Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театры XXVIII театр маусымын «Емтихан» драмасымен ашты.
Салтанатты шараның басы театр қызметкерлері қызыл кілемнен өтіп, сүйікті көрерменнің қошеметіне бөленумен басталды. Әрімен қарайтеатр сүйер қауымға лық толған зал сахнасында Л.Разумовскаяның авторлығымен жазылған драма Тасқын Мәжитовтың режиссерлігімен қойылды. Барлығы бес актердің шеберлігімен кейіпкерлер өз өмірін суреттеді. Ауру шешесімен жалғыз тұратын, өмірін мектеп пен білімге арнаған ұстаз Майра Бақытқызының рөлін театр актері, Қазақстан Республикасымәдениет саласының үздігі Маржан Бөкешова қарапайым кейіпкер ретінде аша білген. Ал, оқушылардың рөлінде Мақсатты Асланбек Шайсұлтанов, Назымды Әсем Шайсұлтанова, Әділді Намыс Мақсатұлы, Бақытжанды Жалғас Тұйғынбеков қатарлы жас актерлар сомдаған.
Қойылымдағы әр кейіпкердің өз шындығы бар. Бұл қойылым мектеп қабырғасындағы кейбір жасөспірімдердің мәселерін көрсетуді көздеген. Мысалға, сюжет бойы емтиханнан алған төмен бағаларын түзету үшін түрлі айла-тәсілге барған жас жеткіншіктер мен тығырыққа тірелген дәрменсіз ұстаз арасындағы тартыс көрсетіледі. Мұндағы, оқушылардың көздегені бақылау жұмысы сақталған сейфтің кілтін алу, сол арқылы қате кеткен емтихан жауаптарын дұрыстау.
Алайда, өмірін оқу-білімге арнап, ардан аттап көрмеген әділетті ұстаз Майра Бақытқызынан кілтті алу олар үшін ең қиын жұмыс болады. Оныңда ебін тауып, қыйтұрқы қулықпен мұғалімдерін кілтті беруге мәжбүр етеді. Оқушылар болса да, мұндай қадамдарға барғаны шынында тәуекелдің ісі еді. Бұл ретте, көрерменнің көңілі бір сәт өткен өміріне оралған болар. Алдағы арманыңа жетуге бір бестік бағаның да ауадай қажет болатын кездері болады. Бірақ, сол бағаны зерделі зейініңмен, талабыңмен алсаң, ешбір ұстаздың алдына баға сұрап бармайтын едің. Қойылымның алғашқы мәні де осы. Ал, екінші мәні ұстаз еңбегі. Рөлдегі кейіпкер жеке өмірінің қиыншылығы, жалғызбастылығы мен нәзіктігіне қарамай, ғұмырының әр күнін мектеппен байланыстырып, білімді ұрпақ тәрбиелеу, сол жолда әділдік қағидатын берік ұстануды мақсат тұтқан. Бұлда оқушы үшін бойға сіңірер үлгілі іс болмақ.
Сондай-ақ, спектакльдің соңғы бөлігінде кілтті тапқан жасөспірімдердің бей-берекет сандалуы, жын ұрған адамдай сенделуі, елеусіз қалған оқушы Назым мен оларға қателіктеріне қарамай, мейіріммен қараған ұстаз көрінісі кейіпкерлердің ара-жігін ажыратқандай. Оқушы қандай қателік жасаса да, оны дұрыс жолға салу ұстазының міндеті. Ер балаларға ілесіп, бұзақылық жасау қыздың жолы емес еді. Назымның бір шетте елеусіз қалып қоюы осыған саяды. Кілтті алу үшін ұстаздарына құрметсіздік көрсеткен үш ер баланың жынды адамдай сенделуі, бұл жолдың адасушылық екенін көрсеткендей. Жалпы, мағыналы, мазмұнды қойылым көптің көңілінен шығып, сахна шымылдығы зал толы көрерменнің тоқтаусыз қошеметімен жабылды.
Сонымен бірге, салтанатты жиын соңында құттықтау сөз бен марапаттау рәсімі жалғасты. Алғаш болып сахнада облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың атынан құттықтау сөз сөйлеп, гүл шоқтарын табыс етті.
– Жиырма жетінші маусым біз үшін өте жоғары деңгейде болды. 9 премьера, 245 қойылыммен 40 мыңнан астам көрермен қамтылды. Және де бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының ұжымы 30 мыңнан астам шетелдік қонақтарға егеменді еліміздің мәдениетін, салт-дәстүрін паш етті. Биылғы театр маусымы да жоғарғы деңгейде өтеді деген сенім бар. Көптеген тамаша премьералар, қойылымдар болып, өзгеде жобаларға, байқауларға қатысуға тиіспіз, – дей келе, Айгүл Баубекқызы барлық жиналғандарды театр мерекесімен құттықтады.
Өз кезегінде театр директоры Жарас Қалдаровта көрермендерге алғысын білдіріп, жуырда өткен дүбірлі доданың қызықтарымен бөлісті. «Төрткүл дүние көз тіккен Дүниежүзілік көшпенділер ойынында қазақ елі өзінің салт-дәстүрін бар әлемге паш етіп, озық үлгі көрсеткеніне куә болдық. Шаралар өте жоғары деңгейде өтті. Сол тойдың ішінде жүріп, қазақ болып туғанымызға мақтана алдық. Бізге азан шақырып ат қою, бесікке бөлеу, шашу сияқты салт-дәстүрлерімізді көрсету міндет болған еді. Әсіресе, бесікке бөлегендегі шүмек салу әдісіне шетелдік қонақтар таңғалысын жасыра алмады. Олда көшпенділер мәдениетінің қаншалықты жоғары болғанын көрсетуде», – деді ол.
Сондай-ақ, марапаттау барысында Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының әртісі, мәдениет қайраткері Қайрат Мырзаболатов Павлодар қаласында өткен «Ертіс-Баян» республикалық театрлар фестивалінде «Тартюф» спектакліндегі Лояль мырзаның рөлі үшін «Үздік эпизодтық ер адам бейнесі» дипломымен марапатталса, бірқатар театр қызметкерлеріне Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына белсене қатысқаны үшін Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Байқадамқызының атынан Алғыс хаттар табысталды.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.