берілді. Спорттық инфрақұрылым белсенді қолға алынуда. Мысалы, Көкшетау қаласының іргесіндегі Краснояр ауылында 1,1 миллиард, Степногорск қаласында 2,3 миллиард, Бестөбе ауылында 1,2 миллиард теңгеге дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің, Степногорск қаласында 351,2 миллион теңгелік хоккей айдынының, Щучье қаласында 4 миллиард теңгеге спорт сарайының құрылысы салынбақшы. Сондай-ақ, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының қайырымдылық қызметі аясында Целиноград ауданының Қажымұқан ауылында спорт кешенінің құрылысы аяқталуда. Жоба құны 239 миллион теңге. Ал, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Бурабай ауданының Мәдениет ауылында427,4 миллион, Жақсы ауданының Жақсы ауылында 1,3 миллиард, Целиноград ауданының Родина ауылында 2,2 миллиард, Қорғалжын ауылында 921,8 миллион теңгенің спорт кешендері салынуда, – деп Ардақ Төлендин жаңа жобалармен таныстырды.

Сондай-ақ, облыста бұқаралық спортпен қатар, элиталық спорт түрлері де дамып келеді. Бұл спорт резервін дайындаумен 29 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі айналысады. Оларда спорттың 61 түрімен тәрбиеленеді, оның 28-і олимпиадалық, 20-сы олимпиадалық емес және 11-і ұлттық спорт түрлері. Оған қоса, өңірде мемлекеттік спорт тапсырысы қарқынды дамып келеді, оған 2024 жылға облыстық бюджеттен 1,9 миллиард теңге бөлінді. Тапсырыс damubala.kz платформасында жүзеге асырылады.

2025 жылдың 7-14 ақпаны аралығында Қытайдың Харбин қаласында қысқы Азия ойындары өтеді. Осыған орай, қараша айында еліміздің 20 аймағында спортшыларды іріктеу басталады. Осыған байланысты басқарма басшысы бұл дүбірлі додада ақмолалықтарда ел намысын абыроймен қорғайтынына сенімін білдірді.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар