Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Бір ауыл – бір өнім» жобасының аймақтық жеңімпаздары іріктелді - АРҚА АЖАРЫ

«Бір ауыл – бір өнім» жобасының аймақтық жеңімпаздары іріктелді

Ақмола облысы өңірлік кәсіпкерлер палатасының (ӨКП) алаңында бренд-комитеттің отырысы өтті. Жиын барысында «Бір ауыл – бір өнім» жобасының финалистері анықталды.

Комитет құрамына мемлекеттік органдар, кәсіпкерлікті дамыту институттарының өкілдері, салалық кеңестердің мүшелері, бизнес субъектілері, ӨКП сарапшылары кірді. Еске салсақ, өткен тамызда Көкшетауда «Бір ауыл –  бір өнім» көрмесі өтті. «Бір ауыл –  бір өнім»  –  өңірде бірегей өнімдерді іздеу, жергілікті тауарлар мен қызметтер өндірісін дамыту, тек жергілікті шикізатты пайдаланатын өндірушілер бірлестіктерін құруға бағытталған жоба. Көрме қорытындысы бойынша алдағы кезеңдерге қатысу үшін он жоба іріктелді.

Он қатысушы осы жолы өз жобаларын бренд-комитетінің мүшелері алдында қорғады. Олардың ішінде Көкшетау қаласынан ингуш халва өндірісін ұсынған Роза Гатагажева, Целиноград ауданынан бірнеше женттің түрін өндірген Бауыржан Жалғасбаев, Қосшы қаласынан бөдене еті мен жұмыртқасынан өнімдер өндіруші  Гүлнұр Ақполатова,  Бурабай ауданынан бал мен шай өндіретін Гүлжан Болпанова, Көкшетау қаласынан ет өнімдерін өндіруші Карина Гаспарян, Атбасар ауданынан былғары және ағаш бұйымдарының шебері Данияр Бисарин өз жобаларын таныстырды. Аршалы ауданынан келген Айжамал Шәкірова құрама жем өндіру жобасына қалай бастамашы болғанын, Қосшы қаласынан келген Совет Есхожин дайын таңғы ас дайындау жоспарын баяндады, Көкшетау қаласынан Валентина Клаус шам, қолдан сабын жасау жобасын ұсынды, облыс орталығының тағы бір тұрғыны Нағима Умышева да кір сабын жасау жобасын таныстырды. Нәтижесінде бренд-комитетінің шешімімен үш жеңімпаз анықталды.

–Таныстырылған барлық жоба қызықты, финалға шығуға лайықты, бізге шешім қабылдау өте қиын болды. Барлық қатысушыларға белсенділігі үшін алғыс айтамын, жеңімпаздарға одан әрі табыс тілеймін.  Олар халықаралық нарыққа шығу үшін бар күш-жігерін салуы тиіс, – деп атап өтті бренд-комитет төрағасы Қуаныш Рақышев.

Көкшетау қаласының тұрғыны Роза Гатагажева ұлттық десерт – ингуш халвасын өндіру бойынша эксклюзив  жобаны ұсынды. Ол 2021 жылдан бастап халва жасаумен айналысады. Халва табиғи май, қант және ұннан ғана дайындалғанымен,әзірлеу процесі өте көп уақытты қажет етеді. Сонымен қатар, ол раушан гүлін кез-келген заманауи техникалық құралдарды пайдаланбай тек қолмен жасайды. Бүгінгі таңда Көкшетауда, бәлкім бүкіл облыста мұндай шынайы жобалар жоқ, өйткені, нарық сәнді тәттілерге толы.

–Мен үшін бұл жай ғана тәтті десерт емес, бұл өткен күннен естелік. Халваға және оны жасауға деген сүйіспеншілікті әжем бала кезімде ингуш халқының қиын тағдыры арқылы дарытты. Мен үшін халва жасау –  біздің достас халықтарымыздың тарихына құрмет көрсету, олардың өзара байланысын көрсету, дәстүрлерді құрметтеу мүмкіндігі, – дейді жоба қатысушысы.

Болашақта шебер жоба аясын кеңейтіп, өз өнімдерін брендтеуді, оны кеңінен танымал етуді жоспарлап отыр.

Атбасар қаласының тұрғыны Данияр Бисарин ұлттық стильде былғары және ағаш бұйымдарын жасау жобасын ұсынды. Бастапқыда ол жиһаз өндірісіне маманданып, үстелдер, орындықтар, ілгіштер, тіпті беседкалар жасаған. Алайда, көп ұзамай, қолөнерші халықтың сұранысына сүйене отырып, садақ, қорамсақ, арбалет, зергерлік бұйымдар жасай бастады. Данияр Бисариннің айтуынша, халық қолөнері әрқашан Қазақстанның бай көшпелі мәдениетінің көрінісі болған, сондықтан, ол қолөнер бұйымдарын өндіруді одан әрі дамытуға, кәдесый өнімдерін шығаруға, жаңа идеялар ойлап табуға ниетті.

Бурабай ауданының тұрғыны Гүлжан Болпанова Бурабай тау бөктеріндегі бірегей емдік шөптерден бал, шай, бальзамдар жасаумен айналысады. Оның айтуынша, балдың айрықша ерекшелігі – оның құрамы. Бурабай ұлттық паркінің флорасында өсімдіктердің 750-ден астам түрі бар, олардың 20 түрі Қызыл кітапқа енгізілген сирек кездесетін және жойылып бара жатқан өсімдіктер, ал 80-ге жуық түрі реликті екпелер.

–Біздің «Burabay baly»-дың негізгі өнімі – Көкшетау тауларының етегінен алынған табиғи бал және ара шаруашылығы өнімдері. Біздің миссиямыз отандық бренд құру, сөйтіп, аймақтық туризмді дамытуға үлес қосу. Біздің мақсатымыз – «Burabay baly» брендін ілгерілету және өрісін кеңейту, оны әлемдік нарыққа экспорттау, – дейді Гүлжан Болпанова.

Айта кетейік, «BurabayBioProduct» ЖШС мемлекеттік тізілімдегі «Burabay baly»-дың географиялық көрсеткіші болып тіркелді. Географиялық көрсеткіш дегеніміз, бұл шығаратын тауарларда пайда болатын белгілі бір географиялық аймақтың ерекшелік белгісі.

–Шешім әртүрлі құрылымдардың қызметкерлерінен құралған бренд-комитеттің барлық мүшелерінің пікірін ескере отырып қабылданды. Біз үшін барлық қатысушы жеңімпаз. Өйткені, «ондыққа» өту, облыстық деңгейде өзін таныту, қолдауға ие болу, шын мәнінде көп қажырлықты талап етеді, – деп атап өтті өңірлік палатаның директоры Ерқанат Мұсылманбек.

«Бір ауыл –  бір өнім» жобасының финалистеріне ӨКП тарапынан одан әрі сүйемелдеу, бренд дизайнын әзірлеу, қаптау және өнімді қазақстандық немесе халықаралық сауда алаңдарына шығару тұрғысында ақпараттық-консультациялық қолдау көрсетіледі.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар