Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Домбыра мен қомыз үні үйлесіп, Ақындарым «қазақ-қырғыз бір» десіп... - АРҚА АЖАРЫ

Домбыра мен қомыз үні үйлесіп, Ақындарым «қазақ-қырғыз бір» десіп…

Көкен Шәкеев – 100

Көкшетауда Қазақстанның халық ақыны Көкен Шәкеевтің туғанына 100 жыл толуына арналған «Көкшенің көк семсері Көкен ақын» атты  еларалық ақындар айтысы өтті.

«Көкшетау» мәдениет сарайында қазақ өнерінде өшпес өнеге қалдырған, Қазақстанның Ақын және жыршылар одағының тұңғыш президенті болған, қазақ ақындарының көш бастар абыз ақсақалы атанған Халық ақыны Көкен Шәкеевтің 100 жылдығына орай, Ақмола облыстық әкімдігінің қолдауымен өткен бұл айтыста ұшқан қанаты талып, шапса тұлпардың тұяғы тозатын ұлан-ғайыр қазақ жерінің асылындай көрінген жер шоқтығы – Көкшетау әнге бөгіп, жырмен толқыды. Бұған дейін сан мәрте ақын біткеннің жырына қосылып, әнімен әуелеген сұлу Көкшенің абыройы тағы бір мәрте қайталанып, жаңғырды. Бұл жолы қазақ баласы ғана емес, тамыры бір қырғыз ағайындардың шайырлары «Көкшетаудың көркін-ай» деп сұлу өлкені өлеңіне арқау етті. Торқалы тойдың өзге жиыннан артықшылығы да жоқ емес. Тұңғыш рет қазақ топырағында қазақ, қырғыз өнерпаздары командалық айтыс жасап, жыршы-термешілері, әншілері өнерлерін ортаға салды. Тірісінде халқым деп өткен Көкен атамыздың рухы ұлы дүбірге арқау болып, екі елдің ақындарын бір сахнаға топтастырып, қазақ пен қырғыз достығын, тамырластығын айдай әлемге паш еткізді.

Қош, сонымен халықаралық айтысты Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі айтыскер ақын Аманжол Әлтаев жүргізді. Қазақстан мен Қырғызстан елінің мәдениет пен өнер қайраткерлерінен құрылған қазылар алқасының құрамына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы термешілердің халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерман төрағалық етті. Айта кетерлігі, мәдениет сарайына келген ел ағасы, қазақ айтысының күрескері Жүрсін Молдашұлына деген жұртшылықтың қошеметі ерекше болды. Залдағы кәрі мен жас бірдей орнынан тұрып қарсы алды десек артық айтпаған боламыз. Сондай-ақ, өңіріміздің даңқын асырған алқалы жиынға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысып, ақ жарма тілегін білдірді.

– Алатаудың етегін бірге мекен еткен Қазақ пен Қырғыздың өнері егіз, әуені ұқсас, жыры да тамырлас. Бүгінгі бауырлас Қазақ, Қырғыз ақындарының өнер салтанаты аталы сөздің, асқақтаған әннің, шалқыған жыр мен күйдің, тағылымы мол терменің нағыз өнер жәрмеңкесіне айналады. Түркі әлемінің ұлы тұлғасы, кемеңгер жазушы Шыңғыс Айтматов өз сөзінде: «Маған қастерлі екі есім бар. Бірі Манас болса, екіншісі Мұхтар Әуезов», – деген. Бұл ұлы жазушының Қазақ даласымен, руханиятымен үндестігінің бейнесі. Осы ретте, қасиетті Көкше жерінде басталып отырған бүгінгі өнер бәйгесі болашақта екі елді, халықты одан әрі біріктіріп, туыстығымызды ту етіп, рухани ортақ мұрамызды түгендеуге өз септігін тигізеді. Төл мәдениетіміз бен өнеріміз ғасырдан-ғасырға жетіп, қазақ-қырғыз халықтарының бүгінгі бейбіт тірлігі мен берекелі бірлігі мәңгі жасасын, – деген өңір басшысы, алыстан келген Қырғызстан ақындарына, еліміздің өнер майталмандарына үлкен ризашылығын білдірді.

Оған қоса, қазақ пен қырғыздың мәдениетін, мерейін өсіріп, айбынын асырған аламан айтысқа Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хатын Мәдениет комитетінің репертуарлық саясат және өңірлік қызметті үйлестіру басқармасының басшысы Рига Онаева облыс әкімі Марат Мұратұлына табыстап, жылы лебізі мен ыстық ықыласын жеткізді. «Сонау жыраулар заманынан бері қарай сабақтастығы үзілмей жалғасын тапқан асыл мұрамыз ақындық дәстүрді үшінші мың жылдықтың аясында жаңғыртып, жаңа белеске көтерілуіне ат салысып жүрген ардақты Көкше жұртына ризашылығымды білдіремін. Бауырлас халықтар арасындағы мәдени де, рухани байланысты нығайтып, айтыс өнерінің жаңа биікке көтерілуіне ат салысқан Қырғыз елінің ақиық ақындарына, осы доданы жоғары деңгейде ұйымдастыра білген Ақмола облысының әкімдігіне, Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы, термешілер Одағына зор алғыс айтамын. Халықтың басын біріктіріп, ұлтты ұйыстыра алатын нағыз ұлттық рухтағы төл өнеріміз ғасырдан-ғасырға жасай береді деп сенемін», – делінген құттықтау хатта.

Әрмен қарай қадірлі қонағымыз, осы айтыстағы қазылар алқасының мүшесі, Қырғыз Республикасы Мемлекет сыйлығының иегері, қырғыздың ел жазушысы, қоғам және мемлекет қайраткері Қайрат Иманәлиев екі елдің достық үлгісіндегі теңеулерін келтіріп, сөз сөйледі. «Қазақ, қырғыз екі көз болса, ал, Алатау ортадағы мұрыны. Қандай тағдыр бізге кез болса, анттасқанбыз дайын бірге тұруға. Елміз екі сөздей, кім бар жақын сендей. Біздің тілімізде, ділімізде, салт-дәстүрімізде егіз. Әлмисақтан біз осылай құстың екі қанатындай болған халықпыз. Жамбыл атамыздың өлеңі бар емеспе: «Екі өркеші түйенің, екі емшегі биенің, қазақ пенен қырғызым, нағашы менен жиенім», – деген. Ықылымдар бойы осындай достығы сақталып келген халықпыз», – дей келе, Қайрат Олжабайұлы, ғасырлар бойы жалғасқан қазақ пен қырғыз руханиятындағы ұлы тұлғаларды атап, олардың екі ел үшін жасаған еңбектерін сөз етті.

Ал, енді халықаралық айтыстың өту барысына тоқталайық. Екі елден барлығы 18 өнерпаз бес жұп айтыс жасап, бір-бір жұптан дәстүрлі ән, жыр, күй, терме жанрларында өнер көрсетті. Тарқатып айтсақ, жыр додасында Мақсат Аханов, Жансая Мусина, Мұхамед Қонқаев, Нұрлан Есенқұлов, Аспанбек Шұғатаев сынды қазақ елінің жүйрік ақындары көршілес Қырғызстан елінің төкпе ақындары Амантай Кутманалиев, Азамат Болгонбаев, Кубат Тукешов, Нурсултан Малдыбаев, Жамайка Токоновалармен өзара сөз сайысына түссе, екі елдің дәстүрлі әншілері Айгүл Қосанова мен Эльзар Осконбаева, күйшілер Бекзада Достиярова мен Закирбек Дуйшөбек, жыршылар Елмұра Жаңабергенова мен Самат Кочорбаев, термешілер Арафат Ысқақов пен Кундуз Таштаналиева көпшілікті өнерлерімен тәнті етті.

Сонымен бірге, ақындар айтысында сонау Сүйінбай мен Қатағаннан басталған руханияттағы қазақ-қырғыз достығын жалғастырушы тұлғалар түгенделіп, бүгінгі күнге дейін жеткен туыстық қарым-қатынас жырланып,екі елдің толағай табыстары мен жетістіктері әдемі ұйқастарға қосылды. Айтыс барысында, көтерілген әлеуметтік және өңірлік келелі мәселелерде болды. Мысалға, алғашқы жұп айтысты жасаған ақындардың бірі Аспанбек Шұғатаев еліміздің інжу маржаны саналатын Бурабайдың қымбатшылығын сөз етіп:

Алты күнде жаралған жер, көк дейді,
Көкшетауға кеткені ең көп дейді.
Атығай,  Қарауылға қонақ келсе,
Астынан ат, үстінен тон кетпейді.

Көкшетаудың аңызы Бурабай ғой,
Әр қазақ Бурабайды көрмек дейді.
Суы тегін, қалғаны удай қымбат,
Осы жағдай көңілімді тербетбейді.

Қонақ үйі барады миллиондарға,
Бұл қазақтың жарасын емдетпейді.
Казиноға барғандар дем алмаса,
Бұл жерге кедейлерді төрлетпейді.

Марат аға қараңыз осы жақты,
Неге олар, «артымда ел жоқ» дейді.
Кезінде Оқжетпеске оқ жетпеуші еді,
Бұл күнде Бурабайға қол жетпейді, –

деп бір-ақ қайырды. Қырғыздың Манас жырын зерттеп, ғылыми айналымға енгізген ұлы қазақ ғалымы Шоқан Уәлихановқа Қырғыз мемлекеті 2015 жылы ескерткіш салғысы келген. Алайда, ол жүзеге аспай, көп өтпей, елде Ленинге ескерткіш орнатылады. Осы жайында қазақ ақыны Нұрлан Есенқұлов: «Шоқанды шетке ысырып тастайтындай, Ленин емес еді ғой бір туғаның», – деп жырына қосты. Өз кезегінде жауап қайтарған қырғыздық ақын Кубат Тукешов Шоқанға ескерткіш қойылмаса да еңбегі мен есімі қырғыздың жүрегінде сақтаулы екенін дәлелдей түсіп, жол тапты. Екі елдің ақындары жасаған қыз бен жігіттің әзіл айтысы көрерменге айрықша көңіл-күй, рухани серпіліс сыйлады. Екі жұп қыз-жігіт айтысына түскен қазақстандық Мақсат Ақанов пен қырғызстандық Жамайка Токонова және қазақ елінің ақын қызы Жансая Мусина мен Нурсултан Малдыбаевтың айтыстары қыздың қулығы мен еркелігі, өткірлігі жігіттердің батылдығы мен тапқырлығы көрініс тапқан әзіл-қалжыңға толы айтыс болды. Және де кейбір ақындар елімен бірге қазақ өнеріне қолдау көрсетіп, бірнеше сағат тапжылмастан қол соғып отырған Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановқа риза екендерін білдіріп жатты. Осы сияқты іліп алар айтыстың ерекше тұстары көп болды. Әрине, оны бір мақалаға сыйдырып сараптау аздық етер. Жалпы алғанда, Көкше аспанын ән мен жырға бөлеп, көрермен көңілін шалқытып, дүбірлеп өткен осы айтыс ел есінде қалары анық. Түбі түркі, түлігі жылқы бауырлас қазақ пен қырғыздың достығы әлі талай жырларға қосылары сөзсіз. Кештің қорытынды бөлігінде сөз сөйлеген ел ағасы, мемлекетжәне қоғам қайраткері, Ақмола облысы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі Жабал Ерғалиев бүгінгі кештің маңыздылығын, көптің көңілінен шыққаннын айтып өтті.

– Қасиетті Көкшетаудың сексен көлі бүгін толқып, мәңгілік ұйқыдағы Жекебатыры басын көтеріп, Оқжетпесі дүр сілкініп, Зерендісі қайтадан бір толғап, Айыртауының басындағы қырандар қалықтап, Сырымбеттің сұлу саласы қайыра сыр тыңдағандай, көңілдерді, жүректерді толқытқан керемет өнердің бәйгесі болды. Алыстағы Алатаудың арғы бетінен келіп отырған қырғыз бауырларымыз Манастың рухын,  Шыңғыс Айтматовтың әлемдік әдебиеттегі керемет образын алып келдіңіздер. Қомыздың үнімен біздің жүрегімізді тербеттіңіздер. Қомыз бен домбыраның егіз екендігіне, қырғыз бен қазақтың жыры да, әні де, сәні де, айтысы да бірдей екендігіне,  біз бір туған халық екендігімізге мына отырған көпшіліктің көзі тағы да бір жеткендей болды, – деп Жабал Ерғалиұлы барша өнер сүйер қауымды құттықтап, халықпен бірге айтысты соңына дейін тамашалап отырған өңір басшысы Марат Ахметжановқа ризашылығын білдірді.

Халықаралық айтыстың марапаттау рәсімі елімізге қонақ болып келіп, екі елдің достығын нығайтуға атсалысқан Қырғыз елінің үш өкіліне «Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен куәлігінің өнер табысталуымен басталды. Олардың қатарында, Қырғыз елінің айтыскер ақыны Азамат Болгонбаев, дәулескер күйшісі Закирбек Дүйшобек, жыршысы Самат Кочорбаев болды. Сахна төрінде өнер көрсеткен дәстүрлі әншілер Айгүл Қосанова (Қазақстан) мен Эльзар Осконбаева (қырғыз), күйшілер Бекзада Достиярова (Қазақстан) мен Закирбек Дуйшобек (қырғыз), жыршылар Елмұра Жаңаберген (Қазақстан) мен Самат Кочорбаев (қырғыз), термешілер Арафат Ысқақов (Қазақстан) пен Кундуз Таштаналиева (қырғыз) қатарлы көрерменнің ыстық ықыласына бөленген өнерпаздарға ұйымдастыру алқасының дипломдары мен 300 мың теңге сомасындағы ақшалай сертификаты табыс етілді. Қазылар алқасының шешімімен еларалық ақындар айтысына белсене қатысқаны үшін ұйымдастыру алқасының дипломдары және 500 мың теңге сомасындағы ақшалай сертификатымен Мұхамед Қоңқаев (Қазақстан) пен Жамайка Токонова (Қырғыз) марапатталса, үшінші жүлделі орынды екі адам 750 мың теңгеден Жансая Мусина (қазақ) мен Кубат Тукешов (қырғыз) иеленді. Жүлделі екінші орын 1 миллион теңгелік сертификатпен ақындар Аспанбек Шұғатаев (Қазақстан) пен Нурсултан Малдыбаевқа (қырғыз) бұйырса, бірінші орынды 1,5 миллион теңге сертификатымен ақындар Нұрлан Есенқұлов (Қазақстан) пен Азамат Болганбаев (қырғыз) қанжығаларына байлады.  Ал, дүбірлі доданың бас жүлдесін екі елдің қос жүйрігі Мақсат Аханов (Қазақстан) пен Амантай Кутманалиев (қырғыз) 3 миллион теңгеден ұтып алды.

Міне осылай өнердің ұлтқа бөлібейтіндігі, керісінше ел мен елді біріктіріп, ынтымағын арттыратындығының куәсі болдық. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді», – деп дана халқымыз айтқандай саналы ғұмырын халқының өнеріне, мәдениетіне арнаған Көкшенің көк семсері Көкен ақынның есімі ұмытылмай, ел есінде сақталатыны киелі Ақмола, көгілдір Көкше өңірлерінде өткен осы бір дүбірлі еларалық ақындар айтысында бар қырынан дәлелдене түсті.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар