Ақмола облысының әкімі Марат АхметжановЕгіндікөл ауданына жұмыс сапары барысында тұрғындарды қайта жаңартылған Нұра топтық су құбыры арқылы аудан орталығына ауыз судың келуімен құттықтап, осы бір қуанышты оқиғаның егіндікөлдіктер тұрмысын жақсарта түсетініне сенім білдірді.
Нұра топтық су құбыры 23 ауылдық елді мекенді сумен қамтамасыз етудің негізгі көзі болып табылады. Ұзындығы 68,7 шақырым болатын магистральдық желілердің тозығы жеткен учаскелері ауыстырылған соң қазан айының басынан ауылға су келе бастады. Аудан тұрғындары 20 жылдан астам уақыттан бері ауыз су тапшылығын бастан кешіріп келген. Енді бұдан былай ұзындығы 337 шақырым болатын су құбыры Егіндікөл мен Қорғалжын аудандарының 14 мыңнан астам тұрғынын қамтамасыз ететін болады.
– Егіндікөлдіктерді сумен қамту мәселесін Мемлекет басшысы ерекше бақылауға алды. Реконструкция басталғанға дейін магистральдық су құбырының 90 пайыздан астамы апатты жағдайда болды. Көптеген екпінді желдер мен апаттар су берудің жиі үзілуіне әкеліп соқты, бұл тұрғындарға айтарлықтай қолайсыздықтар туғызды. Мәселені шешу үшін Қазақстан Республикасының Су шаруашылығы және ирригация министрлігі 2022 жылы Нұра су құбырын толық қайта жаңғыртудың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге кірісті, – деп атап өтті облыс әкімі Марат Ахметжанов.
Жұмыс мамандандырылған мердігерлерді тарта отырып, кезең-кезеңімен жүргізілді. Әсіресе, Қорғалжын ауданы Сабынды ауылының магистральдық құрылымдарынан Егіндікөл ауылына дейінгі магистральдық желілердің ең тозығы жеткен бөлігінде жұмыс жүргізген «BertysConstruction» ЖШС-нің қатысуын ерекше атап өткен жөн. Мердігер 68,7 шақырым су құбыры желісін тартып, 78 құдық орнатты. Бүгінгі күні жаңа желілер Қарғалы, Жантеке, Құмкөл және Тоғанас елді мекендеріне қызмет көрсетуде. Іске қосу және құбырларды жуу мен дезинфекциялау жұмыстары аяқталды.
– Қыркүйек айының соңында біз магистральдық сумен жабдықтауды, құбырларды жууды және қысымды сынауды аяқтадық. Санитарлық қызметтің оң қорытындысынан кейін Егіндікөлге су беріле бастады. Бұрын сағатына 20 текше метрге дейін су берілетін болса, қазір бұл көрсеткіш үш есеге жуық өсті. Бұл су мөлшері ауылға жеткілікті, енді ішкі жұмысты қолға аламыз, – деп уәде берді «Егіндікөл су арнасы» мекемесінің директоры Сапарбек Осипов.
Аудан орталығының тұрғындары оң өзгерістерді атап өткенімен, ауыз су қорын жасау жалғастырылуда.
– Біз тоқсаныншы жылдардың ортасынан бастап айлап сусыз отырдық. Кез-келген ауа райында, жылдың кез-келген мезгілінде адамдар су мұнарасына жаяу және көлікпен баратын, сосын суды тасымалдау ұйымдастырылды. Су құбыры қайта қалпына келтірілгеннен кейін бұл жағдай өзгеріп, енді сусыз қалмаймыз деп сенеміз, – дейді Азамат Байғабұлов.
– Бізге су келгеніне қуаныштымыз. Енді халықтың ауданнан қоныс аударуы тоқтайды және аудан тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктер ашылады деп үміттенеміз, – деп ой бөлісті Егіндікөл ауылының тұрғыны Бегендік Әбілов.
Зейнеткер Нұрсайын Әубәкіров су құбырының жұмысына қатысты қорытынды жасауға әлі ерте деп есептейді.
– Су құбыры қайта жөндеуден өткеннен кейін үйлерге су келді, әзірге күн сайын бір сағаттай берілуде. Бұл уақыт ыдысты толықтыру үшін жеткілікті. Дегенмен, ауылдағы тарату желілерінің өзі де жарамсыз, жөндеуді қажет етеді. Жазатайым оқиғаларды «Су арнасы»өз күштерімен жоюда. Сондай-ақ, алдағы уақытта қиын қыс мезгілі келе жатыр. Жағдай күрт өзгерді ме, оны уақыт көрсетеді, – деді Нұрсайын Хасенұлы.
Үстіміздегі жылы Егіндікөл және Қорғалжын аудандарының магистральдық су тарту орындарын қалпына келтіруге Үкімет резервінен қосымша қаражат бөлінді. Жаңа су құбыры екі аудан тұрғындарының таза ауыз суға үздіксіз қол жеткізуін қамтамасыз ете отырып, олардың өмір сүру сапасын едәуір арттырады.
Наталья ЯКОВЛЕВА,
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.
Егіндікөл ауданы.