Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Кәсіпкерлер көкейкесті ойларын ортаға салды - АРҚА АЖАРЫ

Кәсіпкерлер көкейкесті ойларын ортаға салды

Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында облыс әкімінің орынбасары Мұрат Балпанның қатысуымен Бірыңғай есеп күні өтті. Сөйтіп, оның барысында бақылау және қадағалау органдары дәстүрлі түрде бизнес өкілдеріне атқарылған жұмыс туралы есеп берді.  Сонымен қатар, жиналғандар тексерулер барысында анықталған заң бұзушылықтар, міндетті талаптар, жаңашылдықтар мен заңнамадағы өзгерістер туралы хабардар етілді.

Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Бахидбек Оспанбеков, облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Ерғали Шорин сөз сөйледі. Атқарылған жұмыстар туралы облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Әсем Шәкірова, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Қанат Ысқақов баяндады.

Кәсіпкерлер өз кезегінде жұмыстарындағы түйткілді тұстар, бұрынғыдай ең көп талқыланатын жер мәселелеріне қатысты жағдайды айтты. Өңірлік палата директорының орынбасары Расул Сыздықов хабарлағанындай, ӨКП-ға түскен өтініштердің басым бөлігі жер қатынастарына байланысты.  Бұл салада бақылаушы органдардың репрессиялық әрекет етуі әлі де бар. Жалпы, биыл 9 айда Кәсіпкерлер палатасына бизнесті қорғау желісі бойынша 153 өтініш келіп түсті.  Соның 78-і бойынша оң нәтижеге қол жеткізілді. Сонымен қатар, мемлекет меншігіне жер учаскелерін қайтару мәселесі өзекті болып қала береді. Мысалы, «АСКОП» ЖШС тұқым шаруашылығын қоса алғанда, дәнді дақылдарды өсіре отырып, жиырма жылға жуық ауыл шаруашылығы өндірісімен тиімді айналысып келеді. Компания өзіне алған міндеттемелерді орындау кезінде адалдық қағидатын сақтай отырып, барлық қажетті агротехникалық іс-шараны жүйелі жүргізеді. Жалақының жоғары деңгейін де сақтау құптарлық, мұнда жұмысшылар айлығы республика бойынша орташа деңгейден 30,6 пайызға жоғары. Сонымен қатар, кәсіпорын кейінгі жылдары өндіріске 16 миллиард теңгеден астам инвестиция салды.  Былтыр бюджетке аударымдар 1 миллиард теңгеден асты.

Алайда,  кейінгі екі жыл ішінде «АСКОП» ЖШС аумағы 2700 гектардан асатын жер учаскелеріне заңды құқығына қол жеткізе алмай, Қорғалжын ауданының жер қатынастары бөлімі тарапынан белгілі бір қысымға тап болған.

–Өкінішке қарай, мемлекеттік органдардың Жер кодексінің 43-бабын дұрыс түсіндірмеуі нәтижесінде біз жер учаскелерін алып қою проблемасына тап болдық. Бұл үйреншікті проблема, бүгінде облыста аграрлық салада еңбек ететін екі жүзге жуық субъект  осындай қиындыққа тап болуда. Бұл ретте, кәсіпорындар өзіне алған міндеттемелерін адал орындайды. Бұған дейін Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, мемлекеттік органдармен талқылау барысында біз сотқа дейін жүгіндік. Алайда, көптеген жыл бойы осы жерлерді пайдаланбаған жосықсыз субъектілердің учаскелері сол күйінде қалып отыр, – деп шағымданды «Аскоп» ЖШС басшысы Николай Степаненко.

Осындай проблемаға «Нұралин» шаруа қожалығы да тап болды. Оған қатысты Біржан сал ауданының жер қатынастары бөлімі жер учаскесін жалдау шартын жарамсыз деп тану туралы талап арыз берді. 50 жылға жуық жалға алынған жер фермерге 2015 жылы мал шаруашылығына бөлінген. Осы уақыт ішінде фермер бизнес-жобаны ауданның бас сәулетшісімен үйлестірді. Мал шаруашылығы базасының күрделі ғимараттары, персоналға арналған үй салынды, коммуникациялар жүргізілді, көлік, арнайы ауыл шаруашылығы жабдықтары мен ауыл шаруашылығы техникасы, 25 бас жылқы, 20 бас асыл тұқымды ірі қара мал, 65 бас ұсақ мал сатып алынды.
Мемлекет басшысының Жолдауында: «Егер Жер заңды бұза отырып алынса және пайдаланылмаса, онда бұл жер мемлекетке қайтарылуы тиіс, бұл ретте жеңілдетілген рәсім бойынша әрекет ету керек. Бірақ, егер жер пайдаланушы адал жұмыс істесе, инвестиция салса, онда қолданыстағы өндірісті бұзуға болмайды. Бұл ретте, ауылдарды жайластыру және ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты да есепке алу қажет» деп атап көрсеткен.

Ерғали Шориннің айтуынша, барлық мүдделі орган кіретін жер комиссиясы кәсібін адал жүргізетін агробизнес субъектілерінің тізілімін жүргізеді. Салық төлеу, инвестиция тартуды және аймақтардағы тиісті ауыл шаруашылығы аумақтарын дамытуды қамтамасыз ететін ауыл шаруашылығы өндірушісінің оң жұмысын ескере отырып, жергілікті жерлерде арнайы комиссия жұмыс істеп тұрған ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін құқықтық мәселелерді реттеумен айналысатын болады.

–Жер қатынастары саласы өте нәзік сала, бұл даулы мәселелерді құқықтық өріс шеңберінен басқаша шешу мүмкін емес. Қазір арнайы комиссияның жұмыс алгоритмі нақтыланып, пысықталып жатыр. Шынында да, адал бизнес зардап шегеді және сіздер меншік иелері ретінде өз уақытында заң бұзушылықпен жер берген шенеуніктердің әрекеттері үшін жауап бермейсіз. Біз жақын арада мәселені заңда белгіленген тәртіппен шешуге тырысамыз, – деп атап өтті Мұрат Балпан.

Кездесу барысында жеке меншік мектепке дейінгі ұйымдарға қатысты тексерулер жүргізудің заңдылығы, кәсіпкерлердің шоттарын бұғаттауға қатысты мәселелер айтылды. Кездесу қорытындысы бойынша айтылған мәселелерді шешудің алгоритмі әзірленетін болады.

–Адал кәсіпкерлікті негізсіз тексеру мен қудалаудан қорғау –  Мемлекет басшысының экономиканы ырықтандыру, экономикалық құқық бұзушылықтарды қылмыссыздандыру және оған мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдардың заңсыз араласуының жолын кесу туралы соңғы Жарлығына сәйкес келетін біздің ортақ міндетіміз, – деп атап өтті өз сөзінде өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Мұсылманбек.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар