Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қазақтың көрнекті ақын-жазушысы, айтыскер ақыны және манасшысы, жерлесіміз Баянғали Әлімжанов – 70 жаста - АРҚА АЖАРЫ

Қазақтың көрнекті ақын-жазушысы, айтыскер ақыны және манасшысы, жерлесіміз Баянғали Әлімжанов – 70 жаста

Баянғали Тақанұлы ӘЛІМЖАНОВ – ақын, жазушы, драматург, айтыс ақыны, жыршы, жырау, манасшы, балалар ақыны және балалар жазушысы, әдебиет пен өнер зертеушісі, кинорежиссер, сценарийші, актер, сыншы, сатирик, тележүргізуші, аудармашы, мәдениет қайраткері.

1954 жылы 16 қазанда Ақмола облысы, Біржан сал ауданы, Степняк қаласында туған, қарапайым қазақ отбасында өскен.

Әкесі Тақан Әлімжанұлы – Екінші Дүниежүзілік соғыстың ардагері, үш рет жараланған,  Берлинге дейін барған. Анасы Бәтима Қожасқызы  соғыс кезінде тігінші болып жұмыс істеген. Жеті баланың анасы.

Абай атындағы орта мектепті, Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің қазақ филология факультетін бітірген Баянғали Әлімжанов негізінде қазақ және орыс тілдерінде жазады. Б.Әлімжановтың шығармалары 20 тілге – орыс, ағылшын, испан, француз, араб, қытай, неміс, жапон, түрік, әзірбайжан, түркімен, татар, башқұрт, удмурт, өзбек, мажар, монғол, ұйғыр, қарақалпақ және қырғыз тілдеріне аударылған.

80-нен астам кітабы, 30 томдық шығармалар жинағы жарық көрген. Б.Әлімжановтың көп қырлы шығармашылығы негізінен осы томдарға топтастырылған.  Поэзия – 5 том, драматургия – 4 том, проза – 3 том, айтыс, толғау, арнау, өмірдің әртүрлі жағдайларында тауып айтылған сөздер (деген екен) – 2 том, балаларға арналған тақпақ, өлең, ертегі, әңгіме, пьесалар  – 2 том, адамның  өмір жолы туралы ой-толғаныстар – 1 том, зерттеу, мақала, естелік, туған ел аңыздары, сұхбат, лебіздер, ақпарат, деректер  – 4 том, орыс тілінде жазған прозалық шығармалар – 3 том,  «Манас» пен «Семетей. Сейтек» қазақ тілінде – 2 том, ағылшын, араб тіліне аударылған шығармалары – 2 том, түрік тілінде – 1 том, телесериалдың сценарийі – 1 том.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Қазақстанның «Құрмет», Қырғызстанның  «Достық» ордендерімен марапатталған. «Ерен еңбегі үшін», «Халық алғысы», Халықаралық «Саяқбай манасшы», ТҮРКСОЙ-дың «Низами Ғанжауи», «Мұхтар Әуезов» медальдарының иегері. Біржан сал ауданының құрметті азаматы.

 Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ:

Әйгілі жырдың заман сынағынан аман өтіп, бүгінгі күнге жетуіне қазақ ғалымдары зор үлес қосқан. Осы орайда Шоқан Уәлиханов, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан сияқты біртуар тұлғаларды атап өтуге болады…

Шын мәнінде бұл эпосты құрмет тұтпайтын қазақ кемде кем. Қазақстанда Манас есімді алты мыңнан астам адам бар. Мұның өзі ұлы тұлғаға және тарихи эпосқа деген ерекше құрметтің белгісі. Ұлты қырғыз емес жалғыз манасшы Баянғали Әлімжановтың қазақ екенін айта кеткен жөн.                                                                   

(Астанада Айкөл Манас ескерткіші ашылғанда сөйлеген сөзінен:

 Астана, 19 сәуір, 2024 жыл).

      Қырғызстан Республикасының  Президенті Садыр Жапаров:

Құрметті Баянғали аға! Мен сізді көргеніме өте қуаныштымын. Сіз қазақ бауырлардың арасында жалғыз «Манас» айтады екенсіз. Көріп, қуандық біз. Манас айту әрбір адамға келе бермейді.  Әрбір адам Манасты айта алмайды. Бұл табиғаттың берген  таланты. Мұны жақсы білеміз. Сізге үлкен рахмет! Екі елдің ортасында, манасшылардың ортасында осындай көпір болып, Манас айтып жүргеніңізге терең ризашылық білдіреміз. Мен өзімнің атымнан, Қырғыз елінің атынан сізге «Достық» орденін тапсырамын!

(Астанада Баянғали Әлімжановқа «Достық» орденін тапсырғанда айтқан сөзі. 2 наурыз, 2021 жыл).

  Саған шоң рахмат!

                            (Шыңғыс Айтматов,  қырғыз жазушысы).

Біз Баянғалимен мақтануымыз керек!

                        (Әбіш Кекілбаев, жазушы, мемлекет қайраткері).

Қазақта «Манасқа» ерекше қызмет еткен үш тұлға бар.  Біріншісі – Шоқан Уәлиханов,  екіншісі – Мұхтар Әуезов, үшіншісі – Баянғали Әлімжанов.

                   (Сұлтан Раев, жазушы, Түріксой  Бас хатшысы).

 Баянғали Әлімжановтың түрік тілінде Стамбулдан шыққан «Абылай хан мен батырлар» кітабын күллі түрік баласы оқу керек! Біз алдағы уақытта жазушының басқа да шығармаларын жарыққа шығарып, жаһан жұртына таратуды ойластырып отырмыз!

        (Иавуз Селим Пынарбашы, Түрік жазушысы, баспагер).

 «Алаш пен Манас»

Бүгін әріптестерімізбен бірге белгілі қаламгер, манасшы Баянғали Әлімжановтың «Алаш пен Манас» атты шығармашылық кешіне барып, жыршылық өнердің озық үлгісіне куә болдық.

Бұл – елімізде тұтастай «Манас» жырына арналып ұйымдастырылған алғашқы кеш. Сондықтан, аталған іс-шараны қазақ пен қырғыздың мәдени, әдеби және рухани өміріндегі айтулы оқиға деп қабылдаймыз.

Баянғали Әлімжанов – осы жырдың әр жолына дейін санасына сақтап, жадына тоқыған, оның танылып, таралуына үлкен үлес қосып жүрген бірегей манасшы.

Бүгінгі тағылымы мол кеште ағамыз «Манасты» жырлап қана қоймай, ондағы әр оқиғаның тарихын баяндап, жырды қосымша мәліметтермен тұздықтап отырды.

Мұндай игі бастамалар бауырлас екі халықтың ынтымағын нығайтып, өзара байланыстың жан-жақты дамуына өз септігін тигізері сөзсіз.   Сондықтан, Сенат біртуған елдердің береке-бірлігін көздейтін осындай шараларға қолдау көрсетуге қашанда дайын.

Бүгін баршамызға ерекше көңіл-күй сыйлап, жырсүйер қауымды тамаша әсерге бөлегені үшін Баянғали ағамызға зор алғысымызды білдіреміз және шығармашылығына толайым табыс тілейміз.

                                                                               Мәулен ӘШІМБАЕВ,
  Қазақстан Республикасы  Парламенті  Сенатының Төрағасы

                                                             (22 желтоқсан, 2023 жыл).

 Сегіз қырлы, бір сырлы шалқар дарын

 Қысқаша мәлімет

Ана тілі – қазақ тілі. Орыс және қырғыз тілін еркін меңгерген. Неміс, түрік, өзбек, қарақалпақ, ноғай және татар тілдерінде сөздікпен оқып, сөйлесе алады. Ағылшын тілімен таныс, сөздікпен оқи алады.

Шахматшы, футболшы, боксшы. Шахматтан оқушылар арасындағы республика біріншілігіне қатысқан. (1970ж., Қарағанды.) «Лениншіл жастың» чемпионы. (1978ж.).

Отбасылы. Балалары, немерелері бар. Зайыбы Әлия Бақышқызы, мамандығы медбике. Қыздары Құралай, Ақмарал – білімді мамандар, Ақкенже Әлімжан – киноактриса, әнші. Ұлы Нұрлан Әлімжан – киноактер, әнші, сазгер.

Поэзия

Баянғали Әлімжанов көптеген лирикалық, философиялық өлеңдер мен «Пандемия», «Тәксидегі тағдырлар», «Қиянатқа қарсылық», «Ғарыш қазағы», «Жұмабек батырдың жұлдызы», «Байғозының жебесі», «Олжабай батырдың өркені», «Керей Ер Жәнібектің көңілі мен көк дөнені», «Балуан Шолақ пен Иманжүсіп», «Гүлбанудың биіктігі», «Бекет атаның үйі», «Марал ишанның аманаты», «Өткеннің өнегесі», «Молда мен НКВД»,  «Әпшу мен аупартком», «Жел сыбырлаған шындық», «Қыр астындағы құлын», «Манас пен Мұхтар Әуезов», «Мәліктің мейірімі», «Қыз намысы», «Қорасан қарақшының қолмергені», «Смағұл ішкен у», «Әкімнің әкесі» «Мәшһүр Атаның месі», «Мұстафаның мұңы», «Әбілсейіттің көргенділігі», «Қаһарман мен қыз», «Шал мен сағат», «Жусаным, саған жылаймын», «Көкке атылған көкбөрі»,  «Қазақ қандай дейсің бе?», «Қазақ пен қазанат», «Қазақ көші» сынды елуге тарта поэма, оқиғалы жырлардың авторы.

Ақынның «Тәксидегі тағдырлар» поэмасы «Қазақтың 100 поэмасы» антологиясына, өлеңдері «Жыр маржаны» антологиясына, айтыстары «Қазіргі қазақ айтысы» антологиясына, балаларға арналған өлеңдері «Балалар поэзиясы» антологиясына, әңгімелері «Балалар прозасы» антологиясына және мектеп оқулықтарына енген. Шығармалары республикалық басылымдарда дүркін-дүркін жарияланып, қазақстандық және шетелдік әдебиетшілердің жоғары бағасын алған. Баянғалидың жиырма тілдегі «Жер иісі. Запах земли. The smell of the earth.» атты жыр кітабы бірқатар шетелдердің кітапханаларына таралды. Көптеген ән өлеңдерінің авторы. «Ғажайып күй», «Сен ешқашан өзгерме», «Қазақстан», «Сырлы Көкше», «Өмірлік менің серігім» және басқа да әндері  кеңінен танымал.

Проза

Баянғали Әлімжанов  «Қиқыматтың хикаялары»,  «Қарасай батырдың тұқымының толғауы»,  «Қиқыматтың қиссасы» атты сатиралық повестердің, ауыл өмірі туралы көптеген әңгімелердің авторы. Орыс тілінде жазған  «Сказ столетнего степняка» романы, «Разрешите жить!», «Аблай хан и батыры» повестері әлемнің бірқатар елдеріне таралған.  2019 жылы  роман мен повестері, ертегілері Мәскеудің атақты «Художественная литература» баспасынан жеке кітап болып жарық көрді. Кітаптың алғысөзін жазушы, академик Георгий Пряхин жазған. Осы жылы «Роман-газетада» (№7, Москва.) «Өмір сүруге рұхсат етіңіз!» атты повесі мен «Жүз жылдық толғау» романы жариялаған. Б.Әлімжанов «Судья и судьба» атты даулы романды, «Правда из Вантерио» атты сатиралық романды, «Капля» повесін де орыс тілінде жазған. Кітаптарының электрондық нұсқалары ғаламторда кеңінен таралған. Оқырмандар Амазон, ЛитРес, Руслит, КазНЭБ, «Әдебиет порталы» және басқа да электрондық кітапханалардан қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде  еркін оқи алады. «Сказ столетнего степняка» романы қазақ, орыс (Москва), ағылшын (Лондон), араб (Египет, Каир, Мысыр), түрік тілдерінде жарияланған. Автордың «Жүз жылдық толғау» романы халықтар арасындағы бейбітшілік, достық пен өзара түсіністікті нығайтуға арналғаны үшін Халықаралық дипломмен марапатталды. (Лауреат 8-го Открытого Евразийского литературного фестиваля в Брюсселе. Диплом отличия от Международной ассоциации Генералы мира за мир. 2019г.)

Драматургия

Баянғали Әлімжанов отызға жуық пьесаның, бірқатар шағын сахналық шығармалардың авторы.

Комедиялар – «Құдалық», «Қожанасыр», «Қайран кемпір-шалдар-ай!», «Еркегі бар болғыр», «Қазақы сайлау», «Қаптан шыққан қара қыз», «Суицид алаңынан репортаж», «Нова Лиза», «Балқан байдың айымдары», «Қарыз бен қаспақ», «Әй, әртістер-ай!», «Жексен мен Джексон».

Драмалар – «Жас қазақ», «Ойран», «Біржан салдың шідері», «Бақытсыз болғың келмесе…», «Жар мен жарғы», «Құлеке батыр», «Әлти әулетінің тағдыры», «Ойсыз қадам».

Трагедиялар – «Батыр Баян» (Мағжан Жұмабаев поэмасы), «Дариға қыз», «Смағұл ішкен у».

Балаларға арналған пьесалар – «Жолбарыс пен пони», «Алтын ноқта», «Сырғанақ», «Жалмауызды жеңген бала», «Алпамыс батыр мен алып монстр».

Ол Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасын сахнаға лайықтап жазған. Б.Әлімжановтың пьесалары Қазақтың мемлекеттік Ғабит Мүсірепов атындағы академиялық жастар театрында, Ақмола, Павлодар, Семей, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстық театрларында, Абай (Абай ауданы, ШҚО), Қорғалжын (Ақмола облысы), Ақжайық (БҚО), Аралағаш (СҚО), Дәнеш Рақышев атындағы Жаркент (Алматы облысы) халық театрларында сахналанған. «Құдалық» спектаклі Ақмола облыстық театрында 1998 жылдан бастап, үздіксіз он-он бес жыл бойы үлкен табыспен жүрген (режиссері Мұратбек Оспанов). «Қайран кемпір-шалдар-ай!» Ақмола театрында 2002 жылдан (режиссері М.Оспанов), «Отыз тістен шыққан сөз» деген атпен Семей театрында 2005 жылдан бері жүріп келеді (режиссері Қуат Сыздықов). Бұлардың бәрі де ең кассалы қойылым болды. 2016 жылы Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық жастар театрында «Супер Серкеш» деген атпен «Қаптан шыққан қара қыз» (2016ж.), Қызылорда облыстық театрында «Ойнайықшы бір, ойлайықшы бір» деген атпен «Суицид алаңынан репортаж» (2018ж.) комедиялары қойылып, табыспен жүріп жатыр. Баянғали Әлімжановтың пьесаларын Жанат Хаджиев, Нұрқанат Жақыпбаев, Хұсейін Әмір-Темір, Мұратбек Оспанов, Иманәлі Сапаров, Қуаныш Изенаев, Берікхан Төкенов, Сафуан Шәймерденов сынды белгілі режиссерлермен қатар, Қуат Сыздықов, Сымбат Әлішерова, Махаббат Оразалина, Ерлан Қауланов сияқты жас дарындар сахналаған.

Балалар әдебиеті

Баянғали Әлімжановтың балаларға арналған «400 тәтті тақпақ», «Әліппе-өлең», «Абылай хан мен батырлар», «Мейірімді Асқар» кітаптары қазақ балаларының сүйікті кітабы болып, «Фолиант» баспасынан бірнеше рет басылып шығып, елімізге кеңінен танымал болып отыр. «Шыршадағы шытырман», «Кел, балалар ойнайық!» кітаптары да балалар үшін қызықты дүниелер. Баян атаның тақпақтарын балалар тақылдата, жарыса жатқа оқып жатқанын ғалматордан көруге болады. «Доброжелательный Аскар» «Детская роман-газетада» (№9.Москва)  жарияланды.  Республикалық «Дружные ребята» газеті  «Доброжелательный Аскар» ертегісінің бірінші бөлімін 6 нөмірінде (2016 ж. № 24-29.), екінші бөлімін 4 нөмірінде ( № 46-49, қараша-желтоқсан. 2021ж.), үшінші бөлімін 4 нөмірінде (2022ж.) жариялады. «Мальчик, победивший Джалмауз» кітабы ғаламтор арқылы кеңінен таралуда. Ал, аталарымыздың тарихи аңыздарына негізделген  «Абылай хан мен батырлар» хикаяты қазақ, орыс (Москва) , ағылшын (Лондон) , түрік (Стамбул) , өзбек тілдерінде жарық көрген.

Айтыс

Б.Әлімжанов 1984-2005 жылдар арасында 216 рет айтысқан. Халықаралық, республикалық, облыстық деңгейлерде өткен айтулы тойлардың бәрінде дерлік қазақ-қырғыздың 20 ғасырдың соңы мен 21 ғасырдың басындағы ең үздік ақындарымен бірге өнер көрсетіп, жиырма екі рет бас жүлдеге ие болған, талай дүркін жүлдегер атанған. Қанжығалы Бөгенбай батырдың 300, Шұбыртпалы Ағыбайдың 190 және 200, ақын Сараның 115, Мағжан Жұмабаевтың 100 және  110, Ілияс Омаровтың 80, Көтібар Бәсенұлының 240, Есет Көтібарұлының 190, Тама Есет батырдың 325 жылдығына арналған айтыстардың, Сырым батырдың 250 жылдығына орай Ташкентте өткізілген Қазақстан-Өзбекстан, «Манас» жырының 1000 жылдығына орай Бішкекте өткізілген Қазақстан-Қырғызстан ақындары айтысының, Семей полигонының жабылуына арналған, «Невада-Семей» қозғалысы аясында өткен Халықаралық акция айтысының жеңімпазы. Оның айтыстары республикалық, облыстық теледидар мен радиодан үздіксіз беріліп, шетелге дейін таралды, газет, журналдарда, көптеген айтыс жинақтарында жарияланды. («Қазіргі айтыс», 1-том. Астана.) «Алаш пен Манас. Қырық айтыс» деген атпен жеке кітап болып шықты. (Новосибирск, 2004 ж. 400 бет.). Ғалым, әдебиетшілердің зерттеу объектісіне айналды. Ақынның өмірдің түрлі жағдайларында тауып айтқан өткір сөздері, әзіл өлеңдері «Әзіл шуағы» (Көкшетау, 2004ж.), «Деген екен» (Новосибирск, 2005 ж. 10 000 дана.) кітаптарына топтастырылып, көптеген республикалық, облыстық, аудандық газет, журналдар көшіріп жариялаған. Б.Әлімжановтың айтыстары «Қазіргі қазақ айтысы» атты жинаққа, « Қазақ өнерінің антологиясына» кірген. Алтын қорда сақтаулы. Ғаламторда, Ютубта бар.

Жыршы-жырау

Б.Әлімжанов «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын», «Ер Тәуке», «Арқалық батыр», «Жанақ пен Рүстем төре», «Сүйінбай мен Тезек төре», «Бақтыбай мен Тезек төре», «Әсет пен Кемпірбай», «Өзім туралы» (Қасым Аманжолов) тағы басқа қазақтың ескі жырларын көп жылдардан бері ел ішінде жырлап келеді. Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасын ең алғаш XX ғасырдың жетпісінші жылдарынан бастап жырлаған. Сонымен қатар, өзінің «Байғозының жебесі», «Олжабай батырдың өркені», «Балуан Шолақ пен Иманжүсіп», «Керей ер Жәнібектің көңілі мен көк дөнені», тағы басқа толғау, дастандарын жырлайды. 2001 жылы Қызылорда қаласында өткен республикалық «Ғасырлар үні» атты жыраулар конкурсының үшінші, 2003 жылы екінші жүлдегері. 2011 жылы Өскеменде өткен республикалық конкурстың бірінші жүлдегері.Тарақты Байғозы батырдың 300 жылдық (2005 ж., Қарағанды облысы), Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 150 жылдық (Павлодар, 2008 ж.) тойына арналған жыршы-жыраулар конкурсының Бас жүлдегері.

Баянғали орындаған жыр, дастандар Қазақ радиосы мен телеарналардың Алтын қорына жазылып, сақталуда. Аудио, видео дискілерге шыққан. Ғаламторда бар (Ютуб).

Манасшы

   Баянғали Әлімжанов  Дүниежүзіндегі қырғыздан басқа халықтан шыққан бірегей манасшы.  40 жылға жуық уақыт  «Манас» жырын қазақ даласы мен шетелдерде айтып келеді. Манастың мың жылдығына арналған Халықаралық манасшылар (Қырғызстан, Бішкек 1995 ж.) конкурсына қатысып, арнайы жүлдеге ие болған. Әлем халықтары эпостарының Бірінші дүниежүзілік фестиваліне (Бішкек, 2006 ж), Түркі тілдес елдердің Халықаралық «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» фольклорлық-музыкалық өнер фестиваліне (Қызылорда, 2006 ж), «Эпикалық мұра – Алтай елдерінің байырғы мәдениеті» атты халықаралық ғылыми-мәдени-шығармашылық шараға (Талас, Қырғызстан, 2007 ж.), «Әлем халықтарының эпосы – Жаңғар ұрпақтарының жерінде» атты ІІІ Халықаралық фестивальға (Элиста, Қалмақстан, 2009 ж.), Манасшылардың 1-халықаралық фестиваліне (Телекөпір – Бішкек-Талас-Ош, 2013 ж.), «Ұлы даланың мәңгілік мирасы – Манас» атты қазақ-қырғыз зиялыларының ІІІ форумына (Талдықорған, Кербұлақ, 2019ж.) қатысушы.

2022 жылдың қыркүйек айында Түркияның Бурса қаласында өткен «Манас» эпосының апталығына қатысқан. 2023 жылы тамыз айында Түркияның Ерзұрым қаласында өткен «Паландокен мәдениет жолы» атты Халықаралық фольклор фестиваліне қатысып, қаланың орталық алаңында қалың түрік көрермендерінің алдында «Қобыланды», «Ер Тарғын», «Батыр Баян», «Көкшетау», «Өзім туралы», «Бақтыбай мен Тезек төре», «Теміртас», «Байғозының жебесі» сияқты қазақ жырлары мен «Манасты» айтқан.

Мәдени шараларда, түрлі жиындарда көпшіліктің алдында, теле, радиодан Манас жырынан үзінділерді жиі айтады. Баянғали айтқан Манастың тараулары қазақ радиосының Алтын қорына, аудио, видеодискілерге жазылған. Ғаламторда бар (Ютуб.). Қырғызстанның Композиторлар одағы мен Мәдениет министрлігінің А.Малдыбаев атындағы Халықаралық сыйлығының лауреаты (1995ж.). Оған Халықаралық С.Қаралаев қоры тағайындаған «Саяқбай манасшы» медалі (Бішкек, 2016ж.), Халықаралық Түркі академиясының «Түркі әлемінің манасшысы» атағы берілген (2019ж.).

«Манас» жырының қазіргі заманға сай қазақ тіліндегі жаңа нұсқасын жасаған (2020-2021 ж.). Оның ықшамдап қазақшалаған нұсқасы  2020 жылы кітап болып шықты. Ал, 2021 жылы Б.Әлімжанов эпостың «Семетей», «Сейтек» бөлімдерін қазақшалады. Қырғыз ғалымдарының айтуынша, Б.Әлімжанов «Манас. Семетей. Сейтек» эпос-трилогиясын қырғыз тілінен түгел аударып, бір кітап етіп шығарған әлемдегі бірден-бір ақын.

Кино

Баянғали Әлімжановтың бастамасымен 2006 жылы Астана-Көкшетауда Паң Нұрмағамбет киностудиясы ашылды. Оның идеясын  құлшына қолдаған белгілі кәсіпкер, қоғам қайраткері Марат Нәбиев киностудияның құрылтайшысы және бас демеушісі болды. Содан бері Паң Нұрмағамбет киностудиясында «Ән мен анаша» (2006-2007 ж.), «Аран» (2010 ж.), «Айхан» (2011 ж.), «Асау толқын» (2012 ж.) атты толық метражды төрт көркем фильм, «Ұлы даланың қырандары» сериясымен алты деректі фильм түсіріліп шығарылды. (Т.Кәкішев, А.Нұрқатов, И.Сауэр, Т.Елубаев, Көкше өнерпаздары туралы.). Бұл фильмдердің барлығының да сценарий авторы және қоюшы режиссері – Паң Нұрмағамбет киностудиясының көркемдік жетекшісі Баянғали Әлімжанов. Киносценарийлерді қазақ және орыс тілдерінде жазды және субтитрлерді орыс тіліне өзі аударды.

Б.Әлімжанов «Аран», «Айхан», «Асау толқын» фильмдерінде басты рөлдерде ойнаған.

Сонымен қатар, ол «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген «Жыраулар» (1983 ж. Реж. Ораз Әбішев), «Палуан» (1984 ж., режиссері Георгий Емельянов), «Асылдың сынығы» (1985 жыл, ақын, майдангер Көкен Шәкеев туралы. Режиссері Данияр Айманов) деректі фильмдердің сценарийін жазған.

2021 жылы жазда Баянғали Әлімжанов «Табиғат пен балалар» атты балалар көркем фильмін түсіріп шығарды. («Природа и дети», продолжительность 1 час 31 минута. Ютуб.). Бұл – сценарийсіз, арнайы құрал-жабдықсыз, қаражатсыз, кино түсіруші мамандарсыз екі Айфон телефонымен түсірілген тұңғыш фильм-импровизация болса керек! Табиғат пен балалар туралы фильмге Астана мен Сарыбел (Панфилов ауданы, Алматы обл.) ауылының балалары қатысқан.  Бұл – фильм авторы, режиссері, актері және операторы Баянғали атаның балаларға сыйлығы!

«Аран», «Айхан», «Асау толқын» («Бурная волна») «Табиғат пен балалар» («Природа и дети») фильмдері интернетте бар (Ютуб).

 Мәдениет қайраткері

Б.Әлімжанов өткен ғасырдың 80-жылдары республикалық телеарнадан (қазіргі «Қазақстан») «Халық қазынасы», «Бес ғасыр жырлайды» сияқты хабарларды жүргізіп, қазақтың жыршы-жыраулық өнерін насихаттаған.

Баянғали Әлімжанов бір эпосты бірнеше жыршы, әр жастағы, әр мектептің өкілдері бірлесіп, бір-бірін қайталамай, жалғастыра жырлау идеясының авторы. Осы ретпен «Алпамыс батыр» жырын Астанада, Қызылордада бес жыршы (семейлік Дүйсенғазы Нығметжанов, алматылық Ақан Әбдуәлиев, қызылордалық Майра Сәрсенбаева, ақтөбелік Перуза Нарман, қарағандылық Дидар Қамиев) жүргізуші Баянғали Әлімжановтың басшылығымен түгел айтып шыққан. Осыған ұқсас, Ақтөбеде он шақты жыршы «Қобыланды батыр» жырын жырлаған.

Баянғали Әлімжанов әдебиет, өнер мен мәдениет іс-шараларына белсене араласып, кітапханалармен достық қарым-қатынасын нығайтып, қанатын кең жайған қаламгер. Ол Қазақстан, Ресей, Қырғызстан және басқа да бірқатар шетел кітапханаларымен тығыз шығармашылық байланыста еңбек етуде. Әдебиет пен мәдениет мәселелеріне үн қатып, әсіресе, өмірден өткен тұлғаларды еске алу істерінен қалыс қалмай, телебаяндарға белсене қатысып, елімізге экраннан естеліктер мен есті әңгімелер айтып келеді.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар