Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Мен де бір бұлбұлыңмын!..» - АРҚА АЖАРЫ

«Мен де бір бұлбұлыңмын!..»

«Достар»мәдениетсарайында өткен «Мен де бір бұлбұлыңмын!..» атты шығармашылық кеш еліміздің өнері мен мәдениетіне, әдебиеті мен руханиятына өзінің табиғи дарынымен, қоғамдық белсенділігімен еңбек сіңіріп жүрген ақын Құдайберлі Мырзабектің 60 жасқа толу мерейтойына арналды. Бұл мерейлі мерекеге Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, еліміздің айтулы айтыс ақындары мен зиялы қауымы қатысты.

Айтыс ақыны, өнер майталманы, мәдениет жанашыры Құдайберлі Мырзабекті білмейтін қазақ кемде-кем шығар. Шығармашылық иесінің торқалы тойына арналған бұл шараға жиналған қауымның қарасы қалың болды. Кеш шымылдығын ашқан, көпшілік назарына ұсынылған Құдайберлі Рақымбекұлы туралы бейнефильмде оның сан қырлы өнер иесі екендігі, сегіз қырлы бір сырлы азаматтығы, сал-серілердің сарқыты екендігі, ұлттық ат спортына да, қазақ руханиятына да қосқан ерен еңбектері жан-жақты көрсетілді. Онда айтыс өнерінде ойып алған ерекше орны мен айтыстағы пародияны алғаш енгізген өзіндік қолтаңбасымен елдің назарында қалғаны, әлі де осы синкретті өнерді жас буынға үйретіп, шәкірт тәрбиелеп келе жатқан ұстаздығы да қамтылыпты. Кеш Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақмузыкалық-драма театры актерлерінің лирикалық композициясымен басталып, ақын өлеңдері жиналған қауымды бір тебірентіп, жастық шаққа бойлатты.

Шығармашылық кешті айтыскер ақынның төл шәкірті,айтыскер ақын Арман Бердалин жүргізіп, «салдардан қалған сарқыт, серілерден қалған серт, бізге жеткен көненің сөзіндей, Көкеннің көзіндей жүрген ақын» деп Құдайберлі Мырзабекті қошеметпен ортаға алдырды. «Ақанның ауылында туғаннан соң, Құлагер болмағанда кім болады?!» деп інілік ілпипатпен өнерде өнеге тұтып жүрген ағасына әдемі теңеулерін аямады. Бұл да Көкен Шәкеевке Құдайберлі Рақымбекұлының сыйластығы қандай болса, Армандай шәкіртінің Құдаш ағаға көрсеткен ілтипат-ықыласы деп топшыладық. Сөйтіп, ортаға:

Алпысым асуым ба, белесім бе?
Қалайсың қара орманым кеңесуге.
Қамшылап өзімді-өзім қара тер боп,
Жеткенде жан жылуын бересің бе?, – деп мәдениет саласының үздігі, Құдаш ақын жиналған қауымның алдына шығып, асқаралы алпысына келіп, мерейлі қуанышымен бөліскен жандарға алқаулы алғысын айтты.

Ақынның кеші болған соң, арнау өлең де айтылмай қоймайтыны анық қой. Бірнеше айтыс ақындарының буынын өз шеберханасында шыңдаған белгілі азамат қазіргі уақытта шәкірттерге де ұстаздық етуде. Сахнаның ортасына көк ту түсті шапанымен маңғаз басып шыққан жас буын Нұрғиса Елешұлы ұстаз-ағасына арнауын айтып, өлең-жырдан шашу шашып, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Нұрғиса бауырымыз Құдайберлі Мырзабектің шекпенінен шыққан, оның жетектеуімен бірқатар республикалық айтыстарда төбе көрсетіп, айтыстың тарланбозы Аманжол Әлтаевтан бата алған өнерпаз, келешекте айтыстың туын талай дүбірлі додаларда желбіретеді деген сенімдеміз.

«Ақыны әкімін іздесе – елдің тозғаны болар, ал, әкімі ақынын іздесе – елдің озғары болар» демекші, бұл шығармашылық кешке облыс әкімі Марат Ахметжанов та құттықтау сөз сөйлеп, ұстаз бен шәкірттің дәстүр жалғастығына, қатар келген тойдың абат болуына тілектестігін білдірді.

–Халық ақыны Көкен Шәкеевтің биыл 100 жылдығын атап өтудеміз. Әрі бүгін оның шәкірті, белгілі ақын Құдайберлі Рақымбекұлы да асқаралы 60 жасқа келіп отыр. «Тұлпардың дүбірін естімеген тай, арғымақ бола алмайды» дегендей, абыз ақынның ұлағатын көріп, батасын алған Құдайберлі ақын «Көкшенің көк тұйғыны» атанды. Бүгін осы тойға Көкше жұрты ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінен арда азаматтар келіп отыр. Ұстаз бен шәкірттің қос тойына келген сыйлы қонақтарға алғысбілдіремін. «Арғымаққа ғашық болып жасымнан, жусап өстім жылқымен» деп Құдаш ақын өзі айтқанындай, жастайынан жылқының жалында өскен азамат, ақындық өнерде де шашасына шаң жұқтырмас жүйрік бола білді. Өнерде де, қоғамда да, ұлт руханиятына да зор үлес қосып келеді. Ол қай жерге қызметке барса да, сол жерде өзінің білім-білігімен, іскерлігімен танылып келеді. Мәлік Ғабдуллин музейін ұзақ жылдар бойы басқарып, батыр мұрасын жинақтап, республика бойынша кеңінен насихаттады, музей жұмысын жаңа деңгейге көтерді, облыстық кітапхананың да жұмысын жандандырып, оның руханият орталығына айналуына септігін тигізді. Қазіргі облыстық тарихи-өлкетану музейіне басшылық жасап отырған ол тағы да ізденіс үстінде, –дей келе, облыс әкімі ақынға ізгі тілектерін білдіріп, құттықтау хатын табыстап, иығына шапан жапты. Осы жерде, айта кетерлігі, Көкшетау қалалық мәслихатының шешімімен Құдайберлі Рақымбекұлы Мырзабекке «Көкшетау қаласының құрметті азаматы» атағы берілгендігі де сүйінші болып жетті.

Шығармашылық кеште ақынның сөзіне жазылған «Баянауыл көктемі»,«Айтыс» әндерімен қатар, сөзін де, әнін де өзі жазған «Ащылы-Жекебояқ»,  «Әкені аңсау», «Қызыл алма» шығармалары шырқалды. Ерік Асқаров, Жәнібек сал Мәліков секілді ағалардың аруақтары да еске алынды.

Кешке арнайы шақырылған ақындардың көшін бастаған белгілі ақын-журналист, айтыстың ақтаңгер ұйымдастырушысы, айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының басқарма төрағасы Жүрсін Ерман, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, белгілі журналист-жазушы Жанарбек Әшімжанов, дәулескер айтыс ақыны Аманжол Әлтаев, белгілі ақын-жазушы Қорғанбек Аманжол секілді азаматтар да құттықтау сөз сөйлеп, өнер иесіне ақжарма тілектерін жеткізді, өлең оқып, сый-сияпаттарын жасады.

Ортаға үш дүркін «Алтын домбыра» иегері атанған айтыскер ақын Мұхтар Ниязов пен ақмолалық Ерлан Дәулет шығып, әдемі айтыстарымен  кеш көрігін қыздыра түссе, Құдаш ақынның замандастары,Жетісудан келген Айтақын Бұлғақов пен Шығыс Қазақстаннан жеткен Серік Құсанбаевтың айтысы жиналған қауымды күлкіге қарық қылды. Ақындар қоғамдағы жағдайларды тілдеріне тиек етіп, осы күндері 100 жылдығы аталып жатқан Көкен Шәкеев атамыз тұрған облыс іргесіндегі Краснояр ауылына майдангер айтыскер ақынның есімін беру секілді ұсыныстарын айтып, тебіренді.

Кеш соңында шығармашылық кеш иесі, айтыскер ақын, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері жиналған қауымның баршасына алғысын айтып, зор ризашылығын жеткізді.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар