15 қазан күні халқымыздың біртуар перзенті Сәкен Сейфуллиннің туғанына 130 жыл толды. Осыған орай, Көкшетау қалалық орталықтандырылған үлгілі кітапханасында «Өткен күндер өрнегі»атты әдеби кеш өтті.
Кешке Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті, С.Сәдуақасов атындағы агротехникалық институтының ақпараттық жүйелер мамандығының студенттері, өзге де оқырман қауым қатысты.
Шарада күрескер ақын-жазушының болмысы, суреткерлік шеберлігі мен шығармаларында көтерілген мәселелер кеңінен талқыланып, кітап көрмесі ұйымдастырылды. Кітапхана қызметкері осы кітап көрмесімен таныстырып, студенттерге әртүрлі сұрақтар қойылды. Агротехникалық институттың оқытушылары Раушан Жүсіпова мен Жадыра Мұхамеджанова қосымша ақпараттарымен бөлісті.
Сәкен Сейфуллин 1894 жылы қазіргі Қарағанды облысы Шет ауданында дүниеге келген. Қазақтың атақты ақыны, жалынды драматургы, білікті ұстаз, мемлекет қайраткері, қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі. Жаңа дәуірді ерекше жырлаған жаңашыл ақын. Қазақ әдебиетіне бұрын болмаған образдар мен теңеулер, сөз оралымдарын әкелген шығармашылығымен жаңа бағыттағы әдеби дәстүрдің негізін салушы болды. «Ауыл байғұс, мінеки», «Келіншек ойы», «Ақсақ киік», «Сыр сандық», тағы басқа тамаша жырлары мен «Аққудың айырылуы» атты символикалық көркем поэмасы – сол кезеңнің шынайы көркем туындылары. Халықтың азаттық жолындағы күресінің шытырман оқиғалары оны жаңа дәуірдің жалынды жыршысы етіп тәрбиелейді. Ол шығармаларына сол өзі қатысқан халықтық күрес пен ерлік жорықтың шындығын арқау етті. Тегеуірінді ақын қазақ өміріндегі, халық тұрмысындағы маңызды әлеуметтік тақырыптарды көтеріп, оған көркемдік, эстетикалық сипат берді.
Қазақ халқы «Үш бәйтерек» деп атап кеткен Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин қазақ әдебиетіне айтулы ақын, қарымды қаламгер, дарынды драматургтар ретінде үлкен үлес қосты. Олардың қаламынан Қазақстанның дархан даласы, өндіріс орындары мен еңбек адамдарының іс-әрекеттері, өмірге дегенқұштарлықтары, болашаққа үміт-сенімдері кеңінен көрініс тапты. «Үш бәйтерек» ұлттық сөз өнерін азаматтық бейне, беделімен де, қайраткер қаламгерлігімен де биік белеске көтерді. Ұлт руханиятын даңқты туындыларымен, тақырып байлығымен, жанрлық қырларымен, көркемдік әлемімен байытты. Өкінішке орай, үшеуі де нағыз толысып, кемелденген шағында сталиндік қуғын-сүргіннің құрбанына айналып, жазықсыздан-жазықсыз атылып кетті.
Сәкеннің революция жылдарындағы күрескерлік рухы өзі жазған «Тар жол, тайғақ кешу» ғұмырнамалық романында кеңінен көрініс тапқан. Осындай ақсұңқар ақынды нақақтан-нақақ өлімге қиған сыңаржақ саясат туралы не айтуға болады?! Осы бір әдеби кешке қатысқан қонақтарымыз да залдан Сәкен атамыздың өнегелі ғұмырының осындай орны толмас өкінішпен аяқталғанына жандары налып, аяулы есімінің туған халқы барында ешқашан өшпейтініне берік сенімдерін көкейлеріне түйіп шықты.
Элмира ЫҚЫЛАСОВА,
Көкшетауқалалық орталықтандырылған үлгілі кітапханасының қызметкері.