Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың тапсырмасы бойынша көлеңкелі экономикамен күресуге және салық заңнамасының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған 2022-2027 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары жүзеге асырылуда. Осыған орай, облыста мемлекеттік бюджетке түсетін түсімдердің өсу резервтерін анықтау үшін құрылған комиссия белсенді жұмыс істеуде.
Комиссия жұмысына ашықтық пен заңдылықты қамтамасыз ету үшін бақылау-қадағалау және құқық қорғау органдарының өкілдері тартылған. Ағымдағы жылдың 9 айында комиссияның жіті жұмысының арқасында облыс бойынша көлеңкеден 6,2 миллиард теңге салық және бюджетке түсетін өзге де түсімдер, оның ішінде қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу қоры бойынша 3,1 миллиард теңге шығарылды.
Комиссия жұмысының оң нәтижелері өңір үшін маңызды. Бюджетке қосымша қаражат тарту халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға ғана емес, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға да ықпал етеді.
2024 жылғы 11 қазанда Бурабай ауданында комиссия отырысы өтіп, онда бизнес өкілдерімен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Отырыста қолданыстағы салық заңнамасының нормаларын қатаң сақтау қажеттілігіне ерекше назар аударылды. Кездесуге қатысушыларға кірістерді заңдастырудың және қаржылық қызмет туралы сенімді ақпарат берудің маңыздылығы еске салынды.
Қол жеткен жетістіктерге қарамастан, комиссияның алдында әлі де көп жұмыс тұр. Көлеңкелі экономикаға қарсы күрес облыстың барлық аудандары мен қалаларында белсенді түрде жалғасатын болады. Бюджетке түсетін түсімдерді ұлғайту және өңірдің тұрақты экономикалық дамуын қамтамасыз ету маңызды міндет болып қала береді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.